«Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында 1837-1838 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы Исатай Тайманұлының 220 жылдығына орай дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Бұл – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында азаттық үшін күресте құрбан болған арыстардың азаматтық тұлғасын жаңғырту мақсатында жоспарланған тізбегінің алғашқысы.
«Жайық Пресс» ЖШС бұдан бұрын қолға алған «Өлке тарихын өзіміз жинақтайық» атты жобаның құрамдас бөлігі саналатын бұл бағдарламаның алғашқы шарасы 1837-1838 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыс көсемі Исатай Тайманұлына арналуы тегін емес. Біріншіден, батырдың туғанына биыл 220 жыл толса, қайтыс болғанына 173 жыл болыпты. Оның үстіне Исатай дәл осы шілде айында шайқаста қайтыс болған. Дөңгелек үстел мәжілісін аша отырып, осы жәйттерді алға тартқан «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин биыл ел ішіндегі кездесулерде оқырмандар тарапынан тарихи-танымдық материалдарға сұраныс көп болғанын да айтты. Өскелең ұрпақты ұлттық рухта, патриоттық сезімде тәрбиелеу барша зиялы қауымның, қоғамның міндеті болса, оның алдында баспасөз жүруі тиіс. Міржақып Дулатовтың: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» – деуі тектен тек емес.
Дөңгелек үстел мәжілісіне «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы басшылары, белгілі тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар шақырылған еді. Қонақтардың барлығы да мұндай шараның өте қажеттігін бір ауыздан мойындап, бастама баянды болсын деп тілек айтты. Енді кезекті мәжіліске қатысушылардың өзіне берейік:
Қайрат Жұмағалиев, ақын:
- Бабалар жөнінде толғану, тебірену – біздің жүрегімізге ана сүтімен берілген сияқты. Мен тарихшылардан артық біле алмаспын, бірақ «Ердің соңы – Исатай» дегенге кәміл сенем. Исатайдың батырлығына таңғалам. Зеңбірекке садақпен қарсы шыққан оқиға тарихта бұрын-соңды болмаған шығар. Айналамызға қарасақ, қанша халық тарих аренасынан ғайып болды. Ал біздің қазақ Тоқырауын өзені секілді, құрып кете жаздап, қайтадан шалқып шықты! 1950 жылдары жалпы қазақтың саны 2,8 млн.-ға дейін төмендеп, жойылып кетуге қалып еді. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» деген. Біз бөрі тақылеттес залықпыз. Енді өлмейміз. Бірақ ол үшін Исатай секілді рауақты батырларымызды ұмытпауымыз керек.
Құжырғали Төлеуішев, облыстық қазақ драма театрының директоры:
- Қайрат ағамызды жалғастырсам, біз есесі өкп кеткен халықпыз. Осындай есесі кетіп жүрегн ердің бірі – Исатай. Мұны Махамбеттен артық айту қиын: «Халқына құрбан болсам деп, Атына тұрман болсам деп, Сөйтіп жүрген Исатай, Сол халықтан не көрді?!» дейді ғой. Сол сөз осы күні менің де ойыма келе береді. Бүкіл үрім-бұтағымен құрып кетті. Жақия деген баласы осы Орал қаласында 500 дүре соғылып, итжеккенге айдалып, сол жақта жоғалды. Бір баласы өзімен бірге соғысып жүріп өлді. Халық жолында құрбан болған осындай адамның осы уақытқа дейін өзіне лайық бағасын ала алмай келе жатқаны менің жаныма батады. Жалпы, Исатайдың мерейтойы үкіметтік деңгейде тойлануы үшін 220 емес, 225 жыл болуы керек екен. Сондықтан алдағы бес жылда зиялы қауымның атынан Парламент депутаттарына, астана қаласы әкіміне мәселе көтеріе, Астананың төрінде Исатай мен Махамбетке ескерткіш орнатуға қол жеткізу керек. Исатай мен Махамбет – елорданың төрінде тұруға лайықсыз деп еш қазақ айта алмас. Халық пен қыршын болған бабаларымыздың рухын жаңғырту шаралары жалғаса беру керек. Бір қызығы, осының бәрі Исатайдың аруағына қажет емес. Мына тәуелсіз болған, өмірге толыққанды, тәуелсіз ұлан болып келген жас ұрпаққа керек.
Жантас Сафуллин, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры:
- Ондай ескерткіш Оралға да керек. Орал қаласында соңғы кезде этнографиялық бағыттағы мүсіндер, түйенің, жас баланың ескерткіші қойыла бастапты. Бұл да дұрыс, бірақ қойылған әр ескерткіштің тарихи мәні болса, ұлттық рухқа шақырып тұрса. Жалпы, бүгінгі бастама «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының біздің ЖШС жанынан құрылған бастауыш ұйымынан туындап отыр ғой. Сондықтан бүгінгі жиынымызға «Нұр Отан» ХДП басшылары да арнайы келіп отыр.
Абат Шыныбеков, «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары:
- Бүгін көтеріліп отырған мәселе – өте орынды. Жасыратыны жоқ, көбіміз кеңестік дәуірде оқыдық. Тарихымыз бұрмаланып жазылды. Енді бабаларымыздың ерлігін зерттеп, кейінгі ұрпаққа толығымен жеткізу ісін біз бастамасақ, кім бастайды? Сондықтан «Жайық Пресс» шаңырағында үлкен мәні бар мәселенің көтерілуі – өте орынды. Елбасымыздың өзі 2007 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдап, тарих саласындағы ақтаңдақтарды толтыруға да бастамашы болды. Соңғы үш жылда біздің филиал «Киелі мұраға тағзым» атты бағдарламаны қолға алды. Яғни біздің жастар қанаты – «Жас Отан» өкілдері облыс аумағындағы тарихи ескерткіштердің айналасын абаттандырумен айналысады. Осы акция шеңберінде Исатай мен Махамбет тұлғасын қайта жаңғыртуға да мұрындық болып, қоғамдық пікір туғызуға дайынбыз.
Амангелді Құрақұлы, зейнеткер жазушы:
- Бағана айтылғандай, бабалар тұлғасын ұлықтау – кеткен адамдар үшін емес, келешек ұрпақ тәрбиесі үшін керек мәселе. Махамбет те, Исатай да өз өмірінің қалай аяқталатынын білді. Исатайдың «Ей, Махамбет, жолдасым, Ісімнің білдім оңбасын» дейтіні бар. Махамбеттің әулие екенін айтайын, менің арғы атам Бектұрғанға Махамбет кліп: «Ақа, мен бір жаман түс көрдім, өз басым кеудемнен бөлініп алдыма келіп, үш рет «қапы, қапы, қапы» деді. Мен сірә, жақында кететін болармын» – дейді. Менің әкем Құрақтың да қанды қырғын ішінен аман келуі – Исатай мен Махамбеттің рухы қолдағаннан болды-ау деймін. Егер әкем аман келмесе, Махамбет қабірі белгісіз болып қалар ма еді…
2003 жылы Атырауда Исатай мен Махамбетке ескерткіш орнатылып, оны Елбасының өзі ашты. Төрт күн ұлан-асыр той болды. Сол төрт күн ішінде халықтың рухы көтерілді. Оралға келген соң мен сол кездегі облыс басшысы Қырымбек Көшербаевқа кірдім. Ондағы ұсынысым – Орал қаласында да қос батырға бір белгі – ескерткіш орнату еді. Содан бері әлі жүзеге аспай келеді.
Біз көп халық емеспіз. Өз ұлтымызды, тарихи тұлғаларымызды дәріптеуіміз керек. Ішкен ас, киген киім, мінген машина, әдемі үй бәрі қалады. «Жайық Пресс» ЖШС ұйымдастырған бұл шара – өте тамаша! Өте керек шара! Болашақ ұрпаққа керек! Өзім немере-шөеремді жетелеп барып, екі батырдың ескерткішіне гүл қойып жатқан сәтімді армандаймын.
Жантас Сафуллин:
- Ақтөбеліктер биылғы 12 шілдеде облыс орталығында Исатайдың аруағына ас беріп жатыр екен. Азаматтық іс. Атырауда да қос батырдың тұлғасы асқақтап тұр. Біздің облыс қана кешеуілдеп қалған секілді. Сондықтан осындай кездесулер арқылы қоғамдық пікірді ояту керек.
Амангелді Құрақұлы:
- Біздің театрда Исатай жөнінде қойылым болса. Сондай шығарманы жергілікті авторлар неге жазбасқа?!
Зұлқожа Шарафутдинов, тарихшы, «Тастөбе соғысы» кітабының авторы:
- Исатайдың 200 жылдығы 1991 жылы аталып өтерде мен «бұл мерейтойға батысқазақстандықтар не алып барады?» деп ойладым. Сөйтіп, Тастөбе соғысы туралы зерттеуге кірістім. Тастөбе – қазіргі Жаңақала ауданы жерінде жатыр. Осы айналада көптеген тарихи орындар бар, Геккенің, Меркульевтің баянаттарында айтылатын Қосқұлақ, Ақбалық, Шолан, Найзашағыл деген жерлер сол өңірде. Келесі жылы тастөбе соғысына 175 жыл болады. Қазақстан тарихында 370-тей ұлт-азаттық соғыс болды деп жүрміз, соның ішінде нақты белгілісі, айы да, күні де анығы – Тастөбе соғысы. Осыған бір ескерткіш орнатылса деймін.
Жантас Сафуллин:
- 1914 жылдары «Қазақ» газеті шыға бастаған кезде, қазақ зияллары соның төңірегінде жиналды. Жүз жыл бұрынғы газет миссиясы қандай болса, қазір де солай деп ойлаймын. Сондықтан 90 жылдан аса тарихы бар «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері – облыс зиялыларының бір мақсат, бір мүдде аясында бас қосатын алаңы болса деймін.
Әбілсейіт Мұхтар, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ проректоры, тарих ғылымдарының докторы:
- Алдымен осы кездесуді ұйымдастырушыларға рақмет айтқым келеді. Мен Атыраудың жігітімін, ол жақта Исатай мен Махамбетті «өзіміздікі» деп санайды. Әркім өзіне тартады. Менің ойымша, осы әңгімені тоқтататын уақыт жетті. Исатай мен Махамбет – біздікі. Бүкіл қазаққа ортақ тұлғалар. Биыл біз университетте Исатайдың мерейтойына, батырлар институтына байланысты үлкен конференция өткіздік. Ақтөбе, Атырау облыстарынан ғалымдар келді, жинағы шықты. Соңғы кезде мен де ізденіс жасай бастадым. Естуімше, Исатайдың зираты басына ақтөбеліктер мазар тұрғызғысы келеді. Бірақ батырдың нақты қай жерде жерленгені анық емес. Біреулер Шейітсайды айтады, бір топ Шолақмолда дейді. Халел Досмұхамедұлы 1920 жылдары «Махамбет – Дендердің Қаройында, Исатай – Шолақмолдада» деп анық жазады. Бірақ Шолақмолданы зерттеп жатқан ешкім жоқ қазір. Менің ойымша, болашақта жас жігіттер бұл бағытты арнайы зерттеу керек.
Ал Шейітсайға күмбез орнатылса, ол жерде де Исатай-Махамбеттің сарбаздары жатыр, рухтары риза болар.
Жаңабек Жақсығалиев, тарих ғылымдарының докторы:
- «Жайық Пресс» серіктестігі өлке тарихына қатысты үлкен мәселе көтеріп отыр. Исатай-Махамбет көтерілісі салыстырмалы түрде барынша терең зерттелген тақырып. Жергілікті ақсақал Исатай Нәсекенұлы ағамыз бүкіл ғұмырын арнаған. Соның өзінде ескерілмей келе жатқан мәселелер көп. Мысалы, Исатай Жәңгір ханның ордасын неге шаппады? Біз мұны батырдың аңғалдығы, алданғаны деп түсінеміз. Менің ойымша, Исатай – дала дипломатиясының өкілі. Ол қан төккісі келмеді, бітімге ұмтылды. Исатайдың осы қыры айтылуы керек.
Самат Құрманәлин, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:
- Исатай-Махамбет тұлғасы – біздің елдігімізді, отаншылдығымызды айшықтайтын тақырып. Біз батырларды біріміз Оралға, біріміз Атырауға, біріміз Ақтөбеге тартқымыз келеді. Исатай мен Махамбет – Алшын түгілі, Алашқа, Алаш түгілі, күллі адам баласына қастерлі есімдер. Никита Савичев Исатайды аспанда жарқ етіп көренген метеорға теңеген.
Ерекше айтатын мәселе – Халел Досмұхамедұлы мен Ахмет Мәметұлының зерттеулері. Кеңес дәуірінде Махамбеттің көп өлеңі өзгеріске ұшырады. Кәпір, орыс, отаршылдық деген сөздері жойылды. Мысалы, Халелдің еңбегінде Махамбет «Аузы түкті кәпірді шетінен сүйреп жеп едік» дейді. Оны «ерегіскен дұшпанды» деп ауыстырған. Шын мәнінде, Исатай-Махамбет көтерілісі – отаршылдыққа қарсы көтеріліс. Орыс отаршылдығы болмаса, Исатай мен Махамбет көтерілісі де болмас еді.
Жантас Сафуллин:
- Әбілсейіт ағамыз әлгінде Исатайдың қабірі туралы ойын айтып кетті. Осы тақырыпқа қайта-қайта мақала жазып, Ақтөбе өңіріне бірнеше рет барып қайтқан Ғаділше ағаға сөз берсек.
Ғаділше Өтебәлі, зейнеткер, өлкетанушы:
- Исатайдың тағдыры – бүкіл қазақ ұлтының тағдыры секілді. Исатай – қазақ рухының бір биігі дер едім.
Былтыр мамыр айында «Жемқор хандықтың құрбаны» деген кітабым шықты. Сол кітапты жазу барысында Ақтөбе өңіріне бірнеше рет бардым. Соңғы бір айдың ішінде Қиылға екі мәрте бардық. Менің басты сүйенерім – Халел Досмұхамедов. Ол өзі атыраулық, жайық беріш, тайсойғандық. Исатаймен рулас, жерлес. Исатай-Махамбет туралы кішкене еңбегінде «Исатай – Шолақмолдада» деп үш рет айтады. Соңғы барғанымызда Шолақмолданы тауып, аят оқыдық. Көне зират, үлкен оба екен. Тарихқа қарасақ, осы зираттан 10-12 шақырым әріде Ақбұлақ қырғыны болған.
«Исатай – Шейітсайда» деген әңгіме қайдан шықты? 1963 жылы Дүйсемәлиев Қаттар деген кісі «Қазақ әдебиеті» газетінде «Исатайдың моласы табылды» деп жазған. Бірақ академик Қажым Жұмалиев ол мақалаға жауап ретінде «Дүйсемәлиев ағайын тарихи шындықтан алыс жатыр» деп жазды. Қазір ше? Соғыс болған жер де Шейітсай, Исатайдың өлген жері де Шейітсай, жерленген жері де Шейітсай дейді. «Осылай қалыптасып қалды ғой, сол жерге кесене орнатайық» – дейді. Исатай секілді ұлы адамның сүйегі қасиетті ғой! Оны таппай, халықты алдау – ақиқатқа қиянат болма й ма?
Әбіл Жоламан, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
- Осындай жақсы жоба өрісті, ғұмырлы болсын! Қазақта тұлға көп, солардың бәрін кезегімен насихаттап, елге үлгі ете берейік.
Менің айтарым, тарихнамасы толық жасалмаған адамның тұжырымдамасын музей залында көрсету қиын. Исатай-Махамбет пен Жәңгірдің арақатынасын қаузай беру – жақсы нәрсе емес. Біз мұндай нәрсеге уақыт жойғанымыз дұрыс секілді. Музей педагогикасы деген бар. Тарихшы эмоцияға берілмеу керек.
Тағы бір мәселе – Орал казактары казачество туралы бүкіл материалды ғаламторда сайт ашып, толтырып қойған. Онда небір сұмдық бар. Соларға балама ретінде біздің тарихшылардың, өлкетанушылардың барлық материалын жинақтасақ.
Мұнайдар Балмолда, журналист:
- Шейітсайда кесене тұрып қалсын дегенмен, кейінгі ұрпақ не дейді? Осыдан кейін тұрғызылмай қала ма? Өз басым 2006 жылдан бері облыстық телеарнадан «Алтын бесік» бағдарламасын жүргізіп келемін. Тастөбе соғысы, Қиыл қырғыны туралы да хабар түсірдік. Жоғарыда айтылған пікірлерге қосылам, Орал қаласына айбынды ескерткіш керек. Рух көтеру үшін керек! Біз, бәріміз бабалар рухымен өмір сүріп жүрміз. Сол бабалар ажалдың аузына барып, өз өмірін, отбасын қазақ үшін құрбан қылып өтті ғой. Олар 50-ге де келген жоқ. Қазір біздің 70-80 жасап жатқанымыз – солардың арқасы.
Жантас Сафуллин:
- Қазір еліміздің экономикасы көтеріліп, көп жетістікке жеттік. Бірақ рухани жағынан кемтар болып қалсақ, ел байлығын ұстап қалатын ие болмай қалады деп ойлаймын. Сондықтан да жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу керек. Мысалы, Жапония қандай? Қандай қиындық келсе де, ұлттық дәстүрін, бет-бейнесін жоймай алда келеді.
Саялбек Ғиззатов, БҚО жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Кандидаттық диссертация тақырыбын аларда «Бөкей ордасынан не табам, жауыр болған тақырып қой» деп ойлаушы едім. Бекер екен. Исатай – халқының бағына біткен батыр. Халел Досмұхамедұлының жазуынша, Исатайдың бір әйелі мен екі баласы Бөкей ордасында, тағы бір әйелі мен екі баласы Жайықтың сол жағында қайтыс болған. Исатайдың зерттелмей жатқан тұстары көп.
Астраханда, Орынборда бұрын құпия болған құжаттар шығарылып жатыр. Сондықтан ұлт-азаттық көтеріліс туралы архив құжаттарын кітап етіп жинақтап шығару керек. Бізде бір жазылмаған дәстүр бар – бір тақырыпты бір ғалым зерттесе, сол ғалымның жеке меншігі ретінде қабылданып, өзгелер сол тақырыпқа жоламайды. Осы дерттен шығу керек. Менің байқағаным, сол тұста Еділ қалмақтары, Қондырау татарлары да орысқа, отаршылдыққа қарсы көтерілген. Олардың арасында байланыс болған секілді. Осыны зерттесе…
Жаңабек Жақсығалиев:
- Бөкей ордасы музейінде Исатай-Махамбеттің рухы жоқ. Әрине, Жәңгірдің ұлықталуы – қазіргі заманның саясаты шығар. Бірақ әділеттілік болуы керек қой.
Жантас Сафуллин:
- Біз, осы бастаманы көтеруші бастауыш ұйым мүшелері «осы мәселеде, ұлттық рухты қалыптастыруда біз нақты не істей аламыз?» дегенде, мынадай бір жобаны бастадық. Бұл – мектеп оқушысына арналған дәптер. Бәріміз білеміз, мектеп оқушысы сабаққа барарда дәптер таңдайды. Базардан шетелдің бір футбол жұлдызының суреті салынған дәптерді таңдайды. Немесе жартылай жалаңаш қыздың суреті тұрады дәптерде. Тіпті болмаса астрактілі сурет болады. Басқа жоқ. Сондықтан біз Исатай батырдың суреті басылған дәптер шығара бастадық. Бұл дәптерде «Құрметті оқушы! Еліміздің егемендігі үшін күрескен бабамыздың суреті салынған дәптерді ұқыпты ұстауыңыз сұралады» деген жазу бар. Мұнда тұлғаның қысқаша өмірбаяны беріліп, «қосымша мәліметті мына сайттан аларсыздар» деген сілтеме бар. Мұндай сайттар көп болу керек. Бұл жобамен бірнеше тұлға (Абай, Сырым, Жаһанша, Құрманғазы, т.б.) шығады. Біз мемлекеттік, ұлттық саясатты жүргізуге барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек деген оймен осылай жасап отырмыз.
Тағы бір ойым – Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жылдығына орай Исатай мен Махамбетке арнап аймақтық мүшәйра ұйымдастырсақ, қалай болар екен?
Абат Шыныбеков:
- Біз қолдаймыз. Мемлекеттік органдар мен партия тарапынан толық көмек көрсетеміз. Бұл іске бүкіл аудандарды қосуға болар еді.
Мұнайдар Балмолда:
- Махамюет өлеңдерін жаттаушылардың сайысын да жаңағы мүшәйрамен бірге өткізуге болатын секілді.
Құжырғали Төлеуішев:
- Менің айтарым, Шейітсай мәселесін бір жағына шешу керек. Айтып-айтып қоймау қоймау керек. Батырдың зираты, шынында да, Шолақмолдада ма? Дәлелдейік! Ертең күмбез басқа жерге қойылып қалса, соңы таусыдмайтын дау болады. Ақтөбемен сөйлесейік.
Жантас Сафуллин:
- Бүгінгі мәжілісіміздің қорытындысы – нақты не істей аламыз? «Жайық Пресс» ЖШС екі облыстық газет пен аудандық газеттерде осы мәселені көтеріп, мақала жариялаймыз. Бүгінгі мәжіліс туралы ақпарат оқырманға жетеді. Екінші мәселе – ұлт батырлары, тұлғалардың суреті салынған мына дәптерлерді саудаға шығарамыз.
Меніңше, Құжырғали аға дұрыс айтады. Исатайды зерттеуші ғалымдар бір мәмілеге келуі керек. Көршілес аймақтармен хабарласып, қоян-қолтық жұмыс жасау керек. Сосын театрда қойылым мәселесін де қолға алған жөн секілді.
Сонымен, халық батыры, 1837-1838 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыс көсемі Исатай Тайманұлына арналған мәжілісіміз соңына таяды. Келгендеріңізге көп рақмет! Болашақта, әр бейсенбіде «Жайық Пресс» шаңырағында осындай ұлттық рухты ұлықтайтын кездесулер ұйымдастырылатын болады. Келесі кездескенше!
Дөңгелек үстел мәжілісін қағазға түсірген Қазбек Құттымұратұлы