«Сыйласаңыз кәріңді, Жарылқаймын бәріңді» деген аталы сөз – «Жайық Пресс» ЖШС ұжымы ұстанатын қасиетті қағиданың бірі. 1 қазан – халықаралық қариялар күні бұрын облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакцияларында қызмет істеп, зейнет демалысына шыққан ардагер журналистерге құрмет көрсетілді.
Басқосу кезінде мекеме басшысы Жантас Сафуллин биыл шыға бастағанына 95 жыл толғалы отырған қос газеттің мерейтойы аясында ұйымдастырылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берді. Ардагерлерге арнайы алғысхат пен ақшалай сыйлық табыс етілді. Шағын дастарқан басында бас қосқан Мәжит Қайырғалиев, Ғилаж Наурзин, Энгельс Шыңғалиев, Амантай Боранқұл, Владислав Ярлов, Ольга Кулик редакцияда өткен жемісті еңбек жылдары туралы әңгімелеп, өздерін үнемі ұмытпай, ескеріп жүретін ұжымына алғыс айтты. Кездесуде қос басылымның өткен тарихы, әріптес қаламгерлер туралы әсерлі естеліктер көп айтылды. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сиықова, «Егемен Қазақстан» газетінің біздің облыстағы тілшісі Темір Құсайын да сөз сөйлеп, берген өнеге, көрсеткен көмегі үшін алдыңғы толқын аға журналистерге алғыс айтты.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Орал өңірі» газеті