Бөкей ордасына жол тартты

Эпиграфиялық ескерткіштерді зерттеу бағытында қолға алынған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері – рухани  мұраны сақтау мен жеткізудің жолы (Батыс Қазақстан облысының эпиграфиялық ескерткіштері негізінде)» атты үшжылдық жоба бойынша өңірімізге келген алматылық ғалымдар «Жайық Пресс» медиахолдингінің конференц-залында бас қосты.

– Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен  біздің үшжылдық жоба негізінде құлпытастар тарихын зерттеген жұмыстарымыз үйлесімділік тауып келеді. Осы орайда көне қорымдарда жатқан бабалардың құлпытастарын зерттеп-зерделеудің маңызы зор.  Өңірімізде  3000-ға жуық араб жазулы құлпытас суретке түсіріліп, хатталып тіркелді. Оның 1500-ін зерттеушілер оқып, кирилл қарпіне аударды. Тарихымызды түгендеп, болашаққа аманат қылу – бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі, – деді алғысөзінде «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.

Тарих ғылымдарының кандидаты, құлпытастарды зерттеу жөніндегі жоба жетекшісі Айтжан Нұрманова бастаған алматылық ғалымдар өңірімізге Бөкей ордасы ауданындағы зерттеу жұмысын жалғастыру мақсатында келген.

– Үшжылдық жоба негізінде Мәулімберлі, Жантөре хан және Жәңгір хан қорымдары туралы үш кітап жарияланатын болады. Тарихи кітапқа сол аймақтағы аталмыш тұлғаларға қатысты ел-жұрттан жиналған  деректер,  ескерткіш жазулары, архивтік құжаттар, мешіттердегі тіркеу кітаптарының мәліметтері енеді. Біздің өңірге келгендегі басты мақсатымыз – ішкі деректер негізінде құлпытастар тарихын зерттеп, батыр-билерімізді, хандарымызды танытып, қазақ мемлекеттілігінің тарихын зерделеу.  Бөкей ордасы тариxын АҚШ, Жапон, Ресей ғалымдары зерттеп жатыр. Алайда олар арxив деректерімен ғана жұмыстануда. Ал ондағы деректер біржақты болып келеді. Біз нақты деректер – эпиграфиялық ескерткіштердегі ақпаратты тариxи айналымға қосамыз. Бұл зерттеулердің маңыздылығын  Елбасымыз мақаласымен қуаттап,  бағыт-бағдар берген болатын. Қазақ мемлекетінің құрылу тарихы әлі толық зерттеліп біткен жоқ, – деді Алматы қаласындағы Р. Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының жетекші қызметкері Айтжан Нұрманова.

Елімізде бастау алған эпиграфиялық ескерткіштерді зерттеу, шетел ғалымдарының да қызығушылығын туғызып отыр. Құлпытастар бетінде тұлғаның  тек жеке басына қатысты деректер ғана емес, мемлекеттік саясат та, діни, рухани идеология да, ауызекі жырлар да  қашалған. Осы орайда сөз қозғаған тарих ғылымдарының кандидаты Дина Медерова Күлтегін ескерткіші мен өзге де құлпытастарда жазылған жоқтау жырларының ерекшелігіне тоқталды. Сондай-ақ ол қашалған жоқтау жырлар адамзатқа бақи болған  тұлғалардан сабақ алсын деген филосо-фиялық бағытта жазылғандығын айтты. Ал басқосуға қатысқан та-рих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин жуырда Теректі ауданы Ұзынкөл ауылдық округіне қарасты Бекей ауылының тұсынан табылған Айшуақ ханның ескерткіші туралы, «Бекей мен Мәулен» повесі мен «Зерлі тон» шығармаларына арқау болған Есенгелді, Бекей  туралы  баяндады. – Айшуақ хан XVIII ғасырдағы қазақ тарихында қазақ-орыс қатынасындағы саяси оқиғалар кезеңінде өзіндік орны бар тұлға болған. Ол – Әбілқайыр ханның әйелі Бопай ханымнан туған төртінші ұлы. Ағалары Нұралы мен Ералы секілді Айшуақ та саяси өмірге ерте араласқан. Байқасаңыз, осы кезге дейін Айшуақ ханның өмір сүрген жылдары туралы дерек әр түрлі. Мәселен, орыс зерттеушісі Л. Мейер 1865 жылы «Киргизская степь Оренбургского ведомство» деген еңбегінде Айшуақты 1811 жылы қайтыс болды деп көрсеткен. Ал белгілі қазақ ғалымы Жанұзақ Қасымбаев Айшуақ ханды 1719-1810 жылдар аралығында өмір сүрді деп жазған. Енді, міне, Айшуақ Әбілқайырұлының жатқан жері, нақты өмір сүрген жылдары анықталып, қазақ тарихындағы тағы бір ақтаңдақтың орны толып отыр. Ал Ақ Жайық өңіріндегі Есенгелді туралы әңгіме қозғалса, алдымен, оның сан мыңдаған жылқысы бар өте ауқатты бай болғандығы айтылады. Яғни Есенгелді есімінің ел жадында ескірмей, бүгінге жетуі қисапсыз дәулетке ие болуымен түсіндіріледі. Оған қоса Есенгелді болмысы орыстың көрнекті жазушысы В. Дальдің, танымал қазақ қаламгерлері Б. Аманшиннің, М. Есламғалиевтің, Ә. Кекілбайұлының шығармалары арқылы да белгілі.

Ескерткіштерді, қорымдарды зерттеу арқылы тарихтағы оқиғалардың, батырлардың шынайылығына, дәлдігіне нақты деректер арқылы куә боламыз, – деді  Жәнібек  Исмурзин.

Алматылық ғалымдар зерттеу жұмысын жалғастыру үшін Бөкей ордасы ауданына аттанып кетті.

Гүлсезім БИЯШЕВА,
“Орал өңірі”

Scroll to Top