Жуырда «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы ардагерлер ұйымының кезекті отырысы өтті. Жиында байырғы журналистер 1911 жылы шыққан «Қазақстан» газетінің тарихы, ардагерлердің әлеуметтік мәселелерін талқылады.
– Бүгінгі басқосуымыздың басты мақсаты ардагерлер ұйымының жұмысын пысықтап, жыл бойғы атқарылар шаруалардың жоспарын нақтылау болып табылады. Сонымен қатар ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері басылымдарын «Қазақстан» газетінің ізбасары ретінде қарастыру жайында өздеріңізбен кеңесуді жөн көрдік, – деді жиынды өткізген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин. Сондай-ақ сала ардагері Амангелді Ақмурзин қазіргі жүйе бойынша емханаға қаралу үшін бір ай бұрын кезекке тұру керектігін алға тартып, «Жайық Пресс» ЖШС атынан денсаулық сақтау басқармасының басшылығына қатынас хат жазып, жеңілдіктер қарастыру қажеттігін көтерді. Ал ұзақ жыл «Орал өңірі» газетінің редакциясын басқарған Мәжит Қайырғалиев журналистика ардагерлерінің облыстық деңгейдегі салтанатты шараларға шақырылмай, ескерусіз қалатынын және жаз айларында шипажайға жолдама алу мәселесін қозғады. Өз кезегінде серіктестік директоры Жантас Набиоллаұлы жоғарыда айтылған әлеуметтік мәселер бойынша жұмыстанып жатқандығын жеткізді. Жиын соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Жұмағалиев жыл бойғы атқарылар шаралар жиынтығының әлі де пысықталатынын алға тартты.
Артур МАҒЗОМОВ