Ғаламтор айдынына Оралдың дербес жаңа сайты қосылды. www.infoportal.kz порталы – бизнес-қауымдастық пен жалпы қоғамның, студенттердің, аға ұрпақ өкілдерінің, бір сөзбен айтқанда, әр түрлі топтардың мүдделері мен сұраныстарын біріктіріп отыратын сан алуан аудиторияға арналған ақпарат алаңы.
Қыркуйектің 7 жұлдызында осы сайттың ашылу салтанаты өтті. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашев, «Нұр Отан» ХДП-ның БҚО филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, «Альбина» сұлулық академиясының директоры Айман Сатқанова қатысты.
- Жаңа инфопортал сайтының дүниеге келуі – облыс өмірі үшін маңызды оқиға. Бұл порталдан қалың көпшілік өзі іздеген ақпаратты, шынайы ақпаратты таба алады. Ал ақпарат – қоғамның әр мүшесінің алға басып дамуына, түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауына, іздегенін табуына көмектесетін таптырмас құрал. Қазір ақпаратмыз өмір сүру өте қиын. Ақпарат әрбір адамға ауадай қажет нәрсе екенін ешкім жоққа шығармайды. Қала, облыс өңіріндегі аса маңызды оқиғаларды қамтитын, бизнес-анықтамаларды, тауар мен қызметтерді, жеке және коммерциялық жарнамаларды, әуе және темір жол көліктерінің кестесін, Оралда өтетін мәдени шаралар хабарландыруларын және басқа көптеген құнды ақпараттарды топтастырған облыстағы бірден-бір порталдың халық игілігі үшін қызмет өтетіні сөзсіз. Сондықтан мұндай порталдың дүниеге келуін біз қуана құптаймыз және қолдаймыз. Өйткені бұған дейін бос болған ақпарат кеңістігі әр адам үшін маңызды, қажетті мәліметтермен толықты деп есептеймін. Қызметін пайдаланушылар қатары артып, портал иелері халықтың алғысына бөлене берсін! – деді Тілекқабыл Имашев тұсаукесер рәсімінде.
Бұдан соң www.infoportal.kz сайтының жоба авторы Жантас Сафуллин жиналғандар алдында бұл қызметтің мүмкіншілігі жөнінде әңгімеледі. Сайтқа хабарландырулар суретімен қабылданады. Жарнама-хабарландыруларды қаладағы дүнгіршектер арқылы да жолдауға болады екен. Бұл ғаламторға үнемі кіруге мүмкіндігі жоқ адамдар үшін тиімді. Сондай-ақ сайтта «Үміткер Еуразия бойжеткені – 2010», «Халық жанашыры», «Мен жазды қалай өткіздім», «Мен – кереметпін!» сынды сан алуан байқаулар ұйымдастырылады. Заңгер, туроператор, банк маманының қажетті кеңесін де осыдан табасыз. Халықтың сан алуан сұранысын өтеуге бағытталған сайт тұрғындар игілігіне айналары сөзсіз.
Мендолла НҰРЫМҰЛЫ