Жақында «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратында бір топ ғалым мен журналист бас қосты. «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында елімізге қандай пайдалы тарту жасай аламыз?» деген сауал төңірегінде ой бөліскен зиялы қауым өкілдері Батыс Қазақстан облысының этномәдени мұрасын жүйелеп, бір жерге жинақтайтын орталық қажет-ау деген мәмілеге келіп отыр.
Ақ Жайық өңірі – ежелден мәдени мұраға бай, тарихы терең өлке, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр.
– Бірақ өкінішке қарай, барымызды жарқыратып көрсете алмай келеміз. Мысалы, Батыс Қазақстан өңірінің қара өлең дәстүрі әлі зерттелген жоқ, жинақталған жоқ. Бүгінде ол көненің көзі – әжелерімізбен бірге жоғалып барады. Рухани қазынасын жинақтап, ел игілігіне асыруда көршілес Ақтөбе облысы әлдеқайда алға кетіп қалды. Өз жерлесіміз Алпысбай Мұсаев басқаратын «Ақтөбе облысының этномәдени аймағы» орталығы қазірдің өзінде қыруар шаруа тындырды, бірнеше кітап шығарды, Абат-Байтақ, Қобыланды кесенелерін көтерді.
Облыстық радионың директоры, журналист Рашид Шақу ел арасындағы этномәдени құнды қазынаны жинақтауда журналистердің әлеуетін пайдаланса деген идея айтты. Шынында, жұмыс бабымен жиі іссапарға шығатын тілші қауым жүрген жерінде көкірегі шежіре қарияларымызға арнайы жолығып, ел мен жер тарихына қатысты деректерді жинақтаса, газетке жариялап, радиодан сөйлеп, теледидардан көрсетсе, қандай ғанибет!
Бүгінгі азаттық – ата-бабамыздың сан ғасырлық күресінің жемісі. Бұл күресте қан да, тер де, көз жасы да көп төгілді. Ел тәуелсіздігін нығайту үшін жанкешті еңбек керек. Ол үшін жас ұрпақтың білімі терең, дені сау, ұлтжанды болуы тиіс. Ұлтжандылық, менің ойымша, туған елдің тарихынан бастау алады. Тарих жаңадан зерттеліп, бұл бағытта көп іс тындырылуда. Осы іске мүмкіндігінше атсалысу – азат елдің әр азаматының парызы. Жұмысымыздың негізгі бағыты етіп қағазға түспеген, түссе де ескерусіз қалған ел аузындағы батыр, би, шешен, жұрт әулие тұтқан тұлғалар, тарихи орындар туралы материалдарды жинақтасақ. Бұл кезек күттірмейтін мәселе деп есептеймін. Себебі күн санап бабаларымыздың батырлығы, би-шешендердің әділдігі мен шеберлігі туралы сыр шертетін қарияларымыз азая түсуде. Ауыл-аймақтардан осыған байланысты құнды деректерді жинақтасақ, болашақ ұрпаққа тарих сабақтастығын жалғастырып, туған жерге деген сүйіспеншілігі мен мақтанышын арттырар едік. Болашақта интернет-сайтқа осы мәліметтерді жариялап, пайдалану аясын кеңейтеміз, – дейді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.
Ендеше, «ұрыста тұрыс жоқ». «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің басын қосқан «Жайық Пресс» ЖШС осы бір іргелі істің ұйытқысы болуға тәуекел етіп отыр. Осы кезге дейін жазылған, зерттелген, қағазға түскен деректерге қоса, әлі күнге дейін көп көңіл бөлінбеген көмескі тарих, ел мен жерге, тарихи тұлғаларға қатысты аңыз-әфсаналарды да жинақтап, жүйеге түсірмекпіз. Әсіресе, ел жұрттың есінде қалған батыр, би, шешен, әулие тұлғаларына, мешіттер туралы деректерге, қара өлең, айтыс, қағытпа-әзіл секілді фольклорлық қазынаға ерекше қызығушылық танытамыз. Бұл жұмысқа үлес қосуға белгілі тарихшы, әдебиетші ғалымдарға қоса, ел ішіндегі барша ағайынды шақырамыз. Тың тарих, құнды материалдар «Орал өңірі» газетінде жүйелі түрде жарияланатын болады. Атсалысыңыз, ағайын!
«Жайық Пресс» ЖШС