Бөкей мен Жәңгір хан билеген Ішкі орданың астанасы – Жасқұстағы Хан ставкасы, бүгінгі Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылы Ақжайық өңірінде өткен дүбірлі тойдың орталығы болды. Ал дәл осы той қарсаңында «Жайық Пресс» ЖШС мен «DANA.kaz» журналы мерекенің құрметіне автошеру ұйымдастыру туралы бастама көтерген еді.
Автошерудің мақсаты – Қазақ хандығының 550 жылдық тойын нағыз халықтық мерекеге айналдыру, өңірдегі белсенді азаматтардың басын қосып, Жайық пен Еділдің арасында көк туымызды желбіретіп, байтақ даланы дүбірлетіп салтанатпен жүріп өту, ел тойына үлес қосу. Бұл ұсынысты Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы және жекелеген азаматтар қызу қолдады.
Бір қызығы, Орал мен Хан ордасының арасы шамамен 550 шақырым екен. Сөйтіп, Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне Орал қаласынан шамамен 550 шақырым жерде орналасқан Хан ордасына автошеру жасау жобасы, мақсат-шарттары, жүретін жолы ұйымдастырушылар тарапынан мұқият ойластырылған соң әлеуметтік желілер арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Автошеруге қатысушылардан сапар шығынын өзі көтеруі және көліктің жол талғамайтын биік болуы талап етілді.
Көліктің мұндай түрі, бір жағынан, керуеннің салтанатын асырса, екінші жағынан, сапардың басым бөлігі жолсызбен, құмды өлкемен өтетіндігі ескерілді. Нәтижесінде аталған талапқа жауап беретін 9 автокөлікпен 30-дан астам адам сапарға шықты. Автошеру қатысушыларын тарихшылар, өлкетанушылар, журналистер, блогерлер, кәсіпкерлер сияқты түрлі әлеуметтік топ пен кәсіп иелері құрады. Олардың алды – 90-ды алқымдаған өлкетанушы Жайсаң Ақбай ақсақал болса, ең кішісі – 9 жасар Нұрсұлтан.
Автошеру жүріп өткен жолындағы кездесулер мен отырыстар терме-күй төккен Фархад Оразов сынды талантты жандардың арқасында тіпті құлпырды. Автошеру құрамындағы тілшілер мен блогерлер жолшыбай сапар жайлы сайттарға, әлеуметтік желілерге шұғыл ақпарат жіберіп отырды. Сол арқылы Қазақ хандығының тойын батысқазақстандықтар қалай атап өтіп жатқанын айдай әлемге паш етті. Автошеруші азаматтар үш күн бойы қолдарынан көк Туымызды тастамады. Полиция қызметкерлері Оралдың ішінен бастап үш күн бойы керуенді бастап жүрді. Сол барлық ұлтжанды азаматтарға алғыс айтамыз.
Мемлекетшіл азаматтардың бір жерде бас қосып, жүздесуіне мүмкіндік сыйлаған автошеруде бұрын бірін бірі біліңкіремеген жандарды 3 күн бірге жүргізіп, ортақ іске бір кісідей жұмылдырған тек қана Отанға деген құрмет. Рух көтерер сөздері мен әндерін дыбыс ұлғайтқышпен әуелете төккен автошеру өткен кезде үйлерінен жүгіріп шығып, көлікпен қабаттаса жүгірген балдырғандардың жанарындағы қуанышты көрдік. Сол кішкене жүректерге от беріп, олардан келешекте мықты елсүйер азаматтар шығып жатса, бұл шерудің сапарға текке шықпағаны.
Автошеруге қол бұлғаған халық арасындағы қариялардан – байсалдылықты, елдің бүгінгі күйіне шүкіршілікті, жастардан сенімді көрдік. Желбіреген көк Туды көргендегі күлімсіреген қуанышты қазақтың жүзінен аттандамай-ақ елді іштей шексіз сүйетін елшілдігін сезіндік. Уайымсыз тыныш елді көріп, тәубе дедік. Рух көтерілді. Иә, шынымен де бұл той – қазақ рухының тойы.