«Кітап ғылыми ізденіске айналса…»

Өткен сейсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінің баспасөз орталығында  Батыс Қазақстан облысының баспасөз тарихын қамтитын «Хабар-Известия» 1918.

«Қазақ дұрыстығы — Киргизская правда» 1919» атты кітаптың тұсаукесері болды. Тұсаукесерге Қазақстанның баспасөз тарихын зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты  Қылышбай Сүндетұлы Атырау қаласынан арнайы келіп, қатысты. Сондай-ақ дөңгелек үстелде М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ж. Исмурзин, өлкетанушы, тарих магистрі А. Құрымбаев, өлкетанушы, аудармашы, Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы М. Жахатов сынды өлке тарихына жанашыр азаматтар бас қосып, ой бөлісті.

— Біз 2011 жылдан бастап облыс баспасөзінің тарихын зерттеумен айналыстық. «Қазақстан» газетін кітап етіп шығарып, Астана қаласында ғалымдардың қатысуымен тұсаукесерін жасаған едік. 2013 жылы жазда Мәскеуге барып, мұрағатты қопарып қарасақ, «Ұран» газетінің ізімен «Хабар-Известия» газеті шыққанына көз жеткіздік. Бүгінгі газетіміздің бастауында тұрған «Ұран» газеті туралы ізденіп, тауып, жинақ етіп шығардық. Бүгін, міне, «Ұран» газетінің жалғасы, соңғы бес жылда атқарған жұмыстарымыздың сүбелісі – «Хабар-Известия. 1918. «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» 1919» атты кітапты жарыққа шығарып отырмыз. «Тарихтың қойнауында қалған, сарғайған бұл газеттерді біз неге іздедік, бұл газеттер не үшін, кімге керек?» десек, отаршылық замандағы саяси қысастықтың орнын толтыру, баспасөз тарихымызды зерттеу арқылы өңірдің сол замандағы тыныс-тіршілігіне зер салу бізге міндет болды. 1937 жылдары облыстық басылымның бес редакторы ату жазасына кесілгені белгілі. Елдің болашағы үшін елдік мәселені көтерген, халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендеген азаматтарды кейінгі ұрпаққа танытуды мақсат еттік, — деді басқосуда «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Набиоллаұлы Сафуллин (суретте).

«Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» газеттері 1918-1919 жылдары Бөкей ордасы ауданы, яғни сол кездегі Хан ордасы ауылында жарыққа шыққан. Кітап 680 беттен тұрады. Ресейдің Мәскеу мемлекеттік мұрағатында сақталған «Хабар-Известия» газетінің 26 саны, «Қазақ дұрыстығы — Киргизская правда» газетінің 19 саны қазақ-орыс тілінде толық берілген. Кітап қазақ баспасөзі тарихын зерттеушілерге, жалпы оқырманға арналып шығарылған.

Атыраулық ғалым Қылышбай Сүндетұлы мен «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы БҚО баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Қабжанов кітаптың тұсауын кесті.

— Маған Орал қаласы білім, тарих, өнердің ордасы сияқты, — деді құттықтау сөзінде Қылышбай Сүндетұлы (суретте). — Бүгінгі күн мен үшін ерекше, өлке баспасөзін зерттеуді жүйелі түрде қолға алған «Жайық Пресс» ұжымына ризалығым шексіз. Менің де баспасөз тарихына бет бұрғаныма 30 жыл болды. 2006 жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар зерттелмей жатқан батыс өлкесі баспасөз тарихын зертте деп ғылыми жұмысыма жетекші болған еді. 2006-2007 жылдары Орал қаласындағы мұрағатта жұмыс жасап, 2008 жылы М. Өтемісов атындағы БҚМУ қабырғасындағы ғылыми кеңесте «Қазақстанның батыс өлкесіндегі баспасөздің дамуы. 1917-1940 жыл» атты кандидаттық диссертацияны сәтті қорғадым. Енді осы жұмыстың басы-қасында жүрген жігіттер аудандық газеттер шежіресін жасаса деген тілегім бар. 1927 жылы 24-27 қаңта-ры күндері Орал қаласында Орал губерниялық «Қызыл ту» және «Красный Урал» газеттері тілшілерінің үлкен сиезі болды. Сол сиез материалы Қазақ ұлттық кітапханасының сирек қорында сақтаулы. Сол жерде 1938 жылы репрессияға ұшырап, атылып кеткен редактор Рақым Сүгіровтің сол жылдардағы газеттің бағытын көрсеткен үлкен баяндамасы бар. Бұл облыс баспасөзі үшін үлкен мағлұмат болар еді.

Қылышбай Сүндетұлы – баспасөз тарихына байланысты жазылған 344 мақаланың, 9 кітаптың авторы. Оның кейбірі еліміздің жоғары оқу орындарының оқулығына айналған. Тарихшы Жантас Набиоллаұлына «Қаһарлы жылдар шежіресі, 1941-1945 жылдар» кітабын табыс етті.

 Бұдан кейін кітапты баспаға дайындап, араб тілінен аударған Қазбек Қабжанов пен Мұратбек Жахатов, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы Жәнібек Исмурзин сөз сөйлеп, кітаптың қалай дүниеге келгені жалпы ұлтқа берер сабағы туралы әңгімеледі.

Тұсаукесерге қатысушылар кітаптың өлке тарихына қосылған сүбелі еңбек екенін айтса, өлкетанушы Айболат Құрымбаев (суретте): «Кітап өткен ғасырдағы жергілікті халықтың тыныс-тіршілігінен мол мағлұмат беретін құжат» деді.

— Адам, жер-су аттары, тарихи оқиғалар, жалпы сол заманның тыныс-тіршілігі кітаптан айқын көрініп тұр. Кітап беттерін па-рақтап отырып, Бөкей ордада «Жігер» атты жастар бірлестігі құрылып, жұмыс істегенін, театр қойылымдары туралы оқып, біл-дік. Кітаптан мен өз нағашы жұртымды таптым. Яғни нағашы атам мен нағашы әжемнің аталары табылды. Сабыржан Шәкежанов деген атам 1-дүниежүзілік соғысқа қатысқан соғыс ардагері болыпты. Кейін хан ордасында жандармерияда жұмыс жасапты. Сейтекпен байланысты бір оқиға үшін жұмыстан шығарылыпты. Бірақ әскери қызметте болғаны себепті аман қалған. Сол кезде өңірде құрылған «Кедейлер» комитетінің құрамында болған Бисалиев Мұстафа деген нағашы атамды да осы кітаптан таптым. Кеше тума-туысқа хабарлап, әулетімізбен шексіз қуанышқа бөленіп жатырмыз, — деді Айболат Құрымбаев.

Жиында Жантас Набиоллаұлы осы кезге дейін «Орал өңірі» газетінің шыққан күні 17 қараша деп тойланып келгенін, бірақ газеттің бастауында тұрған «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия» газеттерінің 1917 жылы 28 шілдеден бастап жарыққа шыққанына орай «Орал өңірі» газетінің туған күнін 28 шілде деп белгілеу туралы ұсыныс айтты. Жиналған ғалымдар бұл ұсынысты қолдады.

— Біз кітап шығарумен ғана шектеліп қалмай, одан әрі кең көлемде жұмыстануды жоспарлап отырмыз. Студенттер, магистранттар мен жас ғалымдар біз зерттеп шығарған газеттердің тарихын одан әрі зерттеймін десе, құба-құп. Газеттерді ғылыми тақырып етіп алып зерттесе, оларға қаржылай көмек беруге дайынбыз. Мұрағаттарда отыру, іссапарларға шығу неме-се олардың еңбегін бағалап стипендия төлеуді қолға алғалы отырмын. Еңбегіміз кітап күйінде қалып қоймай, ғылыми ізденіске айналса деймін. Сондықтан бұл тұрғыда ғалымдар тарапынан болған ұсыныстарды қолдауға әзірмін, — деді Жантас Набиоллаұлы.

Тұсаукесер соңында Атырау мемлекеттік университеті жанындағы Қылышбай Сүндетұлы жетекшілік ететін З. Қабдолов атындағы ғылыми зерттеу орталығымен меморандумға қол қойылды. Екі орталық болашақта кітап алмасып, тығыз-қарым қатынаста бірлесіп жұмыс істеуге келісті.

Жантас Сафуллин «Қазақстан», «Ұран» газеттерінің электронды нұсқасын Ж. Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасына тарту етті.

Scroll to Top