Осындай атаумен «Жайық Пресс» ЖШС Ғ.Қараш және Е.Бұйрин атындағы облыстық байқау ұйымдастыруда. Байқауға 18-ден 40 жасқа дейінгі әр түрлі салада еңбек етіп жүрген үміткерлердің қатысуға мүмкіндігі бар. Қазақ және орыс тілінде әр түрлі жанрдағы материалдар қабылданады.
Облыстық шараның мақсаты – БАҚ саласында жұмыс істеуге ынталы, мақала жазуға қабілеті бар адамдарды іріктеу, журналистика саласына бағыттап, тәрбиелеу және олардың облыстық, аудандық газеттердің редакцияларында шығармашылығын шыңдап, қызмет атқаруына мүмкіндік туғызу.
Байқау материалдары Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналып, соның ішінде Елбасы Жолдауында міндеттелген тапсырмаларға сәйкес Батыс Қазақстан облысындағы индустриалды-инновациялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолға алынған жұмыстар қамтылуы керек. Сондай-ақ өңірден шыққан ақын-жазушы, әнші-күйші, өнер адамдары, батыр-қолбасшы, алаш қайраткерлері жайлы тарихи-өлкетану, танымдық бағытында және отбасының бірлігі мен жастар тәрбиесін, ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, патриоттық сезімді арттыруға бағытталуы тиіс.
Материалдың көлемі 14 шрифтінде Times New Roman қарпімен теріліп, A4 форматындағы 2 беттен кем болмауы тиіс және қатысушы бұрын газет-журналдарда жарияланбаған материалдарын ұсына алады. Материалдар 2012 жылғы1 мамырдан 20 маусымға дейін қабылданады. Байқау жеңімпаздарына 100 мың теңгеден жүлде табыс етіледі. Байқау ережесінің толық нұсқасын infoportal.kz және zhaikpress.kz электронды мекенжайынан оқуға болады. Қосымша ақпарат алу үшін Мұхит көшесі, 57/1 мекенжайында орналасқан «Жайық Пресс» ЖШС-на келіп немесе 8/7112/ 51-25-80 және 54-31-91 телефонына хабарласуыңызға болады.