«Бәріміз қасиетті де киелі ауылдан шықтық»

Бұл – «Қазақстан-ZAMAN» халықаралық қоғамдық-саяси газеті қызметкерлерінің біздің облысқа жұмыс сапары барысында «Жайық Пресс»  ЖШС-ның журналистерімен болған кездесуде газеттің бас редакторы Ертай Айғалиұлының айтқан сөзі.

Қонақтарды бастап келген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова өңірімізде іссапарда жүрген «Қазақстан-ZAMAN» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызымен газеттің бас редакторы Ертай Айғалиұлын таныстырып, «Қазақстан-ZAMAN» халықаралық қоғамдық-саяси газеті тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елімізде өмірге келген және туысқан Түркия елімен тығыз шығармашылық қарым-қатынас орнатқан бірден-бір тұңғыш халықаралық газете кеніне тоқталды.

– Бәрімізде ауылдан шықтық. Ал ауыл – қазақтың тамыры, рухы, тарихы, қара шаңырағы һәм алтын тұрағы. Сондықтан еліміздегі 7 мыңнан астам ауылдың бүгінгісі мен болашағы кім-кімді де толғантады.  « НұрОтан» партиясы, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі және «Қазақстан-ZAMAN» газеті  «Ауыл ажары – азаматына сын»  
экспедициясын ұйымдастырған болатын. Қыркүйек айынан бастап біз облыстарды аралап жүрміз. Сіздің өлкеге Атырау облысынан келіп отырмыз. Жолай Ақжайық ауданында болып, ауыл тұрғындарымен кездестік. Өңіріңізде ауылды дамытуға жанашыр болып жүрген азаматтар көп екен. Табиғи газ, таза су үйге кірген, көшелері тап-таза, көркейген ауылдарды көріп, марқайып қалдық. Ауылдың бәрі осындай болса ғой, шіркін. Олай дейтінім, әлі де болса, ауыз суға, газға мұқтаж, жолы жоқ, ауруханасы, мектебі жоқ ауылдар бар екені шындық. Біз ұйымдастырған экспедицияның мақсаты – Елбасының «Қазақстан – 2050: Мәңгілік ел» стратегиясындағы «Ауылды қайта жаңғыртайық!» деп алға қойған міндетін жүзеге асыруға үлес қосу. Осы мақсатты бәріміз бірлесіп атқарайық, – деді Ертай Айғалиұлы.

Ауыл өмірі жөнінде нақты да қызықты фактілермен журналистерді ұйытқан Ертай Айғалиұлы өзімен сапарлас жүрген Сәуле Мешітбайқызының шығармашылығы туралы қысқаша әңгімеледі. «Қазақстан-ZAMAN» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызы ұзақ жылдар ұстаздық қызметте болыпты.

– Менің жасым жетпіске таялды, – деді мейман апай ағынан жарылып. – Бірақ мен жас журналиспін. 63 жасымда журналист болдым.

Өзінің және әріптесінің баяндауынша, Сәуле апамыз ана тіліміздің мықты жанашыры екен. Кезінде тіліміздің аянышты тағдыры туралы жоғарыдағы басшылардың бет-жүзіне қарамай, батыл айтқан Жұбан, Мұхтар ағаларымызбен бірге болған. Зейнет жасына жетсе де, күні бүгінге дейін республикадағы үлкен басылымға басшылық жасап, ел өміріндегі күрделі мәселелерді газет бетінде талмай, тайсалмай көтеріп келеді екен.

«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин қонақтарға бір ғасырлық тарихы бар облыстық газеттердің кешегісі мен бүгінгісі туралы егжей-тегжейлі баяндады.

– Ауылдарды жаңғырту мәселесі – газет көтеріп жүрген мәселелердің өзектісі, тіпті басты тақырыбы десе де болады, –деді Жантас Набиоллаұлы. – Ал сіздер қолға алған бастаманы біздер қолдаймыз және оны жүзеге асыруға ат салысамыз, – деп, әріптестері атынан сенім білдірді. Қонақтарға ескерткіш ретінде жақында жарық көрген «Ұран» газеті туралы кітап пен «Дана» журналының соңғы нөмірін сыйлады.

Қызықты өткен кездесуде облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Есенжол Қыстаубаев, «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова және басқалары сөз алып, ауылды жаңғырту жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Еламан БАДЕНҰЛЫ,
«Орал өңірі» газеті

Scroll to Top