Биыл облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 95 жыл және «Жайық Пресс» ЖШС-ның құрылғанына 10 жыл толмақ. Осыған орай «Жайық Пресс» ЖШС журналистердің төл мерекесі қарсаңында мекеме қызметкерлері арасында қазақ күресінен жарыс ұйымдастырды.
Жарыстың ашылу салтанатына облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Бисембаев, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубекеров, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет қатысып, палуандарға ақ тілектерін жолдады.
Бұдан соң «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин қаламгер қауымды алдағы келе жатқан мейрамдарымен құттықтады.
– Біздің мекеменің спорттық жарыстарды ұйымдастыруы бір бұл емес. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында мекеме қызметкерлері арасында бұған дейін де спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Бұл жолы біз ұлттық спорт түрі қазақ күресінен сайыс өткізуге шешім қабылдадық. Ондағы мақсатымыз – ұлттық спортты халық арасына кеңінен тарату, қазақ күресі жөнінде тұрғындарға түсінік беру. Ал енді сайысқа қатысушыларға сәттілік тілей отырып, мекеме қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, осы шараға арнайы келіп отырған ардагерлерге үлкен ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар бүгінгі спорттық шараның ұтымды ұйымдастырылуына көп жәрдем берген облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының ұжымына әріптестерімнің атынан алғыс айтамын, – дей келе мекеме басшысы жарыстың басталғанын хабарлады.
Осыдан кейін палуандар ортаға шақырылып, көрермендерге таныстырылды. Одан әрі сайыс басталып кетті. Ереже бойынша «Жайық Пресс» ЖШС-ның әкімшілік бөлімінен, ақпарат орталығынан, баспаханадан және аудандық газет редакцияларынан келген жігіттер 70 келіге дейінгі және 70 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты.
Алғашқы кезең бойынша ортаға баспахана жұмысшысы Айдын Аманғалиев (58 келі) пен Жаңақала аудандық газетінің тілшісі Қаһарман Зинуллин шығып белдесті. Бұрын күреспен айналысқан Қаһарман белдесудің алғашқы минутында-ақ, қарсыласын оңай тізе бүктіріп, жеңімпазға арналған арлан терісін иығына ілді. Келесі кезекте Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің тағы бір қызметкері Қуанғали Өтеғалиев пен Қаратөбе аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің тілшісі Оралхан Әкімов күресті. Төрешілер тарапынан бірнеше рет ескерту алған бұл жұп ұзақ сайысып, нәтижесінде жаңақалалық Қуанғали жеңіске жетті. Үшінші жұп белдесуді әп дегеннен қызу бастады. Күші мен шеберлігі тең түсетін Темірболат Тоқмамбетов (ақпарат бөлімі) пен Нұрболат Серікқалиев (әкімшілік бөлім) шаршы алаңда ұзақ белдесті. Кілем үстінде ширақ қимылдаған жігіттердің екеуінің де бұрын спортпен шұғылданғаны көрініп тұрды. Әрі-бері тартысып, бірін-бірі ала алмаған жігіттердің шеберлігі ақыры қосымша белдесу арқылы анықталды. Бұл кездесуде ақпарат орталығының бей-неоператоры Темірболат жеңімпаз деп танылды.
Қос салмақ деңгейіндегі палуандар түгел белдесіп болған соң, төрешілер ортаға алғашқы айналымның жеңімпаздарын шақырды. Ереже бойынша екі салмақтың озық шыққандары кілемге қайта шығып, бір-бірімен белдесті. 70 келіге дейінгі салмақ бойынша Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің қос қызметкері Қаһарман Зинуллин мен Қуанғали Өтеғалиев күресіп, нәтижесінде Қаһарман жеңіске жетті. Сондай-ақ 70 келіден жоғары салмақ бойынша Түгелбай Бисенов пен Темірболат Тоқмамбетов сынға түсіп, шалт қимылдаудың арқасында Темірболат таза жеңіске жетті.
Одан әрі әр жұптың жеңімпаздары жекелеген орындар үшін бақ сынасты. Нәтижесінде 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша І және ІІ орындарды «Жаңарған өңір» газетінің қызметкерлері Қаһарман Зинуллин мен Қуанғали Өтеғалиев алса, ІІІ орынды «Жайық Пресс» ЖШС-ның өкілі Айдын Аманғалиев еншіледі. 70 келіден жоғары салмақтағылар арасында І және ІІ орындарды Әділбек Зайнуллин мен Темірболат Тоқмамбетов бөліссе, ІІІ орынды Ақжайық Ескендіров иеленді.
Сайыстың тартысты бөлігі түйе палуанды анықтау кезеңі болды. Түйе палуан атағына ие болу үшін әр түрлі салмақтағы палуандар – Түгелбай Бисенов, Темірболат Тоқмамбетов, Әділ-бек Зайнуллин, Ақжайық Ескендіров және Нұрболат Серікқалиев белдесті. Нәтижесінде Темірболат пен Әділбекті және Нұрболатты айқын басымдықпен жеңген Ақжайық Ескендіров «Түйе палуан» атанды. Сөйтіп, екі сағатқа созылған сайыстың нәтижесінде «Жайық Престің» барысы» анықталды.
Жарыс соңында «Жайық Пресс» ЖШС-ның директоры Жантас Сафуллин сайысқа қатысып, қазақтың жүректі жігіттеріне тән мінез көрсет-кен палуандарға ризашылығын білдіріп, оларға алғысхат пен ақшалай сыйлық табыс етті. Ал «Жайық Пресс» барысы» атанған Ақжайық Ескендіров кубок пен 50 мың теңгені қанжығасына байлады.
Айша ӨТЕБӘЛІ