Үш кітаптың тұсауы кесілген күн

Сәрсенбі күні Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына орай шығарылған «Қазақстан», «Қос газеттің тарихы» және «Жайық журналистері» атты үш бірдей жаңа кітаптың таныстырылымы өтті.

Шараға жергілікті БАҚ басшылары, респуб­ли­калық БАҚ-тардың облыстағы меншікті тілшілері, сала ардагерлері және Астана, Алматы қалаларынан, сондай-ақ көрші облыстардан қос газеттің 95 жылдық мерейтойына арнайы шақырыл­ған қонақтар қатысты.

Жаңа кітаптардың тұсаукесері­не жиылған жұртшылық алдымен «Жайық Пресс» қызметкерлері даяр­лаған қос газеттің тарихы туралы де­ректі фильмді тамашалады. Мұнан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мә­кен көпшілікті «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің мерейтойымен құттықтады.

– Қасиетті Ақ Жайық жұрты та­рихқа бай, тұңғыштардың ме­кені. Бүгінгі 95 жылға толып отыр­ған екі басылымның тарихы талай ұлт зия­лыларының өмі­рімен байланысты. Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев сынды танымал тұлғалардың бас болуымен әуелі Хан Ордасынан, кейін Орал қаласынан 1911-1913 жылдарда «Қазақстан» газеті жарық көрген еді. Тұсауы кесілгелі отырған «Қазақстан» кі­табында осы газеттің барлық сан­дары және аталмыш басылым туралы елімізге белгілі ға­лым­дар мен журналистердің зерттеу ма­қалалары топтастырылған. Бұл – Алматы, Мәскеу, Петербург қала­­ла­рына дейін сапар шегіп, ауқым­ды іздестіру жұмыстарын қолға алған зерттеушілердің қажырлы еңбегінің нәтижесі. «Қос газеттің тарихы» атты кітапта облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің шежіресі жинақтал­ған. Мұнда сонау 1918 жыл­дан бастап «Хабар», «Известия» деген атаумен шыға бастаған қос ба­сылымның осы күнге дейінгі тарихы барынша қамтылған. Ал «Жайық журналистері» атты кітапта бүгін­гі «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде қызмет ететін журналистердің облыс өмірінің сан саласын қамтитын таңдаулы мақалалары жинақталған. Бұл ең­бектерді елдігімізді нығай­тудағы, тәуелсіз еліміздің тарихын түген­деудегі зор құндылық деп есептейміз, – деді облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөзінде.

Кеште сөз алған меймандар мен сала ардагерлері өткерген қыз­меттері туралы қызықты естеліктер айтып, «Орал өңірі» және «Приуралье» га­зеттерінің басын біріктірген «Жайық Пресс» ЖШС ұжымына игі тілектерін арнады.

Шара соңына қарай көпшілік­ті қос газеттің мерейтойымен құт­тықтаған облыстық ішкі істер депар­таментінің өкілдері «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орын­баса­ры Ғай­сағали Сейтақ, «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұ­бай­дул­лин мен Роза Сыйықова, сондай-ақ аталмыш басқарманың тыныс-тіршілігін бұқараға таныстыруда белсенділік танытқан «Орал өңірі» газетінің тілшілері Сәкен Әбдіхалықов, Нұрлы­бек Рахманов, «Приуралье» газетінің тілшілері Наталья Портнягина және Саида Төлегеноваға алғысхат табыс етті.

Жантас САФУЛЛИН,«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры:

– «Хабар», «Известия» газеттерін шығарушы тұлғалар жайлы зерттей бастағанда, Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Сейітқали Мең­дешов, басқа да Алаш арыстарының есімдеріне қаныға түстік. Алайда олар баспасөз саласындағы еңбектерін қос газеттен бұрын «Қазақстан» газетін шығарудан бастағанына көзіміз жетті. Кеңестік кезеңде, 1947 жылы Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш сынды ақындардың насихатталуына тыйым салынып, олардың еңбектері жойылған екен. Осы себептен болу керек, еліміздің аймағында «Қазақстан» газетінің толық түпнұсқасы сақ­талмапты. Жергілікті тарихшы Бақ­тылы Боранбаеваның жөн сілтеуімен Алматы қаласындағы кітап палатасынан аталмыш газеттің төрт санын ғана таптық. Ал қалған сандарын Мәскеудің мұрағат қо­рынан әкел­дік. Зерттей келгенде бүгінгі мемлекетіміз­дің атауын тұңғыш рет құжаттық айналымға енгізген әрі мақалаларының мән-мазмұны терең бұл газеттің тұтас еліміздің тарихынан алар орны ерекше екені белгілі болды. Сол себепті «Қазақстан» газетінде жа­рияланған мақалалардың толық нұсқасын арнайы жи-нақ етіп, болашақ ұрпаққа кітап түрінде ұсынуды жөн санадық. «Қос газеттің тарихы» кітабына «Хабар», «Известия» газеттерінің алғашқы сандары және осы басылымдарда қызмет еткен алғашқы редакторлар, кезінде қос газетте еңбек еткен ардагерлердің өмір­баян-естеліктері енгізілді. Осындай зерт­теулердің барысында екі түрлі тың дерекке тап болдық. Біріншісі, «Хабар» және «Известия» газеттерінен бұрын көпшілік біле бермейтін «Ұран» газетінің шыққанын ескерсек, қос газеттің тарихы одан әрі тереңдей түседі. Екіншісі, бұ­ған дейін кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған газетіміздің бір ғана редакторы белгілі болатын. Бүгінде сол нәубет жылдарда бес бірдей редактордың атылып кеткенін анықтадық. Ал «Жайық журналистері» деген атаумен жарық көріп отырған кітапқа бүгінгі «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде еңбек ететін журналистердің ең үздік деген мақалалары жарияланды. Өңіріміздің баспасөз тарихынан сыр шертер осынау үш кітаптың тұсаукесерін облыстық кітапханада өткізуіміздің ерекше мәні бар. «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакциясы белгілі бір кезеңдерде дәл осы ғимаратта болған.

Сүлеймен МӘМЕТ,”Егемен Қазақстан” газетінің бөлім редакторы:

– «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының бастауында Ахмет Байтұрсынов пен Мұха­меджан Серәлин тұрса, «Қазақстан» газе­­тінің бастауында Ғұмар Қараш тұр. Ахмет Байтұрсынов «Маса» болып ызыңдап, халқын қараңғылықтан оятуды мұрат тұтса, «Қа­зақстан» газетінде «Ызың» атты өлеңдер жа­рияланған. Оның әр жолында ұлт рухания­ты, қазақтың тарихы жатыр. Ғұмар Қараш – қазақтың ұлы ақыны. Оның әр сө­зінде ұлы идея жатыр. «Қазақ­стан» газетін тұтас ұлттың, бүкіл қазақ халқының тарихына енгізу керек. Ал «Қос газеттің тарихы» және «Жайық журналистері» кітабын бір ғана өңір емес, тұтас жұртымыз­дың тарихына қосылған сүбелі еңбек деп білемін.

Ғарифолла КӨШЕНОВ,«Орал өңірі» газетінің 1988-1991 жылдардағы бас редакторы:

– Облыстық газет «Орал өңірі» деген жа­ңаша атаумен дәл осы ғимаратта, осы қа­батта (Ж.Молда­ға­лиев атындағы облыстық кітап­хананың үшінші қабаты) дүниеге келді. Ол 1963 жыл болатын. Жабылып, қайта ашылған газеттің қызметіне жан-жақтан құйылып бір топ жас журналист жиналған едік. «Орал өңірі» редакциясында қызмет еткен жылдарда біз де газеттің мерейтойын атап өтуді та­лай рет ұйымдастырдық. Әйткенмен бүгінгідей батыс бас­пасөзінің тарихын тасқа басқандай еңбек еш уақытта жарық көрген емес.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
“Орал өңірі” газеті

Scroll to Top