Батысқазақстандық тарихшылар 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын талқылауда

Тарихшы ғалымдардың қатысуымен “Жайық Пресс” ЖШС-нің мәжіліс залында бір ғасыр бұрын қазақ тарихында болған осынау оқиғаға арналған дөңгелек үстел мәжілісі өтуде.

Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа 100 жыл толады. Халық наразылығы Ресей императорының 1916 жылғы 25 маусымынан бастап бұратана халықтардың 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын майданның қара жұмысына шақыру туралы жарлығынан шықты. Көтеріліс бүкіл қазақ даласын шарпыды. Соның ішінде Батыс Қазақстан өңірінде де халық наразылығы күшті болды. Бұл қозғалыс ұзақ жылға созылған отаршылық құрсауындағы қазақ қоғамының рухын оятқан, қарулы көтерілісте басын қосқан зор оқиға болды. Патшалы Ресейдің іргетасы шытынап, самодержавиенің құлауына, езілген ұлттардың автономия жолындағы күресіне ұласты.

Бүгінгі Тәуелсіздік кезеңінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына көзқарас қандай?

Қазіргі Қазақстан халқы бір ғасыр бұрынғы оқиғадан қаншалықты хабардар? Бұл кезең мектеп бағдарламасында қалай қамтылған? Жалпы, біз 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың себебі мен салдарын, нәтижесін толық зерттеп, зерделеп болдық па?

“Жайық Пресс” медиахолдингінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысушылар осы сауалдарға жауап іздеуде.

Айта кетейік, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Сафуллин Жантас Набиоллаұлының төрағалығымен өтіп жатқан шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Рысбеков Тұяқбай Зейітұлы, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, өлкетанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Сүлейменова Дәметкен Досмұқанқызы,  тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы Жақсығалиев Жаңабек Жаңабайұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы Исмурзин Жәнібек Аллаярұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров, Бөкей ордасы тарихи музей-кешенінің қызметкері, шығыстанушы Мырзағалиева Гүлмару Самиғоллақызы, тарих магистрі Думан Темешев, «DANAkaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы, БАҚ өкілдері қатысуда.

Scroll to Top