Жуырда семейлік жыршы-термеші Дүйсенғазы Нығметжанов Орал қаласына келіп кетті. 1990 жылдан бері жыршы-жыраулар және республикалық ақындар айтысында 25 рет жүлде алған, соның 11-інде 1-орын, 3-еуінде бас жүлдені иеленген көненің көзіндей Дүйсенғазы жырау Ақ Жайықта арқаланып, көсіле жырлап, біздің өлкеден ерекше қанаттанып аттанды. Аттанар алдында «Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында журналистермен кездесіп, жыр толғаған ағамызды сөзге тарттық.
– Дүйсенғазы аға, Ақ Жайықтың ауасымен 4-5 күн тыныстап, енді, міне, еліңізге аттанғалы отырсыз. Қандай бұйымтайыңыз бар?
– Рақмет, мен бір қызық айтайын. Ақ Жайыққа келуімнің өзі кездейсоқ болды. Өткен жылы бір бала телефон шалды. «Қай баласың?» – десем, «Нұртас Сафуллин деген баламын», – дейді. «Қай жердің баласысың?» – десем, «Оралдан телефон шалып тұрмын», – дейді. «Неге Оралдан маған звондайсың, не жағдай?» – десем, «Ата, сіз көп жырды жатқа біледі екенсіз, сізбен кездесіп, жыр тыңдағымыз келеді», – деді. Содан ол бала келем деп жиналып жүрді де, келмей қалды, мен ол туралы ұмытып кетіппін. Жыл өткен соң тағы да телефон шалып: «Ата, Оралға келе аласыз ба? Сізді шақырғымыз келіп отыр», – деді.
«Е, кел десең, келейін», – дедім. Жақсы қарсылады. Шынымды айтсам, мен тұңғыш рет Жайық жұртына есеп концертімді бердім, бар өнерімді салып жырладым. Бұл сапар мен үшін жай кездесу емес, үлкен бақыт болды. Себебі мен өз жерімде «әне, міне» деп концерт бере алмай жүруші едім. Ойламаған жерден Оралға келіп қалдым. “Жайық Пресс” ұжымының азаматтары жүгіріп жүріп қонақ етті, ақсақалы бар, қара сақалы бар, бәрін алдыма жинап берді де: «Ал енді жырды ағыт!» – деді. Шіркін, Қыз Жібектің елі – Ақ Жайықтың суын бір қанып ішіп кетсем деп армандайтын едім, ол арманым орындалды. Ешқандай бұйымтайым жоқ.
– Ақ Жайықтың жұртына өзіңізді таныстырсаңыз.
– 1949 жылы Семей облысында дүниеге келдім. Тағдырдың жазуымен 1972 жылы Семейдегі «Зағиптар қоғамының» оқу-өндірістік мекемесінде жұмысшы болып кірдім. 1975 жылдан бастап көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Хорға жетекшілік еттім, қазақ тілінің дамуы жолында еңбектендім. 1994 жылы Семей мәдени-ағарту училищесін бітірдім. Төрт балам бар.
– Жырға деген қызығушылығыңыз бала кезден оянды ма, әлде?..
– Бала кезімде ауылда кино жоқ, радио да көп сөйлемеді. Батырлар жыры алғаш жарыққа шыққанда 2 сом 20 тиын болды, бұл ол кезде әжептәуір ақша. Сатып алып жаттадым. Ертеректе Мұса деген көрші қарт болды, сауатсыз кісі, бірақ көп жыр білді. Алғашқы ұстазым сол кісі болды. Мен 1969 жылы 20 жасымда аяқ астынан көруден қалдым. Содан зағиптарға арналған кітапханадағы 40 мың кітап менікі болды. Отырып алып шетінен оқи бастадым… Көп жырды кітаптан жаттадым.
– Әңгімеңізге қарағанда қазақтың ауыз әдебиеті ғана емес, көп дүниеден хабарыңыз бар сияқты. Осы жерде туып-өскендей батыстың тарихын да жетік біліп отырсыз.
– Бұл – хан да, қара да өткен тарихқа бай жер. Пушкин, Даль, Толстойдың табаны тиген өлке. Дәулеткерей, Құрманғазы, Қашаған, Мұрын жырау өткен қасиетті жер. Мен әдебиетті тәуір білемін, себебі азаннан кешке дейін оқудан жалықпаймын. Сосын мен жай ғана жыршы емеспін, мен қазақтың ауыз әдебиеті, мақал-мәтел, көсемсөз, жыр, шариғат, жалпы тарих, мәдениет, өнер жөнінен бәрін отырғызып қойып лекция оқи алатын адаммын.
– Жыршылық өнерді дамыту үшін не істеу керек? Сіз білетін жыраулар кімдер?
– Жыршылық 1985 жылдан қайта жандана бастады. Баянғали Әлімжанов, Алмас Алматов, Майра Сәрсенбаева, Феруза Арманова, Күнсұлу Түрікпенова, Мақан Әбдіуәлиев сияқты бар болғаны 20 шақты жыршы бар. Оралда Сәкен Жанғазиев деген жыршы бар екен. Жақсы жырлайды, тек ізденіп, өнерін әлі де дамыта түсуі керек. Оған үлкен қолдау керек. Жалпы, жырдың мекені – Қызылорда жағы. Әр жерде шашырап жүрген шәкірттерді жинап, байқау жариялау керек. Оған көп қаржының қажеті жоқ, көлік тікпе, мысалы, халықты жина да, 5-6 баланы жыр айтуға отырғыз. Соңынан ішіне азын-шоғын ақша салып алғысхат бер. Бұл – жырды енді үйреніп келе жатқан жастар үшін үлкен марапат, қанаттанған бала келесі жолы жанын салады жырға. Жастарға жырды интернет емес, біз сияқты шалдар тарихты айтып отырып үйретуі керек.
– Жырдың ұрпақ тәрбиесіне ықпалы қандай деп ойлайсыз?
– Біріншіден, жыр жастарды Отанын сүюге тәрбиелейді. Мысалы, соңғы жылдары Әулие Валентина күні деген мейрам пайда болды. Егер қазаққа махаббат мейрамы сондай керек болса, жырдағы Гүлбаршын мен Алпамыстың, Қозы Көрпеш пен Баянның, Арыстан мен Гүлайымның махаббатын неге үлгі тұтпайды жастар? Жырдың халыққа, ұрпаққа беретіні ұшан-теңіз. Жырдағы осы бейнелер арқылы қанымызға тән адал қасиеттерді ұрпақ өз бойына жинайды.
– Жырды ортаға қайтып әкелу үшін не істеу керек?
– Алдымен жыршы-термешілерге мемлекет тарапынан қамқорлық қажет. Эстрадада пайда болған жаңа толқын батысқа еліктеп, жалаңаштанып, бастарын қисақтатып, жын соққандай сахнада секіреді келіп… Тыңдауға, көруге ұят, не әуен, не жүрекке жетер сөзі жоқ. Міне, осыған қыруар қаржы кетіп жатыр. Ұрпақты оясыздыққа, жеңілтектікке итермелейтін осыларға кеткен қаржыны неге ұлттық өнерге жұмсамайды? Сосын дәстүрлі әндер деген шықты. Мұны қай мисыздың ойлап тапқанын білмеймін, қазақта дәстүрлі ән деген жоқ, қазақтың халық әндері деген бар.
– 2-3 сағат жырланатын жырды қазіргі жастардың тыңдауға шыдамы жетпей жатады…
– Себебі жыр мектебі жоқ. Жырды бала құлағына қалай сіңіреміз? Ол үшін мектептегі домбыра, баян, ән, бидің қатарынан жыр үйірмесін ашуымыз керек. Р.Рымбаева, М.Жүнісова, жалпы барлық өнер иелерін мектеп тәрбиеледі. Қабілеттерін ашты. Сондықтан мектептегі ән-күй сабағын түзеу және оған жырды қосу керек деп ойлаймын. Жасынан құлағына жыр ұялаған бала 2 сағат түгілі, 5 сағат бойы тыпыршымай жыр тыңдай алады.
– Талай айтысқа қатысып, бәйгеден озып келіпсіз…
– Мен 1995 жылға дейін айтысқа қатысқан адаммын. 1990 жылы Семейде өткен Қаракерей Қабанбайдың 300 жылдығына арналған айтыста бас жүлдені жеңіп алдым. Сол жылы Қызылорда қаласында республикалық зағиптар қоғамы өткізген Н.Бекежановтың 100 жылдығына арналған айтыста бірінші орын алдым. Одан кейін аудандық, облыстық, республикалық бес айтыста 1, 2-орындарды иелендім.
– Қанша жыр білесіз? Жырыңызды үнтаспаға жаздырдыңыз ба?
– Негізі 20 жыр-дастанды жатқа білемін. Бүгінде репертуарымда «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Алпамыс батыр», «Шахнама», «Ескендір», «Қыз Жібек», «Арқалық батыр», «Қамбар батыр» жырлары бар. Семейде 12 жырды үнтаспаға жаздырғанмын. Бірақ диск болып қашан шығатынын білмеймін. Жұртқа қызмет салып жүріп алатын адам емеспін. Оралға осы келген сапарымда «Жайық Пресс» ЖШС-ның қызметкерлері «Қобыланды батыр», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», Абайдың «Ескендір» поэмасын, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырларын жазып алды. Кең отырып, бірнеше күн бойы сағаттап жырлап, киноға түстім.
– Елді көп аралайсыз ба?
– Басқа қалалар шақырса, барар едім, бірақ шақырмайды. Себебі қазақ жырдан ажырап қалды. Семейде көзі нашар көретіндердің «Шамшырақ» атты жыршы-термешілер клубы бар. 11 жылдан бері соның жетекшісімін, жастарға білгенімді үйретемін. Менен кейін осы мектепті біреу ұстап қалса деп армандаймын. Ақ Жайықтың ақ пейіл адамдарына, жырау деп мені еліне шақырып, үлкен құрмет көрсеткен азаматтарға, жырдың мән-мазмұнын түсініп, жүрекжарды құттықтау лебізін білдірген облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа алғысым шексіз.
Әңгімелескен Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,
«Орал өңірі» газеті