Спортты әлем халқы бейбітшілік символы деп қабылдап, салауатты өмір кепілі ретінде әлдеқашан мойындаған. Елбасымыз ел халқына арнаған Жолдауында да қазақстандықтарды бұқаралық спортқа тарту мәселесіне баса назар аударған болатын.
Кешегі өткен ҚЫҰ Саммиті мен жақын арада оздырылуы тиіс Азиада ойындары – Елбасының салиқалы саясатының нәтижесі. Елбасының қолдауына ие болған VІІ қысқы Азия ойындары барша халықтың алдында қазақстандықтардың беделін өсіріп, мерейін тасытпақ.
Міне, осындай үлкен спорттық іс-шараны насихаттау мақсатында «Жайық Пресс» ЖШС жақында облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасымен біріге отырып, Орал қаласының www.Infoportal.kz ақпараттық анықтамалық сайты арқылы қатарынан төрт байқау жариялады. Осыған орай жергілікті БАҚ өкілдерінің басын қосқан «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин жиналғандарды байқау шарттарымен таныстырды. Оның мәлімдеуінше, алғашқы байқау шығармашыл топқа арналған. Шарт бойынша байқауға қатысушылар «Мен үшін Азиада – 2011 несімен маңызды?» атты эссе жазуы керек. Үздік деп танылған шығарма авторлары Азиаданы өз көздерімен көру бақытына ие болады. Қазақ тіліндегі эссе авторы қысқы Азиада ойындарын тамашалау үшін Астанаға аттанса, орыс тіліндегі шығарма жеңімпазы Алматыға сапар шегеді. Жүлдеге тегін жолдама табыс етіледі.
Азиадаға арналған келесі байқау «Не? Қайда? Қашан?» спорттық викторинасы. Спортсүйер қауым сайт арқылы жолданған 50 сұраққа жауап беруі тиіс. Берілген сұраққа тез жауап беріп, дауысты көп жинаған қатысушы байқау жеңімпазы болып танылып, оған жүлде ретінде бір ай бойы мұз айдыны спорт сарайына тегін кіру құқы беріледі.
Үшінші байқау балалардың суретшілік шеберлігін сарапқа салады. Байқау шарты бойынша балғын суретшілер қысқы спорт тақырыбына салынған суреттерін ұсынуы тиіс. Бұл байқау жыл бойы жалғасып, жеңімпаздар кезең-кезеңімен марапатталмақ.
Төртінші байқау «Мой стиль» – «Менің таңдауым» деп аталады. Бұл байқауға «SELA» киім және аксессуарлар дүкені демеушілік көрсетуде. Шарт бойынша байқауға қатысушылар аталған сайтқа сәнді киім үлгісімен түскен фотосуреттерін жіберуі тиіс. Дүкен ерекше үйлесіммен сәнді киінген байқау жеңімпаздарына 10 мың теңгелік жүлдесін әзірлеп отыр. Жеңімпаздарды дүкен әкімшілігі мен сайтқа қатысушылардың берген дауысы анықтайды. Байқау биылғы 14 қаңтарда басталады.
Байқауға 14 жастан жоғары барлық азаматтар мен азаматшалар қатыса алады. Байқау жөніндегі ақпарат www.Infoportal.kz сайтында толық көрсетілген.
Жантас Набиоллаұлының айтуынша, аталмыш байқауды www.Infoportal.kz арқылы өткізу, біріншіден, қазақстандық сайттың беделін көтерсе, екіншіден, мұндай байқаулар қазақстандықтардың интернет жүйесін игеруге деген ұмтылысын күшейтеді. Қазақ жастарының дүниетанымын кеңейту мақсатында ұйымдастырылып отырған байқауға қолдау танытып, қаржылай демеушілік жасаған БҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанұлы мен «SELA» киім және аксессуарлар дүкенінің әкімшілігіне ризашылығын білдірген Жантас Набиоллаұлы барша қазақстандықтарды аталмыш байқауға қатысуға шақырды.
Облысымыздың бас спортшысы өз кезегінде алдағы Азиада ойындарына дайындық барысы жөнінде әңгімелеп, елімізде тұңғыш рет өткізілетін VІІ қысқы Азия ойындарын насихаттауға арналған байқаудың маңызына тоқталды. Әңгіме барысында VІІ қысқы Азия ойындарына облысымыздан қырыққа жуық спортшы қатысып, ел намысын қорғайтынын айтқан Мүсілім Оңдағанов Астана мен Алматыға спортшылармен бірге 60 жанкүйер аттанатынын мәлімдеді. Бас спортшының айтуынша, оның құрамында спортқұмар студенттер мен өнер адамдары, спорт мектептерінің директорлар мен бизнес өкілдері бар. Олардың барлығы да тегін жолдамамен қамтамасыз етілген.
Жиын соңында «Жайық Прес» ЖШС бас директоры Жантас Набиоллаұлы интернет жүйесіндегі қазақтардың үлес салмағын арттыру мақсатында жүзеге асырылатын мұндай байқаулар болашақта да жалғасын табатынын айтты.
Айша ӨТЕБӘЛІ
“Орал өңірі” газеті №5