«Жайық Престегі» жылы шырайлы жүздесу

Кеше республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, танымал журналист Жанболат Аупбаев «Жайық Пресс» ЖШС құрамына кіретін «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шығармашылық ұжымымен кездесті. Кездесуге бас басылымның Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Темір Құсайын және белгілі ақын ағамыз Қайрат Жұмағалиев қатысып отырды.

Жылы шырайлы жүздесуде «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин қарымды қаламгерге қош келдіңіз айтты. «Облыстық қос газеттің жарық көре бастағанына биыл 95 жыл толады. Осы мерейтой қарсаңында біздің ұжымға келіп, жас журналистерге үлкен өмірлік тәжірибеңізді ортаға салғаныңыз зор мәртебе», – дей ке­ле Жантас Нәбиоллаұлы облыстық газеттердің тарихын және бүгінгі тыныс-тіршілігін қысқа-нұсқа баяндап өтті.

Өз кезегінде Жанболат Әлихан­ұлы облыстық “Орал өңірі” және “Приуралье” газеттерінің 95 жылдық торқалы тойымен “Жайық  Пресс” ұжымын құттықтады. “Мына отырған ғимараттарыңыз жақсы екен. Журналистерге жұмыс істеуге толық жағдай қаралыпты. Әрі газеттеріңіз жасы жағынан “Егемен Қазақстаннан” үлкен республикадағы екі-үш басылымның қатарында. Мерейтой қарсаңында қос басылымның тарихын түгендеп, келешек ұрпаққа эстафета ретінде беріп кетуге талпыныстарыңыз да құптауға тұрарлық”, – деді Жанболат Аупбаев. Қаламгер одан әрі өзі басқаратын басылымының қызметіне, роліне тоқталды, облысқа қатысты тың тарихи деректерді ортаға салып, жергілікті жас журналистер­дің ой-өрісін ұдайы дамытып отыру қажеттілігін айтты. Кездесу соңында мәртебелі мейманға «Жайық Пресс» ЖШС ұжымы атынан арнайы тарту-таралғы тапсырылды.

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

Scroll to Top