Өткен жұма күні Мұхит Мерәліұлының 170 жылдығына орай әнші, сазгердің есімі берілген Орал қаласындағы көшеде концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. «Біз Мұхит көшесінде тұрамыз» атты акция ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бастамасымен, «Мұхит» қоғамдық қорының және Мұхит көшесінде орналасқан мекеме-кәсіпорындардың атсалысуымен өтті.
Бұл күні күздің мизам шуағы төгіліп, әйтеуір жауын-шашынсыз болды. Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы облыстық №11 мектеп-интернат кешенінің алдынан сахна құрылып, аталған білім ұясының өнерпаз жастарынан құралған оркестрдің ойнаған күйлері маңайды әуезге бөледі.
Рухани шараны Қайрат Жұмағалиев ақындық лебізбен бастап, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырханов пен Қаратөбе ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин де ақын сөзін қостап, тың бастамаға оң тілек білдірді.
– Құрметті оралдықтар, Мұхит атындағы көшенің тұрғындары, осындай жанды жадыратар жаңалықтарыңыз көп болсын. Бұған дейін барлық мерекелік шараларды, мерейтойларды кең тұрғыда ұйымдастырсақ, бүгін тағы бір тойдың, бастаманың куәсі болып отырмыз. Бұл ел еңсесінің көтерілгені, төл тарихымыз бен өз мәдениетімізге құрметпен қарағандық, – деді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырханов.
Концерттік бағдарламада Қатимолла Бердіғалиев бастаған Мұхит мектебінің майталмандары Армат Еслямғалиев, Күләш Қуанышқалиева, Ернар Өмірәлі, Эльмира Таудаева «Кіші айдай», «Паңкөйлек», «Айнамкөз», «Ақиіс» секілді сазгердің шоқтығы биік туындыларын шырқаса, ҚР еңбек сіңірген әртістері Сәуле Таудаева мен Қанатқали Қожа-қов Мұхит Мерәліұлына арналған жергілікті композиторлардың шығармала-рын орындады. Аталмыш шарада «Қызғалдақтар» би ансамблі мен №11 мектеп-интернат кешенінің дарынды жастары да өз өнерлерімен тыңдарманды тәнті етті. Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы облыстық №11 мектеп-интернат кешенінің шәкірті, Мұхит бабасының есімімен аттас Мұхит Елемеске ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпат жасалып, жас Мұхит та домбырамен Мәлғаждар Әубәкіровтің «Талас» күйін ойнап, тойға тарту жасады.
Күй күмбірлеп, ән шалқыған шарада Мұхиттың бейнесі салынып, қысқаша өмірбаяны жазылған 2012 жылдың күнтізбесі мен қалың дәптерлерге қоса, Мұхит әндері жинақталған CD дискі тегін таратылды. Сондай-ақ Мұхит көшесінде тұратын бірқатар отбасы балаларына оқу құралы, киім-кешек түрінде қайырымдылық көмек көрсетілді.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткен игі шараға демеушілік танытқан «Центркредитбанк», «Мирлан» базары, «Хива» дәмханасының ұжымына «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков алғысхат табыстады. Сондай-ақ «Жайық Пресс» ЖШС-ның қызметкерлері Сәкен Әбіл-халықов, Жанна Қонаева, Гүлсезім Бияшева, Әсемгүл Жақаева «Нұр Отанға» мүшелікке қабылданып, оларға партиялық билеттері берілді.
Баба мұрасын насихаттауға арналған шараның өтуіне облыстық халық шығармашылығы орталығы мен Ғ.Құр-манғалиев атындағы облыстық филармония ұжымы да қолдау көрсетті.
Биыл Исатай Тайманұлының – 210, Дина мен Сейтек, Әбубәкір Кердерінің 150 жылдық мерейтойлары. Мұхит көшесі тұрғындарының бастамасы тарихи тұлғалар есімін иеленген өзге көшелердегі мекеме-кәсіпорындар мен тұрғындарға да үлгі болғай.
Артур МАҒЗОМОВ,
“Орал өңірі”
Серік МАЛАБАЕВ, зейнеткер:
– Бұл Мұхит мұрасын, тарихи тұлғалардың өмірі мен шығар-машылығын насихаттауда игі бастама. Қазіргі таңда көптеген көшелерге бабаларымыздың есімін бергенімізбен, олардың өмір жолын жастардың бәрі бірдей біле бермейді. Осы тұрғыдан алғанда, тәрбиелік мәні зор шара болды деп айта аламын. Кең тынысты Мұхит әндерін тыңдап, бір серпіліп қалдық.
Аянбек МЫҢБАЕВ, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы облыстық №11 мектеп-интернат кешені директорының орынбасары:
– Көшелерге ұлт мақтаныштарының есімін беріп, осылай дәріптеуіміздің өзі – тәуелсіздіктің нәтижесі. Бабалар мұрасын насихаттау өзіміз үшін, елдің ертеңі үшін қажет. Осындай шаралар тұрғындардың өздері тұратын көшесі жайлы мол мағлұмат алуына мүмкіндік беріп, бірлікке, ұйымшылдыққа бастайды. Мұхит Мерәліұлының шығармашылығы мектеп бағдарламасына да енгізілген. Бүгінгі кештен оқушылар да әнші-сазгер жайлы қосымша мәліметтер алуға қол жеткізді.