Шілде айындағы «Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында өткен дөңгелек үстел Исатай Тайманұлының 220 жылдығына арналған еді. Кейін баспасөз мәжілісінде талқыланған тарихи тақырып газетімізде жарияланып, қоғамдық пікір туғызып, бірқатар оқырмандарымыз редакцияға хабарласқан болатын.
Жуырда кезекті дөңгелек үстелде баланы қазақ мектебіне беру мәселесі талқыға түсті. Басқосуға «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы, қалалық білім беру бөлімі мен облыстық тілдерді дамыту басқармасының өкілдері, ата-аналар мен журналистер қатысты. Мәжілісті «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин кіріспе сөзбен ашты.
Жантас САФУЛЛИН, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры:
– Бүгінгі тақырыбымызды «Тілге құрмет – елге құрмет» деген атаумен алып, бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіннің болашағы, оның мемлекеттік тілде білім алуы мәселесін қоғам талқысына салуды жөн көрдік. Бүгінгі сапалы білім, саналы тәрбие алған жас шәкірт – ертеңгі ел тұтқасын ұстар азамат, білікті маман. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Ал қазір қоғамда бірқатар өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ мектебіне берсе, ұл-қызы орыс мектебінде оқитын қазақ отбасылары да кездеседі. Оның әр түрлі себептері бар. Мәселен, олар мемлекеттік тілдің болашағына үлкен сеніммен қараса да, қазіргі қазақ мектептеріндегі білім сапасына байланысты әрқилы ой айтады. Осы жерде ата-аналардың да пікірін тыңдасақ.
Роза ИСМАҒҰЛОВА, «Приуралье» газетінің қызметкері:
– Менің 6 жасар балам биыл бірінші сыныпқа барады. Өзім келмеске кеткен орыс тілінің «салтанат» құрған уақытында тәрбиеленсем де, баламды ойланбастан қазақ мектебіне беруді ұйғардым. Басқа таңдау жасаған емеспін. Өйткені тәуелсіз мемлекетте мекендеген әрбір қазақстандықтың болашағы мемлекеттік тілді меңгеруімен тығыз байланысты.
Юрий КАЗАНИН, қала тұрғыны:
– Менің үлкен балам дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернатында білім алуда, ал кіші қызым қазақ балабақшасына барады. Бастапқыда түрлі ой болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіміз қазақша білмегендіктен, балаларымызды қазақ мектебіне берсек, оларға да, бізге де қиын болар деген ой болды. Қазір осы жасаған қадамымызға қуанбасақ, өкінбейміз. Кіші балам да екі-үш айдың ішінде балабақшадан қазақ тілін тым тәуір үйренді. Үлкенін қазақ мектебіне бермес бұрын балаларымның анасы мемлекеттік тілді үйрену курсына барды. Жұбайым бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарады. Қазір ол да ауызекі сөзді үйренді. Біздің еліміз көпұлтты болғанымен, мемлекеттік тілді меңгеру баршамызға абырой, міндет. Бүгінгі таңда «қазақ тілін үйренем» деген адамға мүмкіндік мол. Дүкендерде де суретімен екі тілде жазылған танымдық кітаптар сатылады. Сондықтан өзге ұлт өкілдері ұл-қызын қазақ мектебіне беруге үрейленбеу керек.
Сұлтан ЕЛЕУОВ, қала тұрғыны:
– Мен орыс тілді ортада, Қарағандыда өстім. Балаларымды да қазақ мектебіне берген жоқпын. Әр түрлі пікір, кеңес бергендер болды. Бірақ өз ұстанымымнан айнымадым. Жеке көзқарасымды айтар болсам, менің ойымша, көптеген қазақ мектебіндегі мұғалімдердің жұмыс өтілі аз, оқу орнын енді тәмамдағандар. Және олар «балаға білім берсем деп емес, жұмыс істеп, жалақы алсақ болды» деп түсінеді. Ал кеңестік кезеңдегі тәжірибелі педагогтардың басым бөлігі орыс мектептерінде еңбек етеді. Мен оқыған кезде мұғалімнің беделі жоғары болды. Қазіргі кезде сол қалпында деп айта алмаймын. Ол материалдық жағдаймен де байланысты. Әрине, мемлекет тарапынан көңіл бөлінуде. Балаларым орыс мектебінде білім алғанымен, болашақта жоғары оқу орнын қазақша оқиды деп үміттенемін.
Жансұлу ТӨРЕМҰРАТОВА, қалалық білім беру бөлімінің бастығы:
– Бір-екі ай бұрын осылай ата аналармен кездесіп, ой пікірлерін білсем деп жоспарлап жүр едім. Бүгін «Жайық Престің» ұйымдастыруымен бұл істің де орайы келді. Жалпы, білім беру жүйесінде басшылық қызметте жүрген соң мектептерге жиі барып, ата-аналармен де кездесемін. Мен үшін қазақ мектебі мен орыс мектебіндегі білім беру сапасы бірдей деңгейде. Әрине, жоғары деңгейде болуы тиіс. Себебі қандай мектепте білім алса да, ол – біздің баламыз, біздің болашағымыз. Егемен елдің баянды болашағына жауапкершілікпен қарап, балаларын қазақ мектебіне берген ата-аналардың бастамасы құптарлық іс. Ал «қазақ мектептеріндегі білім сапасы төмен» деген оралдықтардың пікірімен толықтай келіспеймін. Соңғы жылдары қазақ мектептерінің алға қарай жылжуы анық байқалады. Білім көрсеткішімен ғана емес, тәрбие беру процесі де жүйелі жолға қойылды. Кейбір білім ошақтары республика көлемінде танылып үлгерді. Мұндағы мұғалімдердің де кәсіби біліктілігі жоғары, шәкірттері білім сайыстарында үлкен жетістікке жетуде. Қазіргі таңда қазақстандық мектептердің материалдық-техникалық базасы көршілес ресейліктермен салыстырғанда көш ілгері. Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсинамен болған кездесуде мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынас мәселесін көтердім. Бүгінде көптеген ата-аналар білім беру ұйымына, педагогтарға қатысты ойларын ашық айтып жатады. Бірақ бала тәрбиесінде ата-аналар тарапынан да жауапкершілік болуы керек. Ата-аналар мұғалімді, мектепті сыйламайды. Оны көрген балада ұстазға деген қандай құрмет болады.
Айгүл ЖҰМАШЕВА, «Приуралье» газетінің жауапты хатшысы:
– Менің екі балам бар, үлкені орыс мектебінде оқиды. Ол кезде біз тұрған ауданда қазақ балабақшасы болмады. Содан мектепті де орысша жалғастырды. Ал екіншісін қазақ мектебіне бердік. Ол үшін өзімізді де, баланы да моральдық-психологиялық тұрғыда дайындадық. «Қазақ мектебінде білім деңгейі төмен» деген пікірмен мен де келіспеймін. Қазір «Алтын белгі» иегерлерінің дені – қазақ мектептерінің түлектері.
Светлана ҒАНИЕВА, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы:
– Жастардың, соның ішінде мектеп оқушыларының ана тілін меңгеруі үшін тілдерді дамыту басқармасы да жұмыстануда. 2008 жылдан өзге ұлт өкілдері шоғырланған Зеленов, Бөрлі, Теректі аудандарында болып, бірінші сыныпқа баратын оқушылардың ата-аналарымен кездесулер өткізіп келеміз. Арнайы насихат тобының құрамында ақын-жазушылар, ұлт зиялылары, білім басқармасының өкілдері, әдіскерлер бар. Қалалық білім беру бөлімінің мәліметі бойынша, осындай үгіт жұмыстарының нәтижесінде өткен оқу жылы мектеп табалдырығын аттағалы тұрған 1000 бүлдіршіннің 300-і қазақ мектебіне барған. Түсіндіру жұмыстарын әлі жалғастыру керек. 2000 жылы қаладағы 30 балабақшаның 25-і орысша болды. Қазір 44 балабақшаның 20-сы – қазақ, 24-і – аралас тәрбие ордасы.
Жансұлу ТӨРЕМҰРАТОВА:
– 20 жыл бұрын қалада 88 балабақша болса, бүгінде 44 балабақша жұмыс істейді. Ал тұрғындар саны жыл сайын өсуде.
Әліби СҮНДЕТОВ, «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
– Көбіміз қазақ деп кеудемізді соққанымызбен, нақты іске келгенде, тартынып қаламыз. Әрине, жақсы бастама көтеріп жатқан азаматтар мен ұжымдардың еңбегін де айтпай кетуге болмайды. «Жайық Пресс» ЖШС-ның ұлылар бейнеленген дәптерлерді шығаруды қолға алуы – қуантарлық жағдай. Ал балаларға ана тілінде сапалы білім беру мәселесі бір дөңгелек үстелмен бітпейді. Түсіндіру жұмыстары әлі қажет. Осы бағыттағы игі істің бірі-дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы жалғасын табады.
Екатерина МАКЕЕВА, «Земля и люди» газетінің редакторы:
– Мен көптен мемлекеттік тілді насихаттау мәселесімен айналысып келемін. Мемлекеттік тілді меңгеру балабақшадан басталады. Ұл-қызын орыс мектебіне берген ата-аналардың балаларына болашақта қиын болуы мүмкін. Қанша жерден ол бала үздік маман болғанымен, мемлекеттік тілді білу міндеттелетін болады. Сондықтан отбасында қай тілде сөйлесең де өз еркің, ал қоғамда, мектепте мемлекеттік тілде сөйлеп, тілдік орта қалыптастыру керек. Және уақыт талабына сай әдістемелік құралдар шығарылуы тиіс. Мен кішкентай шөберемді де қазақ балабақшасына апарамын, мектепті де қазақша оқитын болады. Өйткені ол қазақстандық болғандықтан, мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс.
Мақсот БЕРГЕН, қалалық мәслихаттың депутаты:
– Баланы қазақ мектебіне беру жөнінде ата-аналар арасында түрлі түсінік бар, кейбіреулер ғылым, техниканың тілін желеу етеді. Қазіргі жастардың компьютерді қолдануы, техникалық жаңалықты меңгеруі, қабілеті ерекше. Бірақ сөзге тоқтайтын, сөзді түсінетін жастар аз. Ұрпағымыз ұлттық өнермен, тәрбиемен сусындау керек. Ал бір қуантарлығы, бүгінгі жастардың басым көпшілігі ішімдікке әуес емес. Қазір шүкіршілік, қазақ мектептерінің саны көбейіп келеді. Мемлекеттік тілді Елбасымыз түрлі бағдарламалар арқылы біртіндеп, кезең-кезеңмен жүзеге асыруда. Осындай талқылауда айтылған мәселелер, түсіндіру жұмыстары басылымдарда екі тілде жариялануы тиіс.
Жантас САФУЛЛИН:
– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен бүгінгі уақытты салыстыруға келмейді. Алғашында мұнай-газ, басқа да саланы игеру үшін сырттан маман шақыртып, медицина, өзге де саланың мамандарын шет елге оқуға жібердік. Қазір өзіміздің білікті мамандарымыз елге қызмет етуде. Болашақта мемлекеттік тілдің қажеттілігін уақыт көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз әлі де жалғасады. Мемлекеттік тілді насихаттауда ақпарат құралдарының да маңызы зор. Баспасөз орталығына келіп, пікір білдіргендеріңізге рақмет.
ТҮЙІН:
Бірінші сыныпқа баратын балаларын мектепке орналастыру жөнінде және қаладағы білім беру мекемелеріне қатысты мәселелер бойынша тұрғындар infoportal.kz сайтына сауал жолдап, пікір білдіруге мүмкіндігі бар. Жолданған сауалдарға қалалық білім беру бөлімінің бастығы Жансұлу Төремұратова жауап бермек.
Артур МАҒЗОМОВ,
“Орал өңірі”