Тірнектеп тарих жинаған

Қазбек Құттымұратұлын ешкімге таныстырудың қажеті жоқ. Бүгінгі «Орал өңіріндегі» ортаңғы буын ағалардың өкілі Қазбек Құттымұратұлы өзін мықты журналист, айтары бар ақын ретінде республикаға жас кезінде-ақ танытып тастаған.

Қазбек ағаның есімі өзіме бала кезімнен-ақ таныс. Сол кездегі өткір-өткір мақалаларының қиын­дылары газетқұмар біздің үйде әлі де сақтаулы. Әріптес бол­ғалы Қазбек аға бойынан бай­қаған басты қасиетім – оның ерекше еңбекқорлығы. Ешқашан уақытпен санасқанын көрмедім. Демалыс күндері де қызу жұмыс үстінде. Қашан көрсем де, ескі газет тігінділеріне, сирек қолжазбаларға, құлпытастардың суреттеріне үңі­ліп, компьютеріне ерекше ыж­да­­ғатпен бір нәрсе теріп жатқа­ны. Соның арқасында соңғы кезде дендеп кіріскен тақырыбы газет тарихына терең бойлады. 1911-13 жылдары тұрақты шығып тұрған «Қазақстан» газетінің барша нөмі­рін Ресей мұрағаттарынан түген­деп әкеліп, арабшадан тұтастай кирилл қарпіне аударып, толым­-
ды жинақ қылып, ғылыми айна­лым­­ға қосты. Бүгінде «Ұран» газеті бойынша зерттеу жұмыстары жүйе­лене келіп, жинақ баспаға әзір. ««Ұранның» кезінде ұмыт қалуы – оны ұйымдастырған азаматтар­дың 1917-1918 жылдары больше­вик­тік идеяға емес, қазақтың қа­нына жақын Алаш қозғалысына бүй­­рек бұрғандығында» дейді өзі.

«Орал өңірінің» 95 жылдық мерейтойы қарсаңында «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин мен аталмыш газеттің арнаулы тілшісі Қазбек Қабжанов Ресей мұрағаттарының шаңын біраз «қақты». Нәтижесінде бүгінгі «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің алғашқы бастауы – «Хабар-Известия» атауымен басылған газеттің, «Киргизская правда» – «Қазақ дұрыстығының», «Дұрыстық жолының» көптеген санын Мәскеу мен Петербордан тауып, елге жеткізді. Осы ізденістен туған «Қос газеттің тарихы» жинағы – қазақ баспасөзінің тарихын зерттеу ісіне қосылған сүбелі үлес.

Қазбек ағаның өлке тарихын түгендеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Ке­ңес үкіметі жазу қарпімізді өз­герту арқылы тұтастай бір буынымызды өткенінен айырып еді. Ұрпағы ата-бабасының ұстаған кітабын түсінбек түгілі, құлпытасын оқи ал­майтындай жағдайға жеттік. Қаз­бек аға осы кем-кетіктің орнын біртіндеп толтырып келеді. Об­лыстың әр аймағына жол түскен сайын тың деректер тауып, көне қорым­дар мен тарихи мекендерді анық­тап қайтады. Аты аңыз­ға айналған небір тарихи тұлға­ларымыздың жатқан жерлерін құл­­пытасынан анықтайды. Күні ке­ше бұл бағыттағы жұмыстарының бір бөлігі ретінде «Құлпытас сырын ашайық» атты жинақ кітабы жарық көрді.

Соңғы кезде баспасөз ар­қы­лы Қазбек Құттымұ­­рат­ұлының ескі қол­­жазбалар мен кітап­тарды зерттеп жүргені­нен қаныққан ел өз аяқтарымен редак­ция­ға іздеп келіп, си­рек мұ­раларды ағамыз­­-
дың қолына өздері табыс­­тауда. Мәсе­лен, Ақ­жа­йық ауданының тұрғы­ны ғасырға жуық жер ас­тын­-
да жатқан ескі га­зет тігінділерін жеткіз­се, жуыр­да Қаз­та­лов ауда­нының тұр­ғыны ғасырға жуық сақ­тал­ған ескі кітап­ты Қазбек ағаға тарту етті. Араб қарпі­мен жазыл­ған, мұқа­ба­сы жойылып, кей же­­рі жыртылған, 1918 жы­лы баспадан шық­­қан түп­нұсқа кітаптың Ғұ­мар Қараштың соң­ғы кітабы «Тұ­рым­-
тай» еке­ні белгілі болды. «Құнына ба­ға жет­пес мұндай кітаптар ел арасын­да әлі де көп» –
дейді Қазбек Құтты­мұратұлы.

Өз басым бір кез­дері тарихты тілші­­лер емес, кәсіби тарихшылар зертеу ке­рек деген сөзді ес­­тіп таңғалған­мын. Сол сәтте өл­кемізден соңғы жылдары тари­хи жаңалық аш­қан бір тарихшының да есі­мін еске түсіре алмай, Қаз­­бек аға ғана ойымда тұрған.

Облысымыздан ел деңгейіне шы­ғатын тарихи-танымдық бір бас­пасөз құралының қажетті­лігі се­зіліп жүр еді, Қазбек Құт­ты­мұ­рат­ұлының редактор­лығымен шы­ғатын «Дана» журналының тұсауы кесілді. Міне, осымен үшінші жыл қатарынан оқырманын бұрын еш жерде жарық көрмеген құнды деректерімен сусындатып келе жатқан, өлкенің тарихын, өнері мен мәдениетін жалпы Қазақстан­ға таныту үстіндегі бұл журнал­дың әр саны көзіқарақты оқыр­манның қолынан түспейтін баға­лы дүниеге айналды.

Біршама қызметті қатар алып жүретін Қазбек аға ғаламторға да уақыт табады. Ол жақта да оқырманы өте көп. Әлеуметтік желілер арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікір білдіріп, тағылымды ойларымен, де­рек-дәйектерімен ел-жұртпен бө­лісіп отырады.

Ағамыздың қазіргі атқарып жүрген еңбектерінің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Ал айтпай кетуге болмайтын бір қыры – жастарға жанашырлығы. Қашан көрсең де кабинеті ақындыққа, тілшілікке ұмтылған өрендерге толы. Бірі амандаспаққа алыстан арнайы келіп жатса, бірі – ақыл-кеңес, көмек сұрап, шығармасын көрсетіп алмаққа жұмыс орнына бас сұққандар. Қазекең бәрінің де меселесін қайтармай, қолынан келген көмегін аямайды. Сосын да айналасына жастар топтасып жүргені.

Біз, жастар, алдымызда сіздей ағалардың жүргеніне қуанамыз, сіздерге қарап үлгі аламыз, аға! Ақын, кәсіби журналист, ізденімпаз тарихшы, өлкетанушы деп қа­на емес, өмірдегі жеке тұлға­лық, адамдық қырларыңыздан да. Сіз­дің отбасында асықтай төрт ұл мен қызғалдақтай қос қыздың асқар тауы екеніңіздің өзі де соңыңыз­дан ерген буынға ерекше үлгі.

Кәсіби мерекеңіз құтты бол­сын! Ізденістен талмаңыз, Қазбек аға! Өйткені сіздей тілі мірдің оғын­дай өткір тілшілер қазақ баспасө­зіне, қай өлеңінде де айтар ойы айқын ойлы ақындар қазақ поэзия­сына, білімді әрі еңбекқор адамдар әлі де ақтаңдағы көп қазақ тари­хына ауадай қажет…

Нұрлыбек РАХМАНОВ

Scroll to Top