Бүгін Орал қаласындағы №47 мектепте «Өз өлкеңді тану – рухани жаңғырудың даңғылы» атты өлкетанушылар конференциясы өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі идеясын жүзеге асырып, мектеп оқушыларының өз еліне, жеріне, туған халқына деген патриоттық сезімдерін қалыптастыруды мақсат еткен конференцияға қаланың 32 мектебінен 90-ға жуық оқушының зерттеу жұмыстары жинақталған.
Конференцияда сөз алған қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жас өрендерді туған өлкенің әр тасын, сай-саласын тани білуге, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстану қажеттігін атап өтті.
-Егіндікөл қорымындағы Сегізсай кешенін ғалымдар сегізге бөліп қараған. Ғалымдар әр жылдары келіп, қазба жұмыстарын жүргізген. 1977 жылдан бастап үш жыл қатарынан үздіксіз зерттеудің нәтижесінде 88 оба ашылған. Біз көбіміз соңғы жылдары табылған алтын адамдар туралы білеміз. Бірақ осы «Сегізсай» кешенінен де алтын жапсырмалары бар адамдар табылғанын көбі біле бермейді, –деп әңгімесін жалғаған Жантас Нәбиоллаұлы әрі қарай өзі өскен өлке, жасалған жұмыстар мен олардың нәтижесі туралы бейнетаспаны оқушылар назарына ұсынды.
«Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Қазбек Қабжан араб жазулы құлпытастардың зерттелуі туралы айтты.
-Даладағы тастардың бәрі эпиграфикалық ескерткіштер болып саналады. Бұған дейін осындай ескерткіштер Маңғыстау өңірінде көп деп саналатын. Бірақ соңғы кезде біздің өңірде де көп екендігі анықталды. Мәселен, Бөкей ордасындағы хан зиратында 600-ге жуық құлпытас бар. Бұл зерттелуі керек. Араб жазулы құлпытастардан сәулет өнерінің небір үлгілерін кездестіруге болады. Сол сияқты құлпытастағы жазбалардан сол кездегі қазақтардың діни көзқарасын, сенімін, идеологиясын айқын аңғаруға болады. Қазіргі шетелден келген теріс ағымдарға қарсы тұратын дәстүрлі уағыздар, аяттар, хадистер осы құлпытастарда жазылған, -деп сөзін сабақтаған Қазбек Құттымұратұлы құлпытастар сырын білгісі келетін оқушыларға экспедиция ұйымдастыру, мектеп жанынан үйірмелер ашуға болатындығы жөнінде ұсыныс білдірді.
Конференциядан соң «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт», «Ұлы даланы ұлы есімдері» атты секциялық отырыстар болды. Конференцияға қатысқан оқушылардың үздік іздестіру жұмыстарын анықтай отырып, жинақ кітапша шығарылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,
сурет Кәусар Байғалиева
zhaikpress.kz