Қаңтардың 27-сі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның ақпараттық қолдауымен және облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жарияланған «Азиада-2011 бізге несімен маңызды?» атты эссе байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Марапаттау салтанатында сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин бұл байқаудың маңызына жан-жақты тоқтала келе, 15 қатысушы өз бақтарын сынағандығын, байқаудың әділ өтіп, қос жеңімпаздың әрқайсысына сайт арқылы 300-дей дауыс берілгендігін тілге тиек етті.Салтанатты рәсім соңында жеңімпаз атанған жаңақалалық мектеп оқушысы Әйгерім Өтешқалиева мен оралдық жас Дархан Қадырәлиевке Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысу жолдамалары тапсырылды.
Қазақстан үшін беделі биік байрақты бәсекені көзбен көру мүмкіндігін сыйлаған Орал қалалық «www. Infoportal. kz» сайтына, маған дауыс берген құрбыларыма , басқа да барлық қолдап-демеушілерге зор алғысымды айтамын. Мен байқауға жолдаған эссемде Азиаданың еліміз үшін маңызын барынша ашуға тырыстым. Өзім де спортпен шұғылданғанды ұнатамын. Волейбол, баскетбол, футбол ойнаймын. Азиадада қазақстандықтар соның ішінде біздің облыс спортшыларытолағай табыстарғажетеді деп сенемін. Алға, Қазақстан!
Әйгерім Өтешқалиева
Байқау жеңімпазы, Жаңақала ауданы
“Орал өңірі” газеті