Бейсенбі күні «Жайық Пресс» ақпарат орталығында Қазақстанның құрметті журналисі Құбаш Қажымовтың мерейлі 75 жасқа толуына орай кездесу болды. Оған ардагер журналистер, орта және жас буын тілшілер қатысты.
– Бүгінгі қоғамдағы ең басты байлық – бейбітшілік. Біз бейбіт өмірдің арқасында алдымыздағы ағаларды құрметтеп, осындай тойларымызды өткізіп жатырмыз. Биыл осы кешке жиналған ардагер ағалар қызмет істеп кеткен газетіміздің 95 жылдық тойы келе жатыр. Сіз «Орал өңірі» газетіне 20 жасыңызда келген екенсіз, биыл 75 жасқа толып отырсыз, өзіңіз ыстығына күйіп, суығына тоңған газеттен 20 жас қана кішісіз. Бүгін сізді құттықтауға ортаңғы буын және жас тілшілер жиналып отыр, – деп сөз бастаған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Набиоллаұлы одан әрі ардагер журналиске мықты денсаулық, отбасына амандық тіледі. Ұжым атынан құттықтаухат тапсырып, сый-сияпат көрсетті. Сөз кезегін ақын, ұжымдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Жұмағалиев алды.
– Құбаш, мен саған сіз демей-ақ сен дейін, себебі менен сегіз-ақ ай кіші екенсің,- деп ортасын әдемі әзілге бөледі ақын. – Сен 35 жыл осы жерде жұмыс істеп, газеттің шығармашылық тұрғыдан жетілуіне көп еңбек сіңірдің. Енді, міне, бүгін соның жемісін, отбасыңдағы 5-6 баланың қызығын көрудесің. Осы жерде отырған бәрің де бір кездегі қылшылдаған жігітсіңдер. Заман тыныш болып, берекелерің артып, жастарға үлгі болып, ұзақ өмір сүріңіздер, – деді ақын.
1938 жылы Жаңақала топырағында дүниеге келген Құбаш Қажымұлы 1964 жылы Орал педагогикалық институтын бітірген. 1965 жылы облыстық «Орал өңірі» газетіне қызметке келген ағамыз тілшіліктен бастап бөлім меңгерушісіне дейінгі міндетті атқарды.
Құбаш Қажымұлын құттықтауға жиналған ардагер журналистер Ғилаж Наурзин, Мәжит Қайырғалиев, Энгельс Шыңғали және Тәрбие Смағұлова 95 жылдық тарихы бар «Орал өңірі» газеті редакциясында жемісті еңбекпен өткен жылдарын еске алып, әңгіме шертті.
– Құбаштың тамаша қасиеті – 30 жыл жұмыс істегенде ұжымдағы біреуге тіл тигізіп ренжіткен жоқ. Ол – отбасында да, жолдастыққа да мығым адам. Біздің жастығымыз, бар өміріміз осы редакция аясында өтті. Алдымыздағы аға журналистер, қатарластарымыздың көбі осы күнді көре алмай, өмірден ертерек кетті. Біздерге осындай сый көрсетіп отырған «Жайық Пресс» басшылығына рақмет, – деді Мәжит Қайырғалиев ағамыз.
«Орал өңірі» газетіне бар саналы ғұмырларын берген қарт журналистерді «Алыптар тобының тұяқтарына» теңеген ақын, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ, қос газеттің редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықова мерейтой иесі Құбаш Қажымұлына мықты денсаулық, ұзақ өмір тіледі.
Өз тілшіміз