Осы аптаның бейсенбісінде облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейтойы қарсаңында «Жайық Пресс» ЖШС-ның «Zhaikpress.kz» сайтының таныстырылымы болды. Енді ғаламтор (интернет) пайдаланушылар облыс өміріндегі және еліміздегі жаңалықтарды осы сайттан оқи алады.
Интернет-сайттың таныстырылымына арналған шараға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Бисенбаев, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Дәулеткерей Құсайынов қатысты.
– Қазіргі заманауи техникатехнологияның дамыған шағында журналистерге жедел ақпарат беруге толық мүмкіндік бар екеніне тоқталып, жаңадан ашылған сайт арқылы біз өз оқырмандарымыздың аясын кеңейтуге, олармен қоғамдағы толғандырып жүрген проблемаларын бірге талқылауға жағдай жасадық, – деді шараны ашқан «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.
«Жайық Пресс» ЖШС жанындағы ақпарат орталығының меңгерушісі Бағдад Ізмағанбеттің мәлім еткеніндей, ашылғанына аз уақыт өтсе де, орталық ақпарат кеңістігінде өзіндік орнын алды. Қазірдің өзінде ақпарат орталығы облыстық, қалалық, республикалық БАҚ-тармен байланыса отырып, ғаламтор арқылы бейнежаңалықтарды да таратуға мүмкіндік алды. Бұл ретте орталық сапалы дауыс жазу, бейнетаспаға түсіру, монтаждау үшін озық құрылғылармен жабдықталды. Қазір бұл сайт арқылы облыстағы оқиғаларды тек оқып қана қоймай, бейнежаңалық ретінде қарауға да мүмкіндік бар. Ақпарат орталығының ғаламтордағы сайтына орнатылған ақпараттар легі жергілікті телеарналарда жүгіртпе жол ретінде жарияланып, «BAQ.KZ», «Infoportal» және басқа сайттарға шығады. Сайт қос облыстық және 11 аудандық газеттің барлығының «PDF» нұсқасын ақпарат айдынына шығарып отыр. Демек, енді ел-жұрт бір ғасырға жуық тарихы бар “Орал өңірі” және “Приуралье” газеттерін сайттың көмегімен электрондық нұсқада да оқи алады.
Таныстырылым рәсіміне қатысушылар өмірге жолдама алған сайттың тек аймақта ғана емес, бүкіл еліміз бойынша оқырмандары көп алдыңғы қатардағы ақпарат құралы болуына тілектестік білдірді.
Шара соңында «Жайық Пресс» ЖШС-ның директоры Жантас Сафуллин журналистердің кәсіби мерекесіне орай бір топ қызметкерлерді жемісті еңбектері үшін құттықтап, сый-сияпат жасады.
Еламан БАДЕНҰЛЫ