«Көке» туралы кітап

Облысымыздағы тұңғыш халық театрының негізін қалаған өнер тарланы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, режиссер Мұқамбетжан Ғұмаров туралы кітап шықты. «Көке» деп аталған жаңа туындының авторы – ақын, журналист Ұлдай Сариева. «Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында өткен кітаптың тұсаукесеріне халық театрының байырғы әртістері, Мұқамбетжан Ғұмаровтың ұрпақтары мен үзеңгілес жұмыс істеген көзкөргендер, автордың әріптестері қатысты.

Кітап мұқабасындағы «Көке» деген жазуды көрген адам бірден автордың өз отбасы туралы еңбек екен деп қалуы мүмкін. Ал әдебиеттің ауылына мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ат байлаған ақын Ұлдай Сариеваның бір кездері Жалпақтал халық театрының әртісі болғанын Жайық жұр­тының бірі білсе, бірі білмейді. Осы кітапты жазуға қолына қалам алғызған да  сол өнер ұжымын басқарып, қазақ мә­дениетіне сүбелі үлес қос­қан, барша жалпақталдықтар «Көке» деп атап кеткен режис­сер ағаның дара болмысы  мен әртістік шеберлігі болатын. Жаңа туындысында автор М.Ғұмаровтың өнердегі өнегелі өмірін, Жәнібек жерінде алғашқы халық театрының іргетасы қаланып, соғыс жылдарында Жаңақалаға көшіріліп, кейін жабылып қалғанын, ара­­ға жылдар салып Жал­­пақ­­тал­­да қайта түлеген театрдың өр­леу кезеңін деректі құжаттар не­гізінде баяндап жазған. Оқыр­­манды елең еткізер тың жаңалық, Мұқамбетжан Ғұмаровтың әйгілі суретші Сәкен Ғұмаровтың туған әкесі екендігі жайлы мәлімет те осы кітапта алғаш рет беріліп отыр. 1937 жылы өмірге кел­ген Мария, Сәкен есімді егіз­дердің анасы Хиуа ауырып дү­ние сал­ған соң, Сәкенді Мұ­хам­бет­­жан Ғұмаровтың аға­­­сы Нә­жімедин бауырына ал­­­ған. Бұл жөнінде бақилық бо­­­лар алдында «Көкенің» өзі ай­тып кеткен екен. Туысқан­дық қа­рым-қа­ты­нас­ты суретші Сә­кен де, басқа ағайындары да біл­ге­ні­мен, бірінші рет хатқа басы­лып, жарыққа шықты. Сондай-ақ кітапта өлке тарихында елеу­сіз қалған домбырашылар Төле­ген Аршанов пен Саркенже Сәр­сем­биевтің де есімдері аталады.

Кітаптың таныстырылымына қатысқан «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин, өлкетанушы Жай­саң Ақбай, «Қазақстан-Орал» теле­арнасының директоры Асланбек Ғұбашев, байырғы әр­тіс Айсұлу Елжанова, мәде­ниет саласының майталмандары Гүлсім Кадешова, Сара Тана­баева, Айман Қуатова жә­не Ба­зар­ға­ли Қуатов Ұлдай Сариеваның шығармашылығы жайлы сыр шертіп, режиссер Мұқамбетжан Ғұмаров туралы естелік әңгімелер айтты.

Өнердің биік бәйтерегін хал­қымен қайта қауыштырған ав­тор туындынының соңында М.Ғұмаров­тың шаң басқан ән­­де­­рі­­нің мәтінін жариялапты. 1945-1965 жылдар аралығында Мұ­қам­бет­жан ағамыз шығар­ған ән­дер­дің қазақ радиосы­нан шыр­қал­ға­нын да жұрттың бәрі біле бермейді. 

Тұсаукесерге жиылғандар өмірінің соңы өкінішпен өтіп, мәңгілік мекеніне аттанғалы елеусіз қалған тұлғаның  биыл­ғы 100 жылдығын атап өту керек деген ұсыныс білдірді.

Артур МАҒЗОМОВ,
“Орал өңірі”

Айсұлу ЕЛЖАНОВА, Жалпақтал халық театрының бұрынғы әртісі:

– Көке туралы кітапты көр­ген­де, ол кісі жанымда тұр­ғандай әсердемін. Мұқам­бет­жан Ғұ­ма­ров сол кезеңнің өзінде қазақтың дәстүрін, ділін, тілін көтеруге үлес қосқан, тер төккен адам. Көкенің жүріп-тұрғанының өзі бізге өнеге болатын. Қазіргі таңда дара тұлғаны насихаттау жағы жетіспей жатқаны шындық.

Гүлсара ҒҰМАРОВА, Сәкен Ғұмаровтың жұбайы:

– Сәкеннің  туған әкесі екенін басқа жұрттан көп естідім, бірақ Сәкен де, Көке де көзі тірісінде маған бұл туралы бірауыз айтқан емес. Көкенің ағасын әке деп есептеп, құрметтедік. Бүгін ол кісі жайлы кітаптың шыққанына ерекше қуанып, оқуға асығып отырмын.

Гүлсім КАДЕШОВА, зейнеткер:

– Ұлдай Мұқамбетжан ағамыз туралы кітап шы­ғарғалы жатырмын дегенде бірден қуана құптадым. Өйткені ағамыздың көзін көре қалдым, еңбек жолымен таныспын. Бүгін Көкенің көзін көрген жандар, ұрпақтары, бұрын әріптестері жиналып, жылы жүздесу болды.  М.Ғұмаровтың 100 жылдығы ең болмағанда аудан кө­лемінде тойлану керек.

Scroll to Top