Өткен аптада бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтті. Әріптестеріміздің бірқатары жыл ішіндегі жемісті еңбегі үшін мақтау қағаздарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бейсенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратының конференция залында барлық аудандық газет редакторлары мен өкілдері, облыстық қос газет тілшілері және БАҚ саласының ардагерлері бас қосты. Жиында ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Биылғы жылдың басында «Жайық Пресс» ЖШС құрамына 11 аудандық газет редакциясы қосылып, орталықтандырылған болатын. Бұл істің тиімділігі қазірден-ақ байқалуда. Аудандық филиалдарға кәсіби сапалық көмек беру, оқу-үйрету курстары тұрақты ұйымдастырыла бастады. «Жайық Пресс» ЖШС жанынан құрылған ақпарат орталығы облыстың кез келген түкпірінде болған оқиғаны дер кезінде халыққа таратуға кірісті.
– Облыс басшылығы ғасырға жуық тарихы бар «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері қызметкерлері алаңсыз қызмет етуі үшін барлық игілікті жасады: қаламыздың қақ ортасынан сәулетті ғимарат ұсынды, су жаңа баспахана алып берді. Қос редакция да биыл су жаңа көлік мініп отыр. Осындай игі іс болашақта аудандық газет редакцияларына да жасалады деп ойлаймыз, – деді Жантас Набиоллаұлы.
Оқырмандарымыз жақында «Жайық Пресс» ЖШС жанынан журналистердің ардагерлер ұйымы құрылғанынан хабардар болар. Салтанатты жиынға Қосаман Орынбасаров, ҒилажНаурзин, Құбаш Қажымов, Мәжит Қайырғалиев, Энгельс Шыңғалиев, Амантай Боранқұлов, Тәрбие Смағұлова, Қайрат Жұмағалиев, Амангелді Ақмұрзин, Владислав Ярлов, Мағжан Кенжеғалиев сынды аға буын өкілдері де келді. Ардагерлерге мереке құрметіне орай «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин алғысхат пен ақшалай сыйлық табыс етті. Ардагерлер тарапынан алғыс айтқан Мәжит Қайырғалиев «Жайық Пресс» ЖШС-ның әрдайым жақсы істердің ұйытқысы болып келе жатқанына ризашылық білдірді. Ал соғыс ардагері Қосаман Орынбасаров өзінің жеке қорынан бір топ көне кітапты редакция кітапханасына сыйлайтынын хабарлады.
Журналистер қауымын төл мерекесімен құттықтау үшін облыстық мәслихат депутаты, ҚАЗИИТУ құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов арнайы келіпті. Меценат “Жайық Пресс” ЖШС бас директоры Ж.Сафуллинге қазіргі журналистердің төл “қаруы” – қос нетбукты табыс етті.
Осы күні аудандық газеттерде табысты қызмет етіп жүрген бір топ журналистер де мақ-
тау қағазы мен ақшалай сыйлыққа ие болды. Кәсіби мереке құрметіне орай марапатталған Ерболат Райсов (Қаратөбе ауданы, тілші), Назгүл Жәрдемова (Тасқала ауданы, тілші), Мүсірбек Айташев (Сырым ауданы, аға тілші), Тұрарбек Ақмұрзин (Қазталов ауданы, тілші), Болат Есқалиев (Ақжайық ауданы, директор), Борис Мырзағалиев (Ақжайық ауданы, жауапты хатшы), Қаһарман Зинуллин (Жаңақала ауданы, тілші), Жазира Рамазанова (Зеленов ауданы, тілші), Амантай Хамзин (Бөкей ордасы ауданы, аға тілші), Нұрымбек Жапақов (Жәнібек ауданы, тілші), Гүлшат Ботанова (Шыңғырлау ауданы, жауапты хатшы), Мұхамбет Жұбандықов (Теректі ауданы, тілші) әріптестерінің қошеметіне бөленді.
Мереке күні мәртебесі көтеріліп, мерейі тасыған журналистердің қатарында біздің өз әріптестеріміз – «Орал өңірі» газетінің жауапты хатшысы Жаннат Есполаева мен бөлім редакторы Артур Мағзомов та бар. Сондай-ақ «Приуралье» газетінің қос қызметкері Светлана Гусакова мен Марина Иванова, «Жайық Пресс» ЖШС-ның техникалық қызметкерлері Ирина Башмачникова мен Қуаныш Хасанов та арнайы алғысхат пен сыйақыға ие болды.
Марапаттарыңыз құтты болсын, әріптестер!
Өз тілшіміз