Оралда қазақтың жеті ұлы тұлғасының бейнесі салынған дәптерлер шығарылды. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына жасалған тарту – «Жайық Пресс» ЖШС-дағы «Нұр Отан» ХДП бастауыш ұйымының бастамасымен аталмыш серіктестіктің баспаханасында өндірілген отандық тауар. Жуырда жаңа дәптерлердің тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Абай, Исатай, Махамбет, Сырым, Райымбек, Құрманғазы, Динаның суреті бейнеленген 36 беттік қалың дәптерді шығаруға бір айдай уақыт кеткен.
– Мақсатымыз – ел тәуелсіздігі мен ұрпақ болашағы үшін тер төккен ұлыларымызды ұлықтап, жастардың бойында Отанға деген патриоттық сезімді қалыптастырып, оларға ұлттық тәрбие беру. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген осы дәптерлердегі тарихи тұлғалардың бейнесіне қарап оқушылардың сабаққа деген ынтасы және елге, туған жерге деген сүйіспеншілігінің артары сөзсіз. Сондай-ақ отандық өнім арқылы жастардың санасын улайтын шетелдік тауарларды ысырып, оқу құралының мол таңдауын жасау, – дейді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.
Тұсаукесерге қатысқан қалалық білім беру бөлімінің бастығы Жансұлу Төремұратова да жаңа дәптерлер жайлы жылы пікірін білдіріп, оқушының негізгі құралында бабалар бейнесінің салынуы отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға оң ықпал ететінін тілге тиек етті. Ал дәптер мұқабасындағы Абай мен Махамбет сықылды ұлыларымыздың бір ауыз өлеңінің өзі жастарға ой салып, тұлғалардың өмірдерегі жайлы ақпараттар да балалардың жадында тез жатталатындығына мән берді.
Суреті белгіленген әрбір ұлы тұлға жайлы қысқаша мәліметтер дәптердің соңғы бетінде берілген. Ал толық мағлұматты infoportal.kz сайтынан алуға мүмкіндік бар. Бұл жаһандық ақпараттану заманында жастарға ұлттық тәрбие берумен қатар, қазақ тіліндегі интернет жүйесінің дамуына жол ашады. Жаңа тауардың сыртындағы дала табиғатының көрінісі де әр қазақтың жүрегіне мақтаныш сезім ұялатпақ.
Отандық тауардың таныстырылымына бірқатар ата-аналар мен «Нұр Отан» ХДП БҚОФ, облыстық тілдерді дамыту басқармасының өкілдері мен журналистер қатысты.
Әзіргі жеті түрлі дәптердің әрқайсысы 500 данадан шығарылды. Бағасы 65 теңге тұрады. Сатып алушылар Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1 мекенжайында орналасқан «Жайық Пресс» ЖШС-ға келуіне немесе 50-30-14, 24-02-66 телефондарына хабарласуына болады.
Артур МАҒЗОМОВ,
«Орал өңірі»