Бөрліліктер білек сыбанып кіріспек

Жақында «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин,  «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықова Бөрлі ауданына арнайы іссапармен барып қайтты.

«Арнайы іссапар» деп екпін түсіріп отырған себебіміз, атал­мыш аудан аумағында облыс­тық қос басылымның таралымы көңіл көншітпейді. Ақсайға ат басын тірегендегі ең басты мақсат, осы шаруаны ширатып, бөрліліктердің мемлекеттік сая­сатты ел-жұртқа жеткізуге бек мүдделі газеттерге жазылуын жандандыру болатын. Осы ба­ғыттағы Ақсайда өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Талғат Сидық ашып, жүргізіп отырды. Ол күн тәртібіне қо­йы­лып отырған мәселенің идео­логиялық тұрғыдан көкейкесті екендігін айта келіп, ағымдағы жазылу науқанында бөрлілік­тердің белсенділік танытатын­дығына өзінің ұйытқы бола­тын­дығын алға тартты. Басқосуға қатысқан білім, денсаулық, мә­дениет сықылды бюджетті­к са­лалардың басшы-қосшылары мен Ақсайдағы ірі мекеме-кәсіпорындардың өкілдері де өз сөздерінде аудан басшылы­ғының жаңағы ние­тін құптай­тындықтарын анық аңғартты.

– 55 мың халқы бар Бөрлі –Батыс Қазақстан облысының іргелі аудандарының бірі. Оның үстіне біздің өңірдің басқа ауыл-аймағымен салыстырғанда Бөрлі ауданының шаруасы да көш ілгері. Бірақ бізді сіздің ауданның бір ғасырға жуық тарихы бар облыстық газеттерге жазылу жөнінен көштің соңында шаң қауып келе жатқандығы қынжылтады, – дей келе «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин қос басылымға жазылу бағасы, жарнама берушілерге жеңілдіктер және «Орал өңірі», «При­уралье» газеттерінің мемлекеттік сая­сатты ел-жұртқа жеткізудегі мән-маңызы жөнінде келелі әңгіме қозғады. Ал қос редактор негізінен басылымдардың биылғы шығармашылық жаңа жобалары, ел-жұртты, әсіресе, жастарды жат діни ағымдарға арбалудан сақтандыру, шағын несие алудың жай-жапсары және қоғамдық авторлар институтын нығайту мәселелерін тілге тиек етті. Осыдан кейін оқырман қауым өз ой-пікірін ортаға салды. Мәселен, ақсайлық еңбек ардагері Мұхтар Боқаев:

– Аудан-ауылдарға жиі шы­ғып, агросектордың жағдайын көбірек қаузаңыздар. Өйткені ауыл шаруашылығы жандан­ған сайын ауыл-аймақтың шырайы кіре түседі, – десе, «Қазбұргаз» АҚ-ның тете-президенті Сәкен Шұғайыпов: – Мемлекет­тік мекемелердің халыққа қызмет көрсету сапасын ұдайы қадағалаңыздар. Жақында автокөлік сатып алып, соның құжаттарын реттейін деп жол полициясы басқармасына бардым. Құдай сақтасын, бас-аяғы екі-үш сағатта, тіпті әрі кетсе бірер күнде бітуі тиіс шаруа үшін аттай 10 күн жүрдім. Өз жұмысын жетілдіру жөнінен жол полициясы халыққа қыз­мет көрсету орталығынан не­ге үлгі алмайды? Сондай-ақ Қарашығанақ қазынасын игеру барысында жыл санап отандық мекеме-кәсіпорындардың үлесін арттыру жөніндегі 2009 жылы қол қойылған меморандумнан да әзірге қайыр шамалы болып тұр, – деп өзінің орынды өкпе-ренішін білдірді. Ал аудандық «Бөрлі жаршысы» газеті бас редакторының орынбасары Ай­гүл Ахметова «Орал өңірінің» биылғы тың жобасы – «Әдеби жұмбақ» кітапты жата-жастана оқып өскен аға ұрпақ өкілдеріне қоса, компьютермен көздерін ашқан жастардың арасында да үлкен қызығушылық туғызуда екендігін айтып, бізді бір қуант­ты. Аудандық білім беру және денсаулық сақтау салаларының басшылары да облыстық газеттерге жазылған оқырман олжасыз қалмайтындығын атап өтті.

– Мен үшін газет-журнал – күнделікті ішім-жеммен пара-пар рухани азық. Сол себепті мына азаматтардың келген шаруасын қамшы салдырмай тындыру керек, – деп кесіп айтып, аудан басшылығына қарата сөйледі жиын соңына таман бірнеше перзент тәрбиелеп өсірген «Батыр ана» Дәмелі Құсайынқызы.

Осылайша біз баспасөзге жа­зылу науқанына білек сыба­нып кіріспек ниеттегі бөрлілік ағайынның арасынан қанат­та­нып оралдық.

Беркін САЛЫҚҰЛЫ,
Бөрлі ауданы

Scroll to Top