Біздің Наурыз-Думан

Осы аптаның бейсенбісінде «Орал өңірі» және «Приуралье» сынды қос облыстық газет пен мекемелік баспахананың меншік иесі болып табылатын «Жайық Пресс» ЖШС-ның ұжымы Наурыз мейрамын атап өтті.

Ұлттық мәнермен безендірілген «Шаңырақ» мейрамханасында өткен мерекелік шараға республикалық БАҚ-тардың біздің облыстағы өкілдері қонақ ретінде қатысты. Тілшілер Сәкен Әбілхалықов пен Наталья Горохова жүргізген кеш Наурыздың тарихы мен мәнмаңызына қатысты танымдық-тағылымдық сипатқа бай болды. Мәселен, «Шаңырақтың»  жылы жүзді даяшылары табалдырықтан аттаған кісіні бауырсақ пен көже ұсынып қарсылады. Дастарқан  басына жайғасып, ақ дәмнен алуға кіріскесін «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин әріптестерін жаңа жылмен құттықтап, жемісті еңбек пен ырыс-ынтымақ тіледі. Іле-шала танымал ақын Қайрат Жұмағалиев Дарын есімді сәбидің тұсауын кесіп, аталық ақ батасын беріп, жырдан шашу шашты. Сондай-ақ дастарқан басында ақын Қайрат  Жұмағалиевке қоса, танымал журналист Темір Құсайын да өлең оқып, мерекелік шараның шырайын келтірді. Жалпы кеш барысында ұйымдастырылған «Бата беру», «Қыз сыны», «Жаңылтпаш айтыс» сықылды ұлттық нақыштағы байқаулар кештің сәнін кіргізіп, мәнін аша түсті. Ал арқан тартысқа қатысқан төрт команданың ішінде «Орал өңірі» жігіттерінің менрейі үстем болды. Ән де шырқалып, күй де тартылып, би де биленген  ойын- сауық кеші әдемі әзіл мен орынды қалжыңға да жомарттығымен ерекшеленді. Әдемі өткен Наурыз- думанның әсері әріптестерімізге жыл-он екі  ай бойы рухани қуат бергей!

Бақытжан Әлжанұлы 
“Орал өңірі” газеті

Scroll to Top