Облыстық «Орал өңірі» «Өлке тарихын өзіміз жинақтайық!» атты үндеу көтеріп,газетіміздің биылғы №27 (03.03.2011)санында мақала жариялаған еді. Бастамызға үн қосып, ел ішінде сақталған құнды тарихты қағазға түсіріп, бізге жолдап жатқан жаңақалалық М.Жаданов, Т.Сәрсенғалиев, дарияндық Ғ.Өтебәлі, қаратөбелік Қ.Хасанов ағаларымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл мақалалар болашақта газетімізде жарияланатын болады.
Алғашқы сапар
Біздің бағдарлама жобасында өлке тарихын зерттеп жүрген ғалымдармен әріптестік, қажет жерінде көмек көрсету туралы ұйғарым да бар еді. Сондықтан белгілі тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова Алашорда үкіметінің батыстағы бесігі болған Жымпиты мен Қаратөбе өңіріне сапарлап қайтуды ұсынғанда, қуана келістік. Бұл сапардың мақсаты, біріншіден, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Алашорда тарихына тағы бір оралу болса, екіншіден, келер жылы (28 маусым) Жаһанша Досмұхамедұлының 125 жылдығына орай ұйымдастырылар шараларға серпін беру еді.
Тарихы орындарға сапарға шыққанда сол жердің шежіресін жетік білетін кәсіби маманмен бірге жүргеннің орны бөлек болады екен. Бұған дейін «Жаһанша елі», «Алашорданың батыс бөлімінің тарихы – өлке тарихының құрамдас бөлігі», «Алаш қозғалысы және Жаһанша Досмұхамедұлы» атты кітаптар шығарған Дәметкен Досмұханқызы Күнбатыс Алашордасына қатысты бізге беймәлім талай нәрсені айтып берді. Арамызда Алашорда көсемдерінің бірі Жаһанша Досмұхамедұлының белнемере туысы, зейнеткер Бисенғали Қуанышәлиев ағамыздың болғаны да сапарымыздың мазмұнын байыта түсті. Досмұхамед әулетінің атақонысын көріп, қасиетті топыраққа табанымызды тигізіп қайттық…
Жымпитыдағы жасампаздық
Алашорданың 90 жылдық мерейтойын республикалық дәрежеде атап өткен Сырым ауданында Күнбатыс Алашорда тарихына қатысты ескерткіштер көп-ақ. Он жеті ай бойы жұмыс істеген Ойыл уәлаяты үкіметінің бас кеңсесі болған екі қабатты ғимарат сақталған. Үйдің қабырғасына «Бұл үйде 1918-1919 жылдары Жаһанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы басқарған Күнбатыс Алашорда үкіметі орналасқан» деген тақта ілініпті. Күрделі жөндеуден өткен, қарағаймен қапталған үйде бүгінде Сырым Датұлының музейі жұмыс істеп тұр.
- Бұл тарихи ғимарат шындығында Алашорда музейіне лайық. 1918 жылдың 18 мамырында осы Жымпитыда Ойыл уәлаяты құрылды. Осы жерде 1919 жылға дейін жұмыс істеді. Кейін бұл үйде НКВД орналасқан. Жалпы, Қазақстанда Алашорда тарихына қатысты ғимарат жоқтың қасы. Семей қаласында Абай, Мұхтар Әуезов жатып оқыған үй сақталған. Бірақ ол үй Жымпитыдағыдан кішкентай. Сол үйде семейліктер Алашорда музейін ашты. Жымпиты ауданының әкімі Е.Нысанғалиев Сырым батыр музейіне бөлек ғимарат тұрғызып, бұл үйді Алашорда тарихына қатысты жәдігерлерге арнауға уәде берген болатын, – дейді Дәметкен Сүлейменова.
Бізді осы жолы аудан әкімің өзі жылы қарсылады. Келер жылы келетін Жаһанша мерейтойына әзірлік шараларын орынбасарлары мен мәдениет бөлімі басшыларына нақты тапсырды.
Аудан орталығында Алашорданың 90 жылдығына орай ашылған арнайы саябақты аралап көрдік. Мұнда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Уәлитхан Танашев, Иса )Ғайса) Қашқынбаев, Беркінғали Атшыбаев секілді арыстардың бюсті орнатылған. Аллеяның ең басында, биік мұнара үстінде алтын күн, қанатын жайған қыран бейнеленген. Қара гранитке ел тәуелсіздігінің бастауында тұрған арыстарымыз Әлихан, Жаһанша және Халелдің суреті қашап салыныпты.
- Жаһаншаның қолына Алашорданың конституциясын ұстатқан себебіміз – Алашорда үкіметінің бағдарламасын жазу заңгер Жаһанша Досмұхамедұлына тапсырылған болатын, – дейді Дәметкен Досмұханқызы.
Қаратөбеде Алашорданың «иісі» жоқ…
Сапарымыз Қаратөбеге қарай жалғасты. Дәметкен апай жалпы Орал қазақтарының, яғни Күнбатыс Алашорданың бес сиезі өткенін айтады. Оның алғашқысы – Орал қаласыңда, екіншісі – Ойылда, үшіншісі – Қаратөбеде, төртіншісі – Жымпитыда, бесіншісі – Қызылқоғада өтіпті. Қаратөбе – қай жағынан алғанда да бүгінгі Орал, Атырау, Ақтөбе облыстарын қамтыған Күнбатыс Алашорданың нақ ортасында жатқан, кезінде қайнаған оқиғалардың өзегі болған мекен. Бірақ қазіргі Қаратөбеде Алашорда тарихын еске салатын белгі-ескерткіш жоқтығы өкінішті-ақ.
- 1918 жылдың ақпан айында Алашорда сиезі өткен мешітінің мұнарасын менің бала күнімде қос өгізбен тартып құлатты, – дейді 1927 жылы туған еңбек ардагері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Малдыбай Бердіғалиев. – Әкемнің «Бұлар мешітті түгел құртатын болды-ау» деп күйінгені есімде. Сол ғимарат 1950 жылдары мүлдем жойылып, жоқ болған…
Қазір мешіт орны үлкен төмпе болып жатыр екен. Малдыбай ағайдың айтуынша, бұл жерде татар махалласы болған. «Саудагер жеті татар тұрды. Есімдері – Бәкір, Зәкір, Хамеледдин, Жалеледдин, Ахмир, Ахмет, жетіншісінің атын ұмыттым. Жалпы, татар көп болды, бірақ бұл жетеуі саудамен айналысып, жергілікті қазақтардан алған тері мен жүнді Ойыл жәрмеңкесіне апаратын. Қазақтар бұларды «жеті мәшине» деп атаған. Сиез өткен мешіттің өзі де «татар мешіті» аталатын. Бүгінде татар махаласының орныңда кезінде мешітпен көршілес тұрған үйдің ғана жұрнағы қалыпты. Бұл жерде Алаш арыстары бас қосып, ел тағдырын шешкен жиын өткені туралы еш белгі жоқ.
Айтпақшы, «Осы үйде Батыс Алашордашылардың сиезі өткен 1918-1998» деген жазуы бар мәрмер тақтаны біз аудандық өлкетану музейінен көрдік. Яғни бір кездері бұл белгі тарихи орында тұрған болса керек. Кейін белгісіз себептермен алынып тасталған…
«Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының кеңсесінде аудан басшыларымен өткен жиында алаштанушы ғалым Қаратөбеден Алашорда «иісі» шықпайтынына қынжылыс білдірді.
- Шыңдығына келгенде, Күнбатыс Алашорданың тарихында Қаратөбенің алған орны ерекше. Сиез өткені өз алдына, қаншама каратөбелік «алашордашыл халық жауы» атанып, атылып кетті. Қарабай Көзеев деген Алашорда қайраткері болған, Шөптікөлде жерленген көрінеді. Осы Қаратөбеге тұрмысқа шыққан қызына Ойылдан қыдырып келген Алаш қайраткері Хасан Нұрмұхамедовпен дастарқандас болғаны үшін ғана қаншама жерлестеріңіз қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл жөнінде жақында «Ана тілі» газетіне мақалам жарияланды, – дейді Дәметкен Сүлейменова.
Алаштанушы ғалымның «мұғалімдердің биылғы облыстық тамыз мәслихатын Қаратөбеде өткізіп, оған Ақтөбенің Ырғызынан, Атыраудың Қызылқоғасынан мұғалімдер шақырсақ. Баяндама жасайтын ғалымдарды мен өзім ұйымдастырайын. Күнбатыс Алашорданың сиезі өткен орындарды басып өтетін тарихи-танымдық экскурсия маршрутын жасасақ. Мұның бәрі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған патриоттық мені бар шара болар еді» деген ұсынысын аудан әкімінің орынбасары Сатқан Өмірзақұлы түсіністікпен қабылдады. Ал Қаратөбе ауылында да Жымпитыдағыдай алашорда тарихын еске түсіретін ескерткіштер болса деген ойын ортаға салған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллинді кеңеске жиналған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали ермекқалиев, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының төрағасы Еркінбек Ғаббасұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Абат Ашық бірден қолдады.
- Қаратөбе ауылына мұндай ескерткіш төл тарихымыздағы ақиқатты айқындау үшін керек. «Өлі разы болмай, тірі байымас» дегендей, елінің егемендігі үшін бар күнжігерін жұмсап, құрбан болған бабаларымызға қанша құрмет жасасақ та артық емес. Жастарымыз осы ұлыларымыз арқылы ұлттық рухта тәрбиеленер еді. Болашақ ұрпақ осы арыстарды үлгі тұтып есер еді. Ең ақыры, аудан орталығы әдемі туындымен ажарланып қалады емес пе?!. Ел экономикасы көтеріліп, халықтың материалдық тұрмысы жақсарып келеді, ендеше, материалдық игілік рухани баюымызға, тарихи мазмұнымыздың тереңдеуіне жол ашуы керек! – деген еді Жантас Нәбиоллаұлы.
Жаһаншаның атамекені
«Жаһанша Досмұхамедұлының анасы – әйгілі Сырым батырдың ұрпағынан. Жаһанша атамыздың асқан шешендігі осы нағашы жұртынан жұққан болуы мүмкін».
Дәметкен Досмұханқызы айтқан бұл жәйтті өз басым бұрын естімеппін. Шыны керек, Алаш арыстары туралы көп мәселе көпшілікке әлі беймәлім жатыр-ау…
- Жымпиты ауылында Жаһаншаның өзі тұрған үйі болып еді. Кеңес жылдары қиратып, орнына жаңа құрылыс салып жіберді, – дейді арыстың белнемере туысқаны Бисенғали ағамыз.
Бисенғали Құдесұлы бізді Жымпиты ауылына қарасты Бұлдырты ауылдық округіндегі кезінде Жаһаншаның ата-бабалары қоныс еткен мекенге қарай бастады. Самара-Шымкент күре жолының оң жағына бұрылып, қара жолмен бірнеше шақырым жүргенде, оң жағымыздан жалғыз құлпытас көзге шалынды. Бұл – Бисенғали ағамыздың әкесі Құдес ақсақал орнатқан белгі екен. Көк бояумен сырланған белгіге: «Руы Байұлы Сұлтансиық Қарақұнан тана Сүйіндік Құдар Қуанышалыдан Сұлтан Қазірет Майдан Досмұханбет Жәншә 1883 ж. туған, 1937 ж. қайтыс болды. Ескерткіш қойған Қуаншалиев Құдес Олданбаласы. Білгенімен дұға етсе сауап» деп жазылыпты.
- Дәл осы жерде Досмұхамед қарияның қонысы болған, осы жерде Жанша атамыздың кіндік қаны тамған. Әкем осы құлпытасты 1998 жылы, дүниеден өтерінен бір жыл бұрын орнатыпты, – дейді ағамыз.
- Дәл осы Егіндіой алқабында Жаһаншаның әскері ойын ойнап, жатыққан ғой! – дейді Дәметкен Досмұханұлы әңгімеге араласып.
Айтпақшы, Батыс Алашорданың өз әскері болғанын, Ойылда юнкерлер мектебін, Жымпитыда милиция мектебін ашқанын, онда кәсіби әскерилер сабақ бергенін бүгінде көп адам біле бермейді. Алашордашылар Уақытша үкіметтің Самарадағы кеңсесі «учредительное собраниемен» («Комич») келісімге келіп, одақтас ретінде көп көмек алған. Жазушы Әнес Сарайдың айтуынша бұлар Алаш әскеріне 2 млн. сом ақша, 3000 әскерге киім-кешек, қару-жарақ ьеріпті. Ал Батыс Алашордаға арнайы 2000 мылтық, 37 пулемет, 2 зеңбірек, 2 автомобиль берілген.
- Жаһаншаның «Мерседес» маркалы осы қос машинасы – Жымпиты топырағын басқан тұңғыш автокөлік, – дейді Дәметкен апай. – Бір қызығы, 1919 жылы Ойыл уәлаяты үкіметі Қызылқоғаға көшкенде, жалғыз «Мерседес» кеткен.
«Жаһаншаның екінші машинасы киізсе оралып, құжаттармен бірге бір түнде жасырын көмілген екен» деген аңыз әлі де ел ішінде бар көрінеді. Мұны Бисенғали аға да растайды.
- Шіркін, сол құжаттар табылса…, – дейді Дәметкен Досмұханқызы.
Әрине, облысымызда там-тұмдап болса да Алаш қайраткерлерінің өмірі мен ісін ұлықтайтын шаралар атқарылып жатыр. Облыстық тарих және археология орталығы Күнбатыс Алашорда тарихына қатысты құжаттарды үш том етіп жариялағалы отыр екен. Оның бір кітабы – Батыс Алашорда энциклопедиясы. Осы тақырыпта халықаралық ғылыми конференция өткізу де жоспарланыпты. Тәуелсіздіктің таңсәрісінде туып, тағдыры талқыға түскен тұлғаларымызды тереңірек тануға ұмтылу – бүгін ел тұтқасын ұстаған әр азаматтың борышы ғой деген ой түйдік осы сапарымызда.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
Орал – Жымпиты – Қаратөбе – Бұлдырты – Орал
Орал Өңірі