Бұдан бұрын газетімізде «Жайық Пресс» ЖШС-да оның бас директоры Жантас Сафуллиннің ұйытқы болуымен «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттеріне еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан ардагерлерді шақырып, бір дастарқан басында әңгіме-дүкен құрғандары жазылды. Сол бір емен-жарқын отырыста қариялар қос газеттің жанынан ардагерлер ұйымын құру жөнінде мәселе көтеріп еді.
Ардагер журналистер өздерін далада қалғандай сезінбеулері үшін бастарын біріктіретін ұйым керек екенін жеткізді. Қос газетте бүгінде жұмыс жасап жүрген жастарға ақыл-кеңес беріп, басылымдардың бағыт-бағдары мен тартымды шығуларына ағалық ақылымен үлес қосуға әр кез әзір екендіктерін айтты. Аға журналистердің өтініштеріне сергек қараған бас директор Жантас Сафуллин сол бойда ақсақалдардың бастамасын құп алды. Арада екі аптадай уақыт өткенде қариялар қос газеттің редакцияларында бас қосты. Бұл жолы ағаларымызды қуанышты жаңалық күтіп тұр еді.
«Жайық Пресс» ЖШС-ның әсем ғимаратында ардагерлерге арнайы бөлме бөлінді. Онда ағалар қалаған уақыттарында бас қосып, әжің-гүжің әңгіме-дүкен құрып отыратындары өз алдына, жұмыс жасауға, жазу-сызуға, күнделікті басылымдармен танысуларына қолайлы жиһаздар қойылыпты. Телефон байланысы да бар. Ағалар осы келісінде ұйым төрағасын сайлап алуға тиіс еді.
– Тоқсан жылдам астам тарихы бар басылымдарымызда сіздер сіңірген еңбек, қосқан үлес мол,- деді бас директор Жантас Сафуллин ақсақалдарды алқалы әңгімеге тартып. Бүгін сіздердің жолдарыңызды
жалғастырып жатқан жас ұрпақ, жас журналистер мұны жақсы біледі. Сіздердің араларыңызда кешегі Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып келген Бисақаң, Қосекең сияқты ағаларымыздың бар екенін мақтан тұтамыз. Сіздер еліміздің басынан кешкен қиындықты халықпен, жұртшылықпен бірге кештіңіздер. Қандай қиын кез болса да, өздеріңіз бір кезде жүрек қалауымен қалаған журналист мамандығына адал болдыңыздар. Өз тұстарыңызда «Орал өңірі» мен «Приуральенің» мәнді де мағыналы, тартымды шығуларына өлшеусіз үлес қостыңыздар. Бүгінде сіздер салып кеткен жолды жас ұрпақ жалғастыруда. Қос газет өз алдына ғимаратқа ие болып, онда журналистердің алаңсыз еңбек етулеріне барлық жағдай туғызылған. Өз баспаханамыз бар. Онда республикалық басылымдардан бастап, екі облыстық газет және аудандық газеттердің түгелге жуығы басылады. Енді санаулы күндерден кейін «Жайық Пресс» ЖШС барлық аудандық басылымдарды өзінің қанатының астына алмақ. Жұмыс көбеймек.
Серіктестік соңғы кезде қос газеттің тарихына, онда еңбек еткен журналистерге байланысты өз алдына мұражай ашуға талаптанып жатыр. Оған біраз жәдігерлер, құжаттар жиналды, әлі де жиналмақ. Осынау мән зор, сауабы мол шараға сіздер де ақыл-кеңес беріп, қызу атсалысады деп ойлаймын. Облыстық, аудандық басылымдардың электрондық нұсқасын дайындау үстіндеміз. Сайтта сондай-ақ ұйымның жұмысы да көрініс табады.
Одан әрі бас директор бүгінгі басқосуда ақсақалдар өз ұйымдарының төрағасын сайлап алулары туралы ұсынысын ортаға салды. Бисақаң, Бисен Жұмағалиев ағамыз – бүгінде Ақ Жайық өңірі журналистерінің жасы ең үлкені. Сондықтан ақсақалдар Бисақаңды төрағалыққа ұсынады. Келесі жылы тоқсан жасқа толғалы отырған ағамыз аттан түссе де, үзеңгіден түскен жоқ. Ол бүгінде облыс әкімінің кеңесшісі болып, қоғамдық негізде жұмыс істеп келеді. Сондықтан аға журналистер өздерінің ұйымына соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиевті ұсынғаны, бір жағынан, орынды да еді. Бисақаң журналист «інілерінің» бұл ұсынысына риза болған пішінмен бір жымиып алды.
– Оларыңа рақмет, бірақ менің облыс әкімінің кеңесшісі деген «жұмысым» бар ғой. Бұл міндетті менен жасырақ, жүріп-тұруы жеңілдеу Қайрат ініме тапсырайын. Ақын Қайрат Жұмағалиевті ел жақсы біледі. Ол сонау 50-ші жылдары, жас күнінде полигонның зардабынан оңтүстікке зорлықпен қоныс аударған еді. Облыс әкімінің шақыруымен екі-үш жыл турасында туған жерімен қайта қауышты, – дей келіп, Қайрат ақын інісіне еңсеріле бұрылып, – Екі жыл қонақ болдың, енді қызмет жаса, – деп ағалық әзілін қыстырып қойды. Аға журналистер Бисақаңның бұл ұсынысына бірауыздан келісті. Алқа-қотан отырып, бір кісідей дауыс берді. Ақсақалдардың аяғын алып жүрген, ұзақ жыл «Орал өңірі» газетінің аудандардағы меншікті тілшісі болған, бүгінде зейнеткер Амантай Боранқұлов:
– Қайрат ағамызды облыс, республика жұртшылығы жақсы біледі. Қос газеттің ардагерлерінің ұйымына ол ағамыздың таңдалғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Қайрақаң ардагерлердің қамын ойлаумен қатар, кейде «Жайық Престің» шамасы келіңкіремей қалатын мәселелерді жоғарғы орындарға еркін жеткізе алатын мүмкіндігі бар екендігіне күмәнім жоқ. Сондықтан бұл дұрыс таңдау болды. Төрағаның кандидатурасын Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы подполковник, «Орал өңірі» газетінде қырық жылдай еңбек еткен Қосекең – Қосаман Орынбасаров та қызу қолдады.
«Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин:
– Ақсақал ағалардың таңдауы өте орынды, бір шаңырақтың астында ақылшы ағалармен бірге отырып, күнде кездесіп, ақыл-кеңес сұрап тұруға мүмкіндік туғаны жақсы болды, – деді.
Ағалардың таңдауы мен ықыласы өзіне ауған Қайрат ақын сенім білдірген ақсақалдарға рақмет айта келіп, – Сіздердің жұмыстарыңызға әрдайым дайынмын, қылша мойным талша қызмет етемін, – деп сендірді.
Сөйтіп, «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері ардагерлерінің ұйымы дүниеге келді. Бас директор ағалармен жұмыс жасауға әр кез әзір екендігін жеткізе келіп, – Ақсақалдар, журналист інілеріңіз сіздермен іссапарларға шығуға да дайын, – деді. Әсіресе, баспасөзге жазылу науқаны кезінде газет оқырмандарымен өтетін ауыл, аудандардағы кездесулерге бірге баруға ұсыныс білдірді. Ондайда жайлы көлік «Жайық Престен» болатындығын да айта кетті. Газеттерде журналист ардагерлердің еңбектерін жариялап тұратын арнайы айдар ашу қолдағы шаруа екендігін айтқанда ардагер ағалар тіпті қуанып қалды. Басқосудан кейін ақсақалдар өздерінің басыбайлы «шаңырақтарын» көріп, дән риза болды. Біразға дейін әңгіме-дүкендерін қыздырып, сонау бір қиырда қалған «ой-хой, дәурендерін», журналистиканың қызықтары мен шыжықтарын еске салды. Осылайша, «Қалам қаңтарылмасын, көңіл қартаймасын» деген «Жайық Престің» игі ниеті ақсақалдарды бір желпінтіп тастады!
Есенжол Қыстаубаев