Енді белгілі ақын-ағартушы Ғұмар Қараш атамыздың мағыналы жырларын үнтабақ диск арқылы тыңдауға болады. Бейсенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында жергілікті тарихшылар бас қосқан жиында осы дискінің тұсауы кесілді.
Тарих ғылымдарының кандидаттары Дәметкен Сүлейменова, Бақтылы Боранбаева, Есқайрат Хайдаров, филология ғылымдарының кандидаттары Серікқали Шарабасов, Зейнолла Мүтитегі, БҚМУ студенттері шақырылған шараға белгілі жазушы-драматург Роллан Сейсенбаев та қатысты. «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 95 жыл толуына арналған мерейтойлық шаралар аясында тұсауын кескен Ғұмар Қараш жырларының аудиодискі қонақтарға тарту етілді. Ерекше формада, киіз үй үлгісінде жасалған дискіге ақынның 74 өлеңі жинақталған. Бір айта кетерлік жәйт, өлеңдер «Жайық Пресс» ақпарат орталығының өз студиясында жазылып, өңделген. Оқыған – журналист Бағдат Ізмағанбет.
– Біз қалааралық жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелермен сөйлесіп, бұл дискіні оларға тегін ұсынбақпыз. Шартымыз – ұзақ жолда тек ән-күй ғана емес, осы дискіні де ойнатып тұрсын. Осылайша, жолаушылар бір кезек Ғұмар атамыздың мағыналы жырларын тыңдап, ой түйсе, ғибрат алса дейміз, – дейді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.
– Ғұмар Қараш туралы ең алғаш 1960 жылдары Ғұмар Зарипов деген мұғалімнен естіп едім. Сол кісінің архиві табылса, көптеген дерек жарыққа шығар еді. Ғұмар Қараш – өте аяулы тұлға. Ол кісінің Борсыдағы қабірі жағдайсыз қалған секілді. Сол мәселені көтеру керек, – деді өз сөзінде профессор Серікқали Шарабасов.
Тарихшы Бақтылы Боранбаева да ғұмартану ісіндегі жетістіктер мен олқылықтарға тоқталып, соңғы жылдары «Жайық Пресс» ЖШС тарапынан жасалып жатқан шаралардың маңызын атап өтті.
– Ғұмар атамыз 1920 жылдары: «Біздің зиялылар мектеп-медресе ашып, еңбек етсе, мына халықтың басындағы қараңғылық тезірек сейілер болар еді. Күнделікті ішіп-жеп, тамақ пен киімді ғана ойлап жүргендер – хайуандық хәлде ғана қалғандар ғой» – деп ашынып жазған болатын. Алаш қайраткерлерінің өмірімен танысып, зерттеген адамның еліне, халқына бүйрегі бұрмауы мүмкін емес. Халқының жүріп өткен қасіретті жолын зерттеген тарихшының елін сүймеуі, ұлтын сүймеуі мүмкін емес! – дейді Бақтылы Сансызбайқызы.
«Жайық Пресс» ЖШС басшысы Жантас Сафуллин тарихшы ғалымдарды Ақ Жайық өңірінде баспасөз ісінің қалыптасуы, бұл іске атсалысқан тұлғалар туралы зерттеуге шақырды. Сондай-ақ Мәскеу архивтерінен жеткізілген «Қазақстан», «Известия»-«Хабар», «Киргизская правда»-«Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы» газеттерінің тігіндісін де зерттеп, ғылыми айналымға қосу қажеттігін айтты.
– Сіздер студенттеріңіз бен магистранттарыңызды біздің газеттеріміздің тарихына қатысты тақырыптарға бұрып, тапсырма берсеңіздер, біз де өз тарапымыздан оларға қолдан келгенше көмек көрсетуге әзірміз, – деді Жантас Нәбиоллаұлы. Бұл ұсынысты ғалымдар ықыласпен қабылдады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
“Орал өңірі” газеті