Жанғали аға журналистер арасында

Белгілі ақын, журналист Жанғали Набмуллин өзінің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында «Жайық Пресс»  ЖШС-ның баспасөз орталығына келіп, әріптестерімен, ізбасар шәкірттерімен, журналистермен кездесті.

  • Жанғали тек мықты ақын ғана емес, Абай бастаған ойлы поэзияның жалғасы. Өз басым оның ертеректе жазған «Әуелі ананың құрсағына,сосын әкенің құшағына сыймайсың,кейін тіпті кең дүние тарлық етеді» деген ой орамдарына таңғалып, мойындағанмын. Шынында да, басылымдарда жарияланып жатқан әрбір топтамаңыз – жас ұрпаққа ғибрат, тағылым болатын дүниелер. Сондықтан, Жәке, осы қалпыңыздан таймаңыз, туған күніңіз құтты болсын! – деді ақын Қайрат Жұмағалиев.

«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Жанғали ағайдың мықты ақын ғана емес, тәжірибесі ұшан-теңіз журналист екенін, әрқашан азаматтық көзқарасына, кәсіби борышына берік азамат болғанын айта келіп, ақынның туған күні құрметіне шағын тарту-таралғы жасады.

Жанғали аға өзі ұзақ жыл қызмет атқарған «Орал өңірі» газетінің бүгінгі құрылтайшысы «Жайық Пресс» мекемесінің әсем де жайлы ғимаратында басылымның өткен тарихынан әңгіме қозғады. Қазақстанда өлкелік басқару жүйесі жойылып, Орал облысы қайта құрылғанда, 1963 жылы  1 мамырда бұрынғы «Екпінді құрылыс» атауынан «Орал өңірі» деген жаңа атқа ие болған газеттің тұңғыш санына кезекші редактор болып, баспаға жіберуге қол қойғанын еске алды.

  • Газеттің бүгінгі бет-бейнесі, мақалалардың көтерген жүгі, салмағы, жас тілшілердің шеберлігі жақсы. Әрдайым бақылап мұқият оқып отырамын. Ескертетінім – кейде грамматикалық қате кетіп қалып жатады. Соған абай болыңдар! – дейді  Жанғали аға кейінгі буынға. Ақынның әу бастан грамматикаға, стильге ерекше талап қоятынын жақсы білетін аға буын журналистер Есенжол Қыстаубаев, Тәрбие Смағұлова, Сырымбек Тұяқов, Бауыржан Ғұбайдуллин, Мира Шүйіншалиева Жанғали ағаны қолдап, «Сіз – грамматиканың қолдаушысыз! Біздің қызметкерлер Сіздің үйіңізге барып, арнайы дәріс алуға әзір!» – деп әзілдеп жатты.
  • Жәкеннің қатты ауырып қалғанына біраз болды ғой. Көпшілік жерге, кездесулерге бармағалы он жыл өтті. Бірақ өз ұжымының, редакцияның шақыруына келісіп, сырқатына қарамастан келіп отыр. Көңілі өсіп, жасарып қалды. Сіздерге көп-көп рақмет!- дейді ақынның жары Ағиба Салықова.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Орал өңірі» газеті

Scroll to Top