«Сіздерді тосады туған ел құшағы…»

Мамандықтың жаманы жоқ. Әрбір қызметтің өзіндік қиындығы да, қызығы да бар. Алайда өз тұстастарынан оқ бойы озық, кәсіби деңгейі жоғары, білікті маман болу үшін теория мен тәжірибені ұштастыра білу қажет.

Біздің облыста БАҚ саласындағы кадр тапшылығы айқын сезіледі. Журналистік кәсіпке ысылған кәсіпқой жазарман көп емес. Оқырманды жалықтырмай, жинақы, нақты, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» мақала дайындау – қалам ұстаған жанның алдында тұрған маңызды мәселе. Ал саяси сараптау мен тағылымды талдауға келгенде де «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз баршылық. Қазіргі таңда өңірдегі ақпарат құралдарының редакциясы мұндай қиыншылықпен бетпе-бет келіп отыр. Мәселен, аудан орталықтарындағы басылымдарда еңбек ететін шығармашылық ұжымның дені – аға буын өкілдері. Тәжірибелі мамандардың ізін жалғар жастар қатары азайып барады. Көбі – «сырттан» келген, басқа саланың мамандары. Осындай түйткілді мәселе жуырда «Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында өткен журналистика саласының келешек мамандарымен кездесуде сөз болды. Болашақ БАҚ өкілдерінің бағыт-бағдарын айқындап, кәсіби тұрғыда шыңдалуын мақсат еткен шараға Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінде білім алып жатқан батысқазақстандық студенттер келді.
Басқосуда алдымен «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин мекеменің қазіргі тыныс-тіршілігі, бұқаралық ақпарат құралының қоғамдағы рөлі, мекеме меншігіндегі облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және 11 аудандық газеттің мазмұны мен шығармашылығы жайында әңгімелеп, жастардың да пікірлерімен бөлісті.
– Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген екен. Тәуелсіздігімізді нығайтып, елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуында, халықаралық қатынас пен ішкі татулықты қалыптастыруда БАҚ-тың маңызы зор. Жалаң ұран, жалған ақпараттың жетегінде кетпей, саяси салмақты, мемлекеттің мүддесіне қызмет ететін газет шығару – біздің алдымызда тұрған басты міндет. Бәсекелестік жолында біздің қолымыздағы тауарымыз газет деп
есептесек, оның мазмұны мен безендірілуі де уақыт талабына сай, оқырманның көңілінен шыға білуі тиіс. Сапалы дүние болуы үшін кәсіби маман, білікті кадр керек. «Жайық Пресс» ЖШС-ның аясында қазір екі облыстық, 11 аудандық газет, жеке баспаханамыз, баспасөз орталығы бар. Ғасырға жуық тарихы бар «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері – еліміздегі жарыққа шыққан алғашқы мерзімді басылымдардың бірегейі. Батысқазақстандық жастардың Астана, Алматы қалаларындағы іргелі оқу орындарында білім алып жатқаны бізді қуантады. Әр адамның жүрегінде елге, туған өлкеге деген ерекше құрмет, патриоттық сезім болуы тиіс. Сіздер жақсы білім алып, қай жерде еңбек етсеңіздер де, Ақ Жайық өңірінің атын шығарып, абыройын асқақтатады деп сенеміз. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген екен Ахмет Байтұрсынов. Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты да сіздердің білім алып жатқан сала бойынша ойларыңызды біліп, шығармашылық байланыс орнатып, аға буын өкілдерімен тәжірибе алмасу бағытында ұйымдастырылып отыр. Қазіргі таңда БАҚ саласында, әсіресе, біздің аудандарымыздағы редакцияларымызға кәсіби білік-
ті мамандар ауадай қажет. Жасыратыны жоқ, орталық қалаларда білім алған жастардың шалғай ауылдарға баруға көп ынтасы болмайды. Қазір аудан орталықтары бұрынғыдай емес, жаңа нысандар салынып, қажетті заманауи жабдықтармен қамтылуда. Оның үстіне мемлекетіміз «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға бет бұрған жастарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасап, сол арқылы өңірлерді дамытуды көздеп отыр. Бүгінгі таңда нарықтың талабына сай, әсіресе, аудандардағы басылымдарды дамыту үшін бәсекелестік орта қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Ол үшін алдымен маман тапшылығын шешіп алуымыз қажет. Жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, арнайы жолдамамен болашақ журналистика мамандарын Астана, Алматы қалаларында оқыту – біздің алдымызда тұрған мәселелердің бірі. Бұл бағытта жұмыстанатын боламыз. «Туған жерге келіп, еңбек етемін» деген адамға қашанда қолдау көрсетеміз. Ал жастар өмірімен, студенттер жайлы, өзге тақырыптарда материал дайындап, біздің газеттерге жіберсеңіздер, біз жариялауға әзірміз. Бұл өздеріңіз үшін де тәжірибе болады,- деді Жантас Набиоллаұлы.
Кездесуде ҚазҰУ-дың студенттері Аягөз Айтқалиева мен Гүлнұр Беркенова өздерінің оқу үдерімі жайлы әңгімелеп, жергілікті оқу орындарынан да журналистика мамандығын, болмаса, курс
ашу мәселесін ортаға салды. Ал 2-курс студенті Назерке Тоғжанова кәсіби білімін жетілдірудегі болашақ жоспарымен бөлісті. Астана қаласынан келген Айгүл Шерниязова мен Қаракөзайым Кенжина өздері білім алып жатқан Бұқарамен байланыс деген жаңа мамандықтың мүмкіндіктерін тілге тиек етті.
– Журналистика факультетінде батысқазақстандық жастар аз оқиды. Сонымен қатар осы салада білім алып жатқан замандастарымның көбі телевизияға қызығушылық танытып, экраннан көрінгісі келеді. Журналист жан-жақты болуы тиіс. Біз әрдайым ұлылар шыққан өлкемізді мақтан етеміз. Қазақ журналистикасына өз үлесімізді қосамыз, – дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Гүлнұр Беркенова.
«Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықова, танымал журналист Есенжол Қыстаубаев, Қазбек Қабжанов та журналистика мамандығының қыр-сыры туралы жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Басқосу соңында студент-журналистерге естелік сыйлықтар мен «Жайық Пресс» ЖШС баспаханасынан шығарылған қазақтың ұлы тұлғалары бейнеленген дәптерлер сыйға тартылды.

Scroll to Top