Бүгін, заманының озық ойлы ақыны, философ, ағартушы, сөзі мен ісі қабысқан ғұлама Ғұмар Қараштың туған немересі Қарашева Надежда Бұрханқызының туған күні. Тегіне тартқан текті, асылдың сынығы, тіл саласының маманы, ғалым, Мәскеу қаласында тұратын апамыз 85 жасқа толды.
Ол 1930 жылы Орал қаласында дүниеге келген. 1948 жылы Алматыда орыс орта мектебін алтын медальмен, 1953 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі филология факультетінің шығыс бөлімін қызыл дипломмен тәмәмдаған. 1953-1962 жылдараралығында Қазақ ССР Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институтында қызмет еткен және осында «20 ғасырдың басындағы қазақ көркемсөзіндегі грамматикалық тіл ерекшеліктері («Айқап» журналындағы материалдар бойынша)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1963 жылдан бүгінге дейін Мәскеу қаласында тұрады. Өткен жылға дейін Ресей Білім Академиясының филологиялық орталығында ғылыми хатшы болып қызмет істеген. Тіл мәселелері, тілді оқыту әдістемелері тақырыптарында жарияланған 120-дан аса еңбектің авторы. Екі қызы, бір жиені бар.
Сексеннен асқан шағында атасының алдындағы парызын өтеу және насихаттау мақсатында «Ғұмар Қарашев» атауымен арнайы орыс тілінде кітапша шығарған. Ғұмар Қараштың ата-тек шежіресін толыққанды, жүйелі етіп жасап, ағайын-тумаларына таратқан. Қолына тиген атасы туралы түрлі зерттеушлердің материалдарын көзінің қарашығындай сақтап, бізге жеткізуші. Тіпті Мұхтар Әуезовтың соңғы хаты да осы Надежда апамызға жазылған.
Надежда Бұрханқызына деніне саулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!


