Жақында облыс әкімі әр сала бойынша аудан және қала әкімдерінің атқарған жұмысына рейтинг жасалатындығын мәлім етті. Осығын орай бізде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыратын газеттердің таралымын саралап, беделбаға жасауды жөн көрдік.
Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ең басты жетістігі – бейбітшілік, бірлік, ынтымақ, татулық. Бұған Елбасымыздың салиқалы саясаты арқасында жеттік. Осы саясатты халыққа жеткізуде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыратын газеттердің сүбелі үлесі бары анық.
Соңғы маусымда біздің «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің таралымы едәуір өсті. Бірақ тоқмейілсуге болмайды. Себебі мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыратын газеттердің таралымы бойынша беделбағадағы жағдай мәз емес.
Мысалы, біздің Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуші – мемлекеттік меншіктегі «Орал өңірі», «Приуралье», «Жайық үні», «Пульс города» және әр ауданда аудандық газеттер. Бұған «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» басылымдарын да қосайық. Осы газеттердің Батыс Қазақстан облысындағы жалпы таралымы 84215 дана екен (2012 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет).
Біз осы басылымдардың Орал қаласы мен әр аудандағы таралымын саралап, сол аймақтағы халық санына шағып көрдік. Осылайша, әр аудан бойынша халықтың қанша пайызы мемлекеттік басылыммен қамтылғанын есептедік.
Сонымен, қай аудан мемлекеттік басылымдарды жақсы оқиды?
Шыңғырлау, Қазталов, Жәнібек, Қаратөбе, Тасқала аудандарында шамамен төрт адамға бір газеттен келеді екен. Бұл – жақсы көрсеткіш. Яғни аталған аудандардың рейтингтері жоғары деген сөз.
Бөкей ордасы, Сырым, Ақжайық, Жаңақала аудандарында – бес адамға бір газет тиеді. Яғни бұл аудандардағы тұрғындардың мемлекеттік басылымдармен қамтылуы орта деңгейде.
Ал Теректі, Зеленов, Бөрлі аудандарында жеті адамға бір газет әрең тиеді. Облыс тұрғындарының жартысына жуық халық шоғырланған Орал қаласының жағдайы тіпті мүшкіл – 13 адамға бір газет!
Облыста 600 мыңның үстінде халық бар. Оның 280 мыңы Оралда, 54 мыңы – Бөрліде, 54 мыңы Зеленов ауданында тұрады. Яғни облыс тұрғындарының 70%-ы Орал шаһары мен осы екі ауданның аймағында орналасқан. Беделбағада дәл осы үш аумақтың көрсеткіші төмен. Бұл – саяси қызметкерлер үшін ойланатын мәселе.
Бұған қоса қала мен оның айналасы спутниктік желілерге қосылғандықтан, ол жердегі тұрғындар мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттайтын «Хабар», «Қазақстан», «Ел арна» т.б. отандық телеарналарды көп қарай бермейтінін ескеру керек. Олардың дені шетелдік арналарды қарайтыны жасырын емес. Ал ғаламтор желісінде де жергілікті мемлекеттік саясатты насихаттайтын сайттар жоқтың қасы.
Бұл көрсеткіштің жаны барлығын биылғы өткен сайлаудың нәтижелерінен де көруге болады. Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыратын ақпарат құралдарының кең тараған аудандарының көпшілігінде халықтың сайлауға қатынасу белсенділігі де жоғары болды.
Қаржы жоқ па, ниет жоқ па?
2012 жылдың жартыжылдығына жазылу науқаны кезеңінде «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің Орал қаласындағы таралымын көбейту үшін күш салғанбыз. Сол кезде Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың ректоры Асхат Иманғалиевтің ісі көпке үлгі боларлық. Бұрын әр газетке шамамен 50 дана ғана жазылатын оқу орны биыл бір өзі 800 данаға жазылды және осы газеттерді әр оқу корпусындағы студенттер мен оқытушылар тегін алып оқитындай жағдай жасалды. Студенттер де, оқы-
тушылар да газеттің әр нөмірін дер кезінде алып оқып, ондағы мәселелерді талқылап, азаматтық белсенділік өсті. Осы бастаманы басқа да оқу орындары мен ірі мекемелер қолдаса оң болар еді дейміз.
Елбасымыз биылғы Жолдауында тек бір бағытта дамыған аудандардың экономикасын әртараптандыруды тапсырды. Біздің облысымыздағы Бөрлі ауданында (Ақсай қаласы) мұнай мен газ өндіру саласы жақсы дамыған. Қарашығанақ кенішінде күні бүгін жұмыс істейтін отандық мамандардың саны 13394 адамға жетіпті. Кенішті негізгі игеруші «ҚПО б.в.» компаниясы осыдан 2-3 жыл бұрын ардагерлерін 500 данадан екі облыстық газетті жаздыратын еді. Қазір ол да жоқ. Әлденеше рет хат жолдадық. «Қаржы жоқ» деген жауап аламыз. Елімізде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатты жұмысшыларына жеткізуді мақсат етпейтін қазіргі «ҚПО б.в.» компаниясының ұстанымы түсініксіз.
Рухани аштық – тәуелсіздікке қатер
Ата-бабамыз біз үшін тер де, қан да төкті, жан берді. Ұлан-ғайыр жерді сақтап, аманат етті. Алаш зиялылары осыдан жүз жыл бұрын газет шығарып, қараңғы халықтың санасын оятты, бірлікке, ынтымаққа, тәуелсіз ел болуға шақырды. Бүгін, міне, бабалар арманы орындалды. Сол бабаларымыздың жанкештілігін келешек ұрпаққа дәріптеп жеткізу – бүгінгі баспасөздің парызы.
Соңғы кездері көптеген елдерді қамтыған әлеуметтік толқулардың себебін сараптаған мамандар ол жерде мемлекеттік БАҚ-тың ықпалы әлсіреп, халық мемлекет тарапынан жасалып жатқан қыруар жұмыстан хабарсыз қалғанын анықтаған. Қазақта «ит жоқта шошқа үреді» деген сөз бар. Халық мемлекеттік БАҚ-тан байыпты мәлімет алмаса, оның орнын желөкпе басылымдардың арандатушы ақпараттары басатыны сөзсіз. Оның соңы жақсылыққа апармайтыны түсінікті.
Әрине, аштықтың қай түрі де жақсы емес. Бірақ рухани аштық, жан азығынан тапшылық көру – тәуелсіздіктің келешегіне қатер төндіретін құбылыс. Сондықтан мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізетін басылымдардың халыққа кең таралуына газет ұжымы барынша күш салса, оны қадағалау кез келген аудан әкімінің, мекеме басшыларының жазылмаған парызы болуы тиіс деген ойдамыз.