Өңіріміздегі баспасөз тарихын жүйелі зерттеуді ұйымдастырып, жоспарлы түрде жиырмасыншы ғасырдың басындағы газеттерді кітап етіп шығаруым, құлпытастарды зерттеуді қолға алуым, түрлі тарихи деректі фильмдер түсіру, тарихи-танымдық журнал шығару т.б. рухани бағыттағы жұмыстармен шұғылдануым қазақ тілді аудиторияға жақсы таныс және бұл істер олардың жандарына жақын екені анық. Екі облыстық, он екі аудандық газетті біріктірген, баспаханасы, ақпарат, баспасөз тарихын зерттеу орталығы бар ақпарат саласындағы облыстық мекемені басқаруымның өзі қызметтік мәртебесі жағынан облыстық маслихатқа сұранып тұрғандай. Осы қырынан қарағанда қаймағы бұзылмаған қалың қазақы ауданнан облыстық маслихатқа жол тартсам өзіме қолайлы екендігінде сөз жоқ еді. Осыған байланысты болар ет жақындарым мен əлеуметтік желідегі достарым арасында қалалық мəслихатты таңдағаным жиі талқылануда.
Бірақ, мені облыс халқының тең жартысынан астамы тұрақты мекен еткен, оның ішінде өзім, отбасым және ағайын-тумаларым бар, табиғаты әсем, тарихы терең Орал шаһарының болашағы алаңдатады. Облыс жұртшылығының бәрінің де қаламен өмірлері тығыз байланысты. Ауылдағы әр отбасыда балаларының бас көтергендері қалада оқиды және жұмыста қалуға тырысады. Тіпті облыстық мəслихат депутаттрының дені қалада тұрады. Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін облыстың орталық қаласы еліміздің стратегиялық маңызды объектісі екендігінде сөз жоқ. Тұрғындардың қарапайым жағдайын жасаудан бастап Мәңгілік елді қалыптастыру үшін білім мен ғылым, кәсіпті дамытып, рухани бағыттағы жұмыстарды жүйелі жолға қою аса маңызды.
Көп пәтерлі үйлердің аулаларын жөндеу, арнайы спорттық алаңдар салу, автокөлік пен жаяу жүргіншілердің жолдарын, білім, мәдениет ошақтарын жөндеу, демалыс саябақтарын салу, күл-қоқыстарды шығарту т.б. күнделікті жұмыстар жетерлік. Ең бастысы туған қаламыз тек ішіп-жеп, жайлы демалатын орын ғана емес, сонымен қатар қазақ ұлтының айналасына басқа барша ұлт өкілдері ұйысқан достық пен бірлікке негізделген білім мен ғылымның орталығы және ұлттық рухтың қайнар көзі болар алып шаһар болуы тиіс.
Осы мəселелерді тек айтып қоймай, нақты іспен шешуге ұмтылуға, бар білімім мен күш-жігерімді елдің кəдесіне жарату үшін қалалық мəслихатқа бет алдым.