Бейсенбі күні ертемен «Жайық Пресс» ұжымы мен Сырым елінің азаматтары және бір топ айтыс жанашырлары елордамыз Астанада өткен «Жүйелі сөз» атты ақындар айтысының бас жүлдесін иеленіп, үлкен олжамен оралған айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлын әуежайдан күтіп алды.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы мен Астана күніне арналған «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі аясында ұйымдастырылған айтысқа 16 ақын қатысқан.
Айтыстың бірінші күні Бауыржан Ширмединұлы ақтөбелік Марат Ахметовпен, финалда астаналық Аяулым Жұмабекқызымен сөз сайыстырып, басым түседі. Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы тағы бір айналым жасап, Бауыржанды ақтөбелік Ершат Қайболдинмен айтыстырады. Үш айналымда да қарсыластарынан оза шапқан Бауыржан ең жоғары ұпай жинап, айтыстың бас жүлдесін алып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Өзін қаумалап күтіп алған жұртшылыққа ризашылығын білдірген жас ақын бірнеше рет талпынып, қол жеткізген жеңісінің оңайлықпен келмегенін айтады.
— Жыл сайын тұрақты түрде өтетін айтысты бұл жолы «Ел» продюсерлік орталығы ұйымдастырды. Бұл бір менің ғана жетістігім емес. Айтысқа жоғары деңгейде дайындалуыма үлес қосып, бағыт-бағдар берген, айтыстың әліппесін үйреткен айтыскер ақын Бауыржан Халиоллаға айтар алғысым шексіз. Айтыс додасында көптеген әлеуметтік мәселелер көтерілді. Мен де өз кезегімде ауылдың, елдің жағдайын, көпшілікті алаң көңіл қылған жер мәселесін тілге тиек еттім. Сондай-ақ тілеуімді тілеп, шығарып салып, қаумалап күтіп алып жатқан әріптестерім – «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы мен Сырым елінің жұртшылығына ризашылығымды білдіремін, — дейді жас ақын.
Жеңімпаз жас ақын, әріптесіміз, “Сырым елі” газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлын құттықтау легі «Жайық Пресс» медиахолдингінің баспасөз залында жалғасты. Іргелі ұжым алдында айтыстың аламан бәйгесіне қосылған жас ақынның әр қадамына тек сәттілік тілеген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Бауыржанға белгілі ақын-жазушыларымыздың кітаптарымен қоса, ақшалай сыйақы табыс етті. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұлов, «Сырым елі» газетінің редакторы Махмет Қажиахметов жас ақынға «Өнер жолында толағай табыстарға жетіп, тіл-көзден аман болсын!» деген ақжарма тілектерін жолдады. Ақ тілектер ақтарылған әдемі отырыс соңында өнер жанашырлары айтыс додасында бас жүлде алған жас ақынмен естелік суретке түсті.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ