Бейсенбі күні таңертең «Жайық Пресс» ЖШС жарнама бөлімінің қызметкері Қымбат (есімі өзгертілді) әдеттегідей жұмысқа келе жатқан болатын. Қызмет орнына жақындай бергенде, қолына ұстаған сөмкесін әлдекім жұлып ала жөнелді.
Көргені – ақсұр күрте киген жас жігіттің аяғы тимей зырлап бара жатқаны ғана. «Ұрлады, ұрлады!» деп айғай салып, соңынан қуа түскенімен, желаяқтан бетер жігіт әп-сетте көп қабатты үйлердің арасына түсіп, көрінбей кетті. Шарасыз келіншек анадай жерде жол жиегінде тұрған МАИ қызметкерінің көлігін көріп, болған оқиғаны хабарлады да, жұмыс бөлмесіне келді. Орнына отырып, жүрегінің дүрсілін баса бергені сол еді, екі жас қыз кіріп келіп, «Апай, неғып отырсыз, жүріңіз, сізді тонаған қарақшылар қолға түсті!» демесі бар ма?!
– Біз сол жердегі кафеден тамақтанып, шығып келе жатқанбыз, – дейді облыс орталығындағы колледждердің бірінде оқитын 20 жасар Әйгерім.
– Бейтаныс бір әпкенің айғайын естідік. Оның тоналғанын білген соң құрбым Мәдина екеуміз екіге бөлініп, көрсеткен бағытқа жүгірдік.
Қашқынды алдымен Әйгерім байқапты, «Ақсұр киімді, қолына қара сөмке ұстап қашып бара жатқан жігіт Кердері көшесіндегі үйді айналып, көрінбей кетті. Соңына түсіп, қарсы кездескен әжеден әлгінің қайда кеткенін сұрадым. Бағытын білген соң сол аулаға кірдік. Бір ағай үйден шығып, машинасын қыздырып жатыр екен, ол екі жігіттің қай дәлізге кіргенін анық көрсетті. Бірақ бұлардың екеу екенін біз білген жоқ едік. Шамасы, біреуі әріректе жасырынып тұрса керек» дейді ол.
– Үйден шығып келе жатыр едім, екі жігіттің ырсылдап жүгіріп, кіріп келе жатқанын көрдім. Қолдарында әйел сөмкесі. Күдіктілеу көрінді. Өздері біздің дәліз тұрғындары емес. Іле-шала жеткен қыздардан мән-жайды білген соң, келе қалған жол полициясы қызметкерлеріне қылмыскерлердің қайда тығылғанын айттық. Сол замат ол рациямен көмек шақыртып, өзі ішке кіріп, қарақшының біреуін алып шықты. Соңынан екіншісі де қолға түсті, – дейді Жомарт ағай.
Жәбірленушінің шағымынан кейін жедел жеткен жол полициясы қызметкерінің аты-жөні Хайдар Жексенов екен. Өз басын қатерге тігіп, қарақшылардың соңынан қалмаған қос құрбы – Әйгерім мен Мәдинаға, қарапайым қала тұрғыны Жомарт ағайға, жедел қимылдаған полиция сержанты Хайдар Хамитұлына сол жерге жиналып қалған жұртшылық шынайы ризашылық білдіріп жатты. Әсіресе, студент қыздардың азаматтық белсенділігі, батылдығы мақтауға тұрарлық. Егер біздің әрқайсысымыз қоғамдағы кемшілікпен, заңбұзушылықпен, қылмыспен осылай күресе білсек, айналамыз әлдеқайда жарқын болар еді-ау деген ой келді бізге.
Айтпақшы, қолға түскен қос қарақшы кірген жерінде Қымбаттың сөмкесіндегі «олжасын» бөлісіп үлгеріпті. Ішіндегі іске жарарын қалтаға басқан соң, сөмкені жасырып тастаған. Құқық қызметкерлері куәгерлердің көзінше күдіктілерді тінткен кезде, олардың қалтасынан Қымбаттың құжаттары, ұялы телефоны, ақшасы шыға келді. Сол жердегі әңгімеден естіп қалғанымыз, қос қарақшының бірі темір тордың арғы жағынан жақында ғана шықса, екіншісі шартты түрде жазасын өтеп жүрген сабаз екен. Тепсе темір үзетін шағында адал еңбек етудің орнына, қорғансыз әйел затының қолындағысын тартып алып қашқан жексұрындардың түріне жиіркене қарадық…
…Тілге тиек болған оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс Абай ішкі істер бөлімінің қарауына түсті. Ал «Жайық Пресс» ЖШС басшылығы азаматтық белсенділік көрсеткен қос құрбының ерлігі үшін олар оқитын колледж басшылығына және кәсіби міндетін тез әрі шебер атқарған полиция сержанты Х.Жексеновке алғыс айтып, БҚО ІІД жол полициясы басқармасының бастығына алғысхат жолдады.
Қазбек Құттымұратұлы,
«Орал өңірі» газеті