Бейсенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында «Мемлекеттік саясатты жастарға жеткізудегі білім ордалары мен БАҚ-тың рөлі» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашев, қаламыздағы ЖОО-лардың, сондай-ақ арнаулы орта және кәсіптік білім беретін колледждердің басшылары қатынасты.
Жиынды «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин ашып, жастарды мемлекет саясатымен уақтылы хабардар қылу және қазақ елінің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін баянды етер сапалы мамандар қалыптастырудағы білім ордалары мен БАҚ-тың мән-маңызына тоқталды.
– «Қазақстан» газетінің алғашқы санында Ғұмар Қараш «Газет деген не зат?» атты беташар мақаласында баспасөздің маңыздылығын түсіндіреді. «Ақыл иесі адамдардың айтқан бірауыз сөзі 2-3 күнде елінің басынан аяғына тыңдалып болады дейді. Пайдалы істі ынтымақпен істей қойысады, залал істің залалын күн ілгері біліп сақтанады. Ал солардай болып елдің шетіне келген қайғыны да, шаттықты да, бірдей көрмеген, ортақ көтермеген жұртта ынтымақ болмайды, ынтымақ болмаған соң күш-қуат та жоқ. Ендеше, бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет, сол себепті газет – біздің басшымыз, дұшпандарға қарсы құралымыз. Газет біздің қараңғыда жарық берер шамшырағымыз» деген екен мақалада. Содан бері 100 жыл өтсе де, бұл сөздер маңызын жойған жоқ. Біз оқу орындары қабырғасында жастарымызға мемлекеттік ақпарат саясатын насихаттайтын газеттермен етене танысып, тұрақты оқып тұратын жағдай туғызуымыз керек, – деді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен арнаулы орта және жоғары оқу орындары студенттері арасында мемлекеттік саясатты насихаттауда бүгінгі шараның маңызы жоғары екенін айтып өтті.
Қазыбай БОЗЫМОВ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик:
– Жастардың санасына БАҚ арқылы жан-жақты дұрыс бағыт беріп отырсақ, біздің ел-жұрттың ортақ мүддесі үшін атқарып жатқан істеріміздің межесіне жеткені деп ойлаймын. Мұндай дөңгелек үстелдер міндетті түрде өзінің оң нәтижесін береді. Елбасының саясаты мен тапсырмаларын жүзеге асыруда жастарға жол сілтеп, өзіміз де солармен бірге ілгері басуымыз керек. Сондықтан мемлекеттік саясатты халыққа насихаттаушы БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынас ұстай отырып, ұлтжанды, отаншыл жастар тәрбиелеудегі іс-әрекеттеріміз жемісті боларына сенімдімін.
Асхат ИМАНҒАЛИЕВ, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик:
– Бүгінгі басқосуда көтеріліп отырған мәселелер өте маңызды. Әр басылымның ресми ақпараттарды жеткізуден бөлек, тәрбиелік маңызының қаншалықты екенін біз баспасөзде жарияланған материалдарыңыздан көріп отырмыз. Осы орайда биыл бастаған өз тәжірибемізді айта кетейін. Мемлекеттік саясатты насихаттайтын басылымдарды ұстаздар мен студенттерге тегін таратудың жолын ойластырдық. “Орал өңірі” және “Приуралье” газеттерінің 1000 данасына оқу орны өз қаражатына жазылып, университеттегі сегіз оқу ғимаратында студенттер мен ұстаздарға газетті тегін алуға жағдай жасадық. Бұдан бөлек ардагер ұстаздарымызды да біраз газет-журналмен тегін қамтудамыз. Мемлекетіміздің даму бағытынан хабарсыз оқытушы шәкіртін заманына лайық оқытып, тәрбиелеуі мүмкін емес. Осы мәселені оқытушыға да, студентке де ұдайы айтып келеміз. Газеттердің мазмұнына келетін болсақ, көтерілетін мәселелер көңілімізден шығады. Алдағы уақытта тек қана газет тілшілері емес, жалпы жастарды да мақала жазуға тарту оңды нәтижесін береді деп ойлаймын. Тіпті оларды осы салаға баулитын арнайы үйірмелер ұйымдастыруға болар еді. Мысалы, филология бағытында оқитын студенттерімізді қосымша мамандандырып, университет қабырғасынан жас журналист, жас қаламгер ретінде қалыптастырып, жастар өздері көтерген мәселені газет бетінен оқи алса, жұмысымыздың тиімділігі арта түседі деп есептеймін.
Шалқыма ҚҰРМАНӘЛИНА, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
– Көтерілген мәселе екі жақты жауапкершілікті талап етеді. Жастар шынымен де елімізде үлкен қозғаушы күш. Олар саясатты дұрыс түсінуге, қоғамда болып жатқан әр түрлі әрекеттерге сын көзбен қарап, оған өздерінің көзқарастарын білдіре алатындай интеллектуалдық деңгейге жетсе, біздің алға қойған мақсаттарымыздың орындалғаны. Біз колледж атынан мемлекеттік саясатты насихаттайтын басылымдарға жазылып, өз жатақханамыздың әр бөлмесіне газет жеткізілуіне жағдай туғыздық. Мұның пайдасы жан-жақты. Колледжде апта сайын өтетін тәрбие сағатында қарастыратын мәселенің бірі –
БАҚ-пен жұмыс. Сондықтан біздің жастарымыздың арасында сіздің газеттеріңізде шыққан мақала-материалдар оқылып, талданады. Соңғы кезде аталмыш газеттердің сапасы, мазмұны айтарлықтай арта түсті. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!» деп Абай атамыз айтпақшы, оқу орындары болып, БАҚ-пен байланысты күшейтуді қолға алып жатқанымызды айтқым келеді.
Мұрат САБЫР, БҚГА-ның проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Біздің оқу орны газетке жазылу мәселесінде өзіміздің облыстық газеттерге ұдайы көңіл бөлеміз. Облыстық БАҚ – біздің айнамыз. Кейде сыни мақалалар да керек сияқты. Сын – қоғамға қозғау салатын құбылыс. Біз қазақ жастарын қажетсіз өсек-аяңнан, теріс ақпараттан сақтап, дұрыс саясатты құлағына құю керекпіз. Сонда ғана жастарымыз Тәуелсіз Қазақстанның құлдық психологиядан ада, тәуелсіз азаматы болып қалыптасады.
Балғаным КӘКІМОВА, №3 кәсіптік лицей директоры:
– Соңғы уақытта «Орал өңірі» газетінің айдарлары жаңаланып, мақала-материалдардың сапасы артты. «Приуралье» газеті де жақсарды. Осы газеттердің әрбір санын қалдырмай оқып, талдау жасап, өз ұжымыма насихаттап жүремін. Соңғы кездегі мақалалардың ішінде терең ой салатын, жан-жақты талдау жасайтын өте жақсы материалдар баршылық. Газеттерден тек қана саяси емес, тарихи материалдарды да оқи алатынымыз көңілімізге қуаныш ұялатады. Бұл бағытта архивтік құжаттармен нақтыланған мақалалар жиі шығып тұрса, жастар көп нәрсені білер еді, білуге құштарлықтары артар еді. Сондай-ақ жастар мәселесін көбірек қозғап отырсаңыздар екен.
Газет атаулы – біздің тіліміз, айнамыз. Сондықтан барлық мәселе осы газеттер арқылы уақтылы және орынды көтерілсе, біздің жастарымыз ешқайда кетпейді. Жалпы, қай нәрсені қолға ала бастаса, сол нәрсеге жан біте бастайды. Байқасаңыздар, соңғы кездері дін мәселесі газет мақалаларына жиі арқау болғаннан кейін көшемізде дәстүрімізге жат үлгіде киінген адамдар да азайып келеді.
Тілекқабыл ИМАШЕВ, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы
– Біздің облыста журналистика саласындағы кәсіби мамандар тапшы. Сол себепті осы салаға ынта-ықыласы бар жастар үшін танымал журналистер шеберлік дәрістерін өткізгені жөн.
* * *
Оқу орындары атынан айтылған ұсыныс-пікірлерге қатысты «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин болашақта мүмкіндігіне қарай айына бір немесе екі рет төрт бет көлемінде газетке қосымша шығару туралы ойын ортаға салды. Осындай қадам арқылы барлық оқу орындарының ты-
ныс-тіршілігін мейлінше қамтып, атқарылған шаралар, студенттердің жетістіктері немесе шешілуі тиіс мәселелердің жариялануын қамтамасыз етуге болатынын жеткізді.
Жиын соңы «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакция қызметкерлері үшін қуанышты жағдайға ұласты. Қос газеттің бас редакторларына қызметтік көліктердің кілтін облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен салтанатты түрде табыс етті.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі» газеті №46