Биыл «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 95 жыл толатынынан оқырмандарымыз хабардар. «Орал өңірі» – 95» айдары да біздің басылым бетінен жиі көрініп жүр.
Бүгінде облыстық газеттердің 95 жылдық тарихын түгендеуге қатысты жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бірақ өз елімізден – Қазақстан Ұлттық кітап палатасынан, еліміздің Ұлттық кітапханасынан газетіміздің алғашқы сандарын табу мүмкін болмады. Тұңғыш нөмірі 1918 жылғы 17 қарашада Хан ордасында шыққан газетіміздің тігіндісі Ресей Мемлекеттік мұрағатында сақталып қалған екен. Жақында «Жайық Пресс» ЖШС-ның өкілдері Мәскеу қаласына арнайы барып қайтты.
– Біз үшін өте құнды жәдігер – облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің түп атасы саналатын «Хабар-Известия» газетінің алғашқы нөмірлерінің көшірмесін Ресей мемлекеттік архивінен алдық. Сонымен бірге «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда» газетінің тігіндісін өзіміз фотоға түсірдік. Бұдан кейін Ресей мемлекеттік кітапханасының газет бөлімін іздедік. Ол Мәскеу облысына қарасты Химки деген қалада орналасқан екен. Сол жерден «Дұрыстық жолы» газетінің тігіндісі табылды. «Дұрыстық жолы» газетінің редакция алқасында Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев секілді ұлт зиялылары болғанын ескерсек, бұл да өте құнды жаңалық болды, – дейді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.
Бүгінде аталған басылымдардың көшірмелері елге әкелінді. Негізінен араб әліпбиінде жарық көрген бұл газеттерді оқу, зерттеп-зерделеу жұмысы бастал-ды. Ол жөнінде оқырмандарымыз кеңінен хабарланатын болады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ