Фольклор- халық қазынасы

Осыдан 90 жыл бұрын Орынборда қазақ ғалымдарының тұңғыш съезі өтіп, қазақ фольклорын жинауға қаулы шығарылған болатын. Атаулы күнге орай «Жайық Пресс» ЖШС-нің мәжіліс залында «Фольклор-халық қазынасы» тақырыбында өңірдегі зиялы қауым өкілдері бас қосқан дөңгелек үстел отырысы оздырылған болатын.

    Алаш қайраткерлері 1924 жылдың маусым айының 13-нен 18-не дейін созылған бұл жиында жылдың қазақ ғалымдарының тұңғыш съезінде халық мұрасын жинауға қатысты мәселелерді, қазақ фольклорын жинау, зерттеу туралы қаулы қабылдады.

   Қаулы қабылдаған соң, фольклорлық шығармаларға үлкен мән-маңыз берілді. Халық мұрасы ашылған жоғары оқу орындарына әдебиет тарихынан оқулық жазу үшін және жиналған материалдарды, халық әдебиеті үлгiлеpiн жинау мақсатында жазылып жатқан сан түрлі мақалалардың бетін жаңа арнаға, ғылыми негізге қарай бағыттады.

   Ұлтжанды қайраткер ұлдарымыздың қатысуымен 90 жыл бұрын қабылданған бұл қаулының бүгінгі таңда беріп отырған жемісі ұшан-теңіз.

   Дөңгелек үстелге педагогикалық ғылымдары академиясының академигі Абат Қыдыршаев, өңірге белгілі күйші, өнертанушы Нұржан Сертеков, қара өлең жинаушы Едіге Нәбиев, филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов, «Ағартушы» лингвистикалық орталығының директоры Болат Жексенғалиев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әбіл Жоламанов, облысымызда республикалық деңгейде шығатын «Дана» тарихи-танымдық журналының бас редакторы Қазбек Қабжанов, қара өлең зерттеуші Тихон Әлыпқалиев, өнертану ғылымының кандидаты, доцент Ерғалиева Айгүл Темірболатқызы, ақын, азаматтық белсенді блогер Нұрлан Сәдір және «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин қатысты.    Жиында өңірімізде қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқан қоғамдық бірлестіктер мен білім ордаларының фольклорды жинау, зерттеу бағытындағы жұмыстарының қалай жүзеге асып жатқанын саралап бағалау сөз болып, бүгінгі ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастыру, жастарды ата-баба тарихын терең білуге баулу. Туған өлке тарихын зерделеуге кешенді тұрғыда кең көлемде ден қою мәселесі көтерілді.

Бүгінгі зиялы қауымның басын қосып, отырғанымыз, біз өзіміз көп нәрсені биліктен және тағы біреуден көріп жатамыз, зиялы қауым болып бас біріктіріп, күш болып, жұмылып жатырмыз ба? Айтып жеткізіп жатырмыз ба? Әр жерде осындай жерде ғана жиындарда сөз сөйлеумен шектеліп жатырмыз ба? Сондықтан зиялы қауым бас біріктіріп, қағазға түсіріп, ұсыныстар ретінде, нақты-нақты қылып беріп отырсақ, Құқықтық мемлекет дегеннен кейін, сондай қарым қатынасты қалыптастыру керек деп ойлаймын. Бүгінгі жиынның артықшылығы соңынан бір істер жалғасса деген ой бар. Халықты ұлт ретінде жойса, оның жерін басып алып қалу деген оп-оңай нәрсе. Сондықтанда жерді алу үшін, халқын жою үшін, фольклорына тиісті. Содан шыныменде қазіргі ұрпақ, туған жеріне деген сүйіспеншілігі жойылып кеткені рас! Қалпына келтіру үшін қайтадан адамның бүкіл санасын өзгерту керек. Алаш қайраткерлері Халық мұрасын орыс тіліне аударып, Одақ халқына паш етуді басты мақсат тұтса, қазір төрткүл дүниемен тереземіз тең кезде халық мұрасын әлем халқына таныстыруға не кедергі?! Қылышынан қан тамған кеңес дәуірі кезеңінде, ұлтшылдық, діни көзқарасы бар деп танылып фольклорлық аңыз әңгімелердің жартысынан көбі зерттеуге, жариялануға тиым салынды. Дегенменде, соның өзінде егемендік алғаннан бері халық мұрасын жинау, зерттеу жұмыстары кеңес дәуірінде атқарылған істерден әлде қайда төмен. Мүлде салыстыруға келмейді екен. Бұған не кедергі?!»,-деп мерейлі күнге байланысты қазақ фольклорына қатысы бар деген өңіріміздегі зиялы қауымның басын қосып, атқарылып жатырған жұмыстарды саралап, кездесіп қалатын қиындықтар, түйткілді мәселелер болса, ортаға салып, ой өрбіту мақсатында жинап отырғанын «Жайық Пресс» мекемесінің басшысы Жантас Набиоллаұлы айтты.

Қара өлең зерттеуші Тихон Әліпқалиев жалпы халық арасындағы қара өлеңдерді, басқа да материалдарды жазып жинақтау, бастыруға, газетке шығаруға, қазіргі заманда қаржы жоқ деп айту өрескел қателік деп ойлайтынын айтты. Қырымның қырық батырын соғыс жылдары жаздырғанын, Нұрым жырауға азын-шоғын ганарарында бергенін былайша сөз етті:  
 -Мысалы қырымның қырық батырын соғыс жылдары жаздырған екен. Нұрым жырауға керек жарағын бәрін тауып беріп, азын-шоғын ганарарында берген. Қазақ совет энцеклопедиясы содан соң, қазақ ұлттық энцеклопедиясы шықты. Бұлардың ішіндегі біраз нәрсенің сапасы төмен. Көп деректерді шатыстырған. Енді өзімізге өзіміз қолымыз жетті. Жер көкке сыймай мақтанамыз, сондай мәселеге жол бермеуіміз керек қой, – деді қара өлең зерттеуші Тихон Әліпқалиев.

«Мысалы, Абат Сатыбайұлы бастаған экспедицияға бізде бірге екі ауданға шықтық. Күй өнері жөнінде өз басым жазып алуға тұрарлықтай күйшіні көре алған жоқпын. Дегенменде, Құрманғазы Динадай асыл күйшілердің тұяғы болып, бізге жеткен Ермек Қазиев, Өтеген Жұмашев, Едіге Набиев ағаларымыз фольклорды біздерге жеткізген өнер арбакештері. Мысалы, Қанаш Иманбаев мал бағып жүріп жинап, Махамбеттің күйін бізге жеткізді. Егерде ол кісі жеткізбесе Махамбеттің күйшілік жағын білмес едік. Жеткізген адамның еңбегі еленбеуде. Еш жерде аталмайды. Тағы бір мәселе, Дәулеткерей күйшінің туған жылы/1818,20/ әр жерде әртүрлі айтылады. Біз өзіміз құлпытасқа барып көрдік, Араб тілін білетін адам емеспіз, бірақ,1814-жылы деп жазылған екен. Осыны негізге алсақ, биыл Батыс күйшілігінің негізін қалаушы Дәулеткерей күйшіге 200 жыл толады. Бірақта бұл еш жерде айтылмайды, ешкім құнттап қолға алып жатырған да жоқ»,-дейді өнертану ғылымының кандидаты, доцент Ерғалиева Айгүл Темірболатқызы.

«Біз өз күйімізге өзіміз киянат жасап жатырмыз! Қазіргі күйдің барлығы жоғарғы темппен ойналады. 10 минуттық күйлер 3 минутқа сыйғызып жіберіп жатырмыз. Бізде зерттелмей жатқан нәрсе әлі көп. Біз білмейтін Құрманғазының күйі деп тартып жүрген күйлер бар. Бірақ олар адамдар күйдің шығу тарихы түгіл, Құрманғазының қай жылы өмір сүргенінде білмейді. Беріңкіректе өмір сүрген Мәменнің өзі қазір қырғын айқай болып жатыр. Атақты Соқыр Ешжанның туған келіні 2005 жылы қайтыс болды.  Соның барлығын жүйелі түрде зерттесе, қалыпқа келмейтін ешнәрсе жоқ қой. Скрипкадан алынды деп жүрген кобызды, Саида Нұғыманова  Скрипкадан бұрын қобыз шыққанын дәлелдеді. Ұсыныс ретінде, аудандарға экспедиция ұйымдастырылып 20 күннен соң отчет қабылдап отыратын мықты адам болса деймін!»,-дейді өңірге белгілі күйші, өнертанушы Нұржан Сертеков.

«Махамбеттің әуелден белгілі үш күйі болды. Біздің Тайпақтық күйшіміз Қамаш Иманбаев 3-4 күйін жеткізді. Ал, қазір оннан асырып жіберді «Махамбеттің күйі» деп. Олары беріңкіректе өздері шығарып, өтірік қосып жіберген күйлер. Біздер кезіндегі шалдардан естігенімізше үйрендік. Нота деген болған жоқ. Фольклордың жиналуы, халықтың ауыз әдебиетті күндеп жырлауы, жадына сақтау қабілетіне байланысты сияқты. Енді өзім тек күй жағын емес, әнді де, қара өлеңдіде жинадым. Менің фольклорды жинауыма себеп болған  әкем еді. Ол кісі Исатай, Махамбет, Шернияз өсиет өлеңдерді жырлайтын еді. Ол кезде жас болдық, бала болдық, соңынан ес тоқтап қара өлеңдерді жинап айналыстым. Үлкен кісілердің айтқан қара өлеңдерін жинап, Нұртас іншегіміз екеуміз 1-2 мақала шығардық. Содан кейін Нұртас інім осындай іспен жақсы айналысып, Суретқалидің әні дегенді басып шығардық. ХIХ ғасырда қазақтың күй өнері ең биік шыңға өрледі. Соңғы уақыттағы күйлер буланып кетті. Өйткені қазіргі жастардың бағыты бөлек. Заманға байланысты. Халқын ойлап, қиналмағасын көкірегіне ештеңе келмейді»,-деді қара өлең жинаушы Едіге Нәбиев.

«Жалпы жақсы отырыс өтіп жатыр деп ойлаймын. Енді осыдан нәтиже шықса. Енді мемлекет істеу керек деп айтамыз, бірақ жекелеген адамда ұлты үшін істеу керек деп ойлаймын. Қазақ фольклоры, қазақ адамды тәрбиелейтін құрал. Менің ұсынысым, Ресейдегі қазақтарда көп фольклор бар негізі. Жинап шығатын болса. Әңгіме біледі-ау деген адамдардың тізімін жасау керек. Қай бағытта әңгіме айтады дегендей..»,-деді облысымыздағы республикалық деңгейде шығатын «Дана» тарихи-танымдық журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы.

«Шын мәнінде ел арасында құйма құлақ қарияларымыздың азайып қалғаны рас қой. Тек енді бір мезеттік қана, іс-шара қылмау керек, Бұның өзі бір үлкен мемлекеттік саясат болу керек қой деп ойлаймын. Этнопедагогика дегеніміз, фольклор дегеніміз біздің басты рухани қазынамыз. Рухани қазынамыз жинақталып, Едіге ағай қара өлеңдерді қолымен жазып әкеліп отыр екен. Бірақта, соны біз халықтың игілігіне қаншалықты жаратып жүрміз!? Республика бойынша 1 мың дана болып шығады, ағайдың кітаптары шын мәнінде жақсылап насихатталған жоқ. Оқырмандармен қауыштырылған жоқ. Барлығымызға қатысты әңгіме, шын мәнінде көпшіліктің көбірек кездесетін,жиналатын жиындары керек. Рухани байлық дегенді Ахмет Байтұрсынов айтады, «Ұлт үшін істеген іс- Ұлы іс»-дейді. Барып келген бір экспедицияның өзі еңбек болып, кітап болып шығып жатыр. Осының өзі кішкентай ғана іспен нығая түседі. Қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың тілі қаншалықты жұтаң!?. Ойлау жағынан қаншалықты кемшіліктері бар екенін көріп, естіп жүрміз. Бұл не болғандада ұлттық рухани қазынамызды игере алмай, жеткізе алмай отырғанымыздың кесірі. Қазақ тілі тілге емес, қорытпаққа айналып бара жатыр. Қорытпаққа айналып бара жатқанның себебі сонда, ата-бабадан қалған сөзді оқымаған бала қалай сөйлеу керек еді? Ол жетпесе, олардың қолына?! Сондықтанда бұл бастама қазақ білімпаздарының тұңғыш съездінің 90 жылдығына арнап, Рухани байлыққа арнаған, негізгі деген мәселелерді талдаған екен. «Мәңгілік ел» болу бастамасы бір ғасыр бұрын басталды. Қара халық пен жергілікті мекемеде отырған биліктің арасы әлсіреп бара жатқандығы жасырын емес! Біз осылай айтып жатырғанда, кейбіреулері айту мүмкін «Бұл кімге керек нәрсе»-деп. Егерде қалың оқырманға, көпшіліккежеткізе алмасақ, насихаттай алмасақ. Қобыланды батырдың жаңа нұсқасын оқып түсінетін оқырман бар ма? Шынына келгенде жоқ! Мүмкін арнайы саланың, жоғары білімі бар оқыр, ал көпшілік, мектеп оқушылары оқи алмайды. Бұның деңгейіне жете де алмайды. Керемет «Мәдени мұра» – деген бағдарлама бар. Ол белгілі уақытта жүреді де, қалған уақытта тоқтап қалады. Этнопедагогикалық мұралар деген, бізде мектепке дейінгі мекемелерден бастап, барлық әлеуметтік саламен айналысатындардың негізі болу керек. Арқауы болу керек. Өйткені біз «Мәңгілік ел» боламыз десек, басқаша ағылшын тілімен, экономикамен ел бола алмаймыз. Тек қана осы рухани құндылықтарымызбен ғана. Сондықтанда барлығымызға бірдей міндет, жауапкершілік, бастаған іс өте дұрыс іс деп ойлаймын. Соның ішінде жастардың осы мәселеге араласуы. Үлкендерден акыл, ғибрат алу үшін осындай кеңестер ұйымдастыру, көбірек осы бағыттағы жұмыстарды насихаттау, жеткізу өзіміздің қолымызда. Осындай құндылықтарымыздың бар екендігі рас! Бізде осы отырыста болған пікірлерді тұжырымдармыз, түйіндерміз, осы бағытта бірлесіп жұмыс істейтін болып жатсақ, біздің тарапымыздан әрқашан қолдау білдіріледі»,- деді «Ағартушы» лингвистикалық орталығының директоры Болат Жексенғалиев.

«Жалпы материалдық және рухани мәдениет деп екіге бөліп қараймыз. Материалдыққа көзге көрінетін, сақталынатын мәдениет болса, екіншісі фольклорымыз бұл бізді қазақты қазақ қылып ұстап тұрған дәстүріміз. Халқымыздың ат баптағанның өзі қандай!? Басқа жақта ыстап әкеледі қымызды. Бізде қымызды дайындаудың өзіндік сипаты өңіріміздің ерекшеліктері бар. Бәріміз бір қазақпыз ғой, басқа өңірге барсаң, жоқтау айтып жатады. Жасыратын ештеңесі жоқ, біздің жақта жоқтау айтатын адам таба алмай отырасың»,- деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әбіл Жоламанов.

«70 томдық Маңғыстау облысының жауһарлары деген кітап шықты. Кезінде Мәтжан ағамыздың көп жинағына теруге көмектестім. Ағай жазып кезінде Алматыға тапсырды. Енді менде қорқыныш болды, сол шықпай қалама деген. Ол шыққан екен. Бірақ, авторлары басқа болып кеткен. Исатай  Адай арасындағы үлкен даулы бітістіреді, ол Төле би болып кеткен. Сол кезде Отарәлі Бүркітов өңірімізден жиналған көп дүниелердің бәрі енді, тек бидің атын ауысып  ұлы жүздікі болып шыға келеді деді. Сөйтіп көп нәрсеміз қолды болып кетті. Енді Алматыға бізден бір адам барып, анықтау керек! «Батыс өңірінің ел әдебиеті» деген жоба жасау керек. Сол жобаға жұмыстанайық! Сосын алдағы жылы шығарсақ нұр үстіне нұр болар еді деген ұсыныс айтқым келеді! Жақында бір жастар жолықты. Мульфильм түсірейік деп едік, идея жоқ дейді. Фольклордан неге алмайсыңдар деп айтқаным бар!»,-деді филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов.

«Батыс өңірінің қазақ этнопедагогикасы жазылу керек. Бұның 80 пайызы дайын. Бұған негіз Мәтжан ағамыздың еңбегі болып отыр. Ағамыздың еңбегін насихаттау бағытында «Халық тағлымы» еңбегін негізгі идеяларын сақтап қайтадан жазып шығу керек. Үшінші ұсынысым, бүкіл облысымыздағы аузы дуалы мейлі ол жас болсын, арнайы оқуы болмасын тізімге алу керек. Ақсақал 15 жасында да ақсақал болуы мүмкін. Меніңше осы бағыттағы жұмысты қолдайтын азаматтар болса, шұғыл түрде қолға алу керек деп ойлаймын. Қолдауға біз әзірміз.», – деді педагогикалық ғылымдары академиясының академигі Абат Қыдыршаев.

«Американы құраған 90 түрлі халық әрқайсысы әртүрлі фольклорын тарата алмайды. Таратып кетсе соғыс болады. Амал жоқ қолдан «Коббойларын» фольклор жасаған. Ұсыныс ретінде айтар едім! Бұл фольклор бірден бір вахаббизмнің және экстремизмнің алдын алатын құрал. Аспаннан түскен жоқ, талай вахабтарды білем. Араларында фольклорды білетін ешкім жоқ. Қобыландыны, Алпамысты, Ертөстікті біліп өскен адамнан вахабист шықпайды. Қазір естері танып жатыр қалай жоямыз деп, түп-тамырымен жоятын вакцина ол фольклор!» –деді ақын, азаматтық белсенді блогер Нұрлан Сәдір.

Шараны ұйымдастырып, хатқа түсірген: Әділғазы Кереев.

Scroll to Top