Қыс қызығынан құр қалма!

«Ауа райының нашары жоқ» деген сықылды, жылдың әр мезгілінің өзіне тән қылығына қоса, қызығы да жетерлік. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, «Жайық Пресс» ЖШС-ның қызметкерлері ұжым болып шаңғы тебуге шығуды көптен көздеп жүргенбіз. Соның сәті өткен бейсенбі күні түсті.

Түс ауа «Динамо» шаңғы базасынан бас-басымызға бір-бір жұп шаңғы 2 сағатқа жалға алып, «Хан тоғайына» тарттық. Біразымыз көп жылдан бері аяғымызға шаңғы ілмегендіктен, қабақтан құлдилағанда қар құша құлап, қыр басындағы әріптестерді күлкіге қарық қылдық. Сәлден соң мүлгіген орман ішімен шаңғы серуен басталды. Рахат! Санаң сергіп, тынысың ашылып, қимыл-қозғалысың ширайтын табиғат аясындағы жанға жәйлі сол сәттің қайталануын бүгіндері біздің тағы тілеп жүрген жәйіміз бар. 

Демек, сіздің де қыс қызығынан құр қалмағаныңыз ләзім. Жалпы, «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің тілшілері бұқаралық спорттың кең қанат жаюы жөнінде жиі қалам тартып жүр. Әрине, көкейкесті мәселені жазған да дұрыс қой, бірақ қоғамдық санаға, яки әлеуметке жалаң насихаттан гөрі, жеке бастың үлгі-өнегесі әлдеқайда ықпалды. Сол себепті «Жайық Пресс» ЖШС-ның һәм редакцияның басшы-қосшысы енді әр бейсенбі сайын екінді шамасында бұқаралық спортқа шындап ден қоюды дағдыға айналдырмақ. Мысалы, осы аптаның бейсенбісінде намаздыгер шамасында бізді Мұз айдынды спорт сарайынан табасыз. Ал жаз шыға жылдағыдай доп қуып, жасыл алаңда жасындай жарқылдайтын боламыз. 

Өз тілшіміз

Scroll to Top