Ақынға әріптестер ат мінгізді

Ақын Қайрат Жұмағалиевтің 75 жылдық мерейтойына байланысты ресми шаралар алдағы қазан айында өтпек. Бірақ «Жайық Пресс» ЖШС-ндағы қаламдас інілері мен әріптестері ақын ағаның мерейтойын кеше дүйсенбіде бастап кетті.

«Жайық Пресс» ғимаратының алдына тігілген ақшаңқан киіз үй, оның жанында тықыршыған тұлпар келген елді бірден елең еткізген. Қайрат ағаның өзі жетекшілік ететін «Жайық Пресс» ардагерлері» ұйымына кіретін ақсақал журналистер де жиналыпты.

– Облысымыздың қоғамдық-саяси һәм мәдени өмірінің айнасы, 95 жылға жуық тарихы бар «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері, жалпы «Жайық Пресс» ұжымы әріптес Қайрат ағамыздың мерейтойын осындай қазақы қалыпта атап өтуді жөн көрдік. Біздің Қайрат ағаның өмірінде тағдыр сынағы көп болды. Бірақ ағамыз ол сынақтың бәрінен абыроймен өтті.

Қазір Қайрат Жұмағалиев – бүкіл қазақтың ел ағасы. Осындай адамның біздің ұжымда болуы – үлкен мақтаныш. Ісі мен сөзі бірдей қабысқан Қайрат ағаның айтқанын да істеу керек, істегенін де істеу керек. Әсіресе, Қайрат аға қазаққа ана сыйлаудың үлгісін көрсетті. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» әні – бүкіл қазақ аналарының гимні деп атар едік, – деді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.

Қазақы дәстүрге сай Қайрат ағамыздың иығына шапан жауып, София жеңгемізге қамзол кигізіп, тұмар сыйлаған Жантас Нәбиоллаұлы ақынға арнал­ған сәйгүлікті көл­денең тартты. Одан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы тілшісі Темір Құ­сайын, Жұбан Молдағалиев атын­­дағы облыстық кітапхана директорының орынбасары Са­ра Кенжебаева, №5 қала­лық емхана директоры Сәуле Бұл­қашева, «Жайық үні – Жизнь го­рода» газетінің бас редакторы Мира Шүйіншалиева, ақ­жайықтық ақын Сағынтай Би­сенғалиевтер ақынға арнаған ақжарма тілегін ақтарды. Белгілі қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері, кезінде «Орал өңірі» газетінде редакторлық еткен Бисен Жұмағалиев ақсақал ақынның қарапайымдылығына ерекше тоқтала келіп:

– Қайрат інім, жаңа ғана са­ған сыйланған Тоқтамыстың то­ры атындай тұлпар – символ­­дық сыйлық, ақынның өзі қар­тайғанмен, жүрегі қартай­май­ды, сондықтан шығар­ма­­­шы­лығың өрлей берсін, ел-жұртты жақсы шығармала­рыңмен қуанта бер! – деді.

Ақынның тойында өлең оқыл­маса, несі сән?! Ардагер жур­налист Ғилаж Наурзин, «Приуралье» газетінің қызметкерлері Галина Самойлова мен Балдай Сапарғали, «Орал өңірі» газетінің қызметкері Аяужан Кереева, сондай-ақ «Жайық Пресс» ЖШС қызметкерлерінің ұл-қыздары, мектеп оқушылары Расул Қайырлиев (№30 орта мектеп), Адайжан Мұратжан (№11 мектеп), Нұрсұлтан Жан­тасұлы (№42 мектеп) Қайрат ағамыздың түрлі өлеңдерін мә­нерлеп оқып берді. Салтанатты шараның көңілді өтуіне домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев, халықаралық және республикалық ән бай­қау­­ларының лауреаты Еркін Өтегенов, Райхан Қожекешова жетекшілік ететін «Қызғалдақ­тар» ән-би ансамблі өз өнер­лерімен үлес қосты.

– Туған жеріме келгелі екінші тынысым ашылғандай болды, жақында «Жарық дүние» деген кітабымды аяқтадым. Ел-жұрт ала­қанынан түсірмей, құрмет­теп жатыр. Рахмет, халқыма! –
деді тебіренген ақын.

Салтанатты шараның жалға­сы ақ дастарқан жайылған киіз үй ішінде жалғасты. Бұл той, ақжүрек ақын тойы ұзағынан болсын дейміз біз. Тілегімізді ақын Сағынтай Бисенғалиевтің кешегі шарада суырып салып айтқан мына сөзімен аяқ­таймыз:

Ұсынған ақ ниетін жұлдыз­ға орап,

Отырсыз тілеп барлық ұл-қызға бақ.

Алдағы армандарға ала қашсын,

Бүгінгі «Жайық Пресс» мінгізген ат!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Орал өңірі» газеті №110-111
18.09.2012 жыл

Scroll to Top