«DANAqaz» журналының бес жылдығында «Сырым батыр» жырланды

Бейсенбі күні Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «DANAqaz» тарихи-танымдық журналының бес жылдығы аталып өтті.

Кешке келген өнерсүйер қауым алдымен аталмыш басылымның «Құлпытас сырын ашайық!» жобасы аясында анықталған, өлкемізден шыққан тарихи тұлғалар – хан, би, батыр, ишан-қазіреттер құлпытастарының көрнекі суреттерімен және онда жазылған мәтіндермен танысты. Мұнан кейін өңірімізге белгілі өнерпаз, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері Фархат Оразов биыл ел көлемінде 275 жылдығы тойланған аса көрнекті тарихи тұлға Сырым Датұлы туралы «Сырым батыр» жырын жырлап берді. Фархат Беркінұлының айтуынша, өзі жырлаған «Сырым батыр» дастанын 1955 жылы Батыс Қазақстан өңірінің ауыз әдебиетін жинаушы Тайыр Ауатанұлы бөрлілік Сағынғали Бекболатовтан жазып алып, Алматыдағы орталық ғылыми кітапхана қорына табыстаған екен. Жыр кешін белгілі тарихшы, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығали жүргізді. Ол Сырым Датұлы бойына бес қаруын асынып, атқа қонған айбынды батыр ғана емес, халқының қамын жеген кемеңгер би, әлемдік деңгейдегі саясаткер, дипломат тұлға екенін тыңдарманға шешен тілмен салмақтап жеткізді.

Жыршы Фархат Оразов «Сырым батыр» дастанын шаршамай, шалдықпай, бір сағатқа жуық тоқтаусыз жырлап шықты. «Аманат – Ақжол» ЖШС-ның директоры, Халық емшілері халықаралық ассоциациясының мүшесі Жақсыбай Сейітқалиев және оның көмекшісі Тілеген Нұржігітов сынды мәрт азаматтар ата дәстүрді жаңғыртып, жыршыға 200 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау, ат мінгізгендей құрмет көрсетті.

«DANAqaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы, журналдың ақылдастар алқасының төрағасы Жантас Сафуллин қаумалап келген көрермен қауымға ризашылықтарын жеткізді. Сондай-ақ, олар жыршыға, журналдың сапалы шығуына атсалысып жүрген өзге де бірқатар азаматтарға алғыс білдіріп, сый-сияпат жасады.

Батырдың атын иеленген Сырым ауданы жұртшылығының атынан сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісов жыршы Фархат Оразовқа аудан әкімінің алғысхатын табыстады. Ол Фархат Беркінұлын осындай жыр кешін өткізу үшін аудан орталығына арнайы шақыратындарын мәлімдеді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі»

Scroll to Top