Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында «Орал өңірі» газетінің 2014 жылдың 11 желтоқсан күнгі №141 санында «Нұр Отан» партиясы БҚОФ жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің жетекшісі Жантас Набиоллаұлының «Құлпытасты құрметтеу – ардың ісі» атты мақаласы жарық көрді. Мақала авторының құлпытастарды жүйелі түрде зерттеудің қажеттілігі туралы пікірлерін қуаттай отырып, туған жерім – Бөкей ордасы ауданындағы құлпытастарда жазылған қызықты деректермен бөлісуді жөн санадым.
Бөкей ордасының Мұратсай ауылында туып-өстім. Бала күнімізде судың арғы беті мен бергі бетіндегі ауылдардың ортасындағы көпірдің жанына барып, өрістен келе жатқан сауын сиырларды қарсылап алатын едік. Кейде мал кешіксе, Мұратсайдың шығыс жақ бөлігіндегі халық «арғы бет» деп атайтын ауылдан (бұрынғы №1 бөлімше) аса бере орналасқан екінші көпірге дейін барамыз. Сол жердегі обаның басында жалғыз құлпытас тұратын еді. Үлкендер «Бұл обада көп қалмақ жатыр» дейтін-ді. Осы құлпытас біздің ауылдықтар үшін бір жұмбақ тас болып келген.
Оба басында бір құлпытас тік тұрғызылып көмілген, енді біреуі жанында жерде жатыр. Екі-үш жыл бұрын жерде жатқан құлпытас жолдың құбыла жағында еді. Ихсанов Серғазы мен Бегалиев Әліби ағалар қабақ басына әкеліп тастаған.
Оба туралы ел ішіндегі әңгімелер
Қалмақ қырынан келген қазақтардың айтуынша, «Қалмақтар тастан жасаған Құдайына сыйынады. Жолға шыққанда кішкене тасты қалтасына салып шығады. Сол тас оларды қорғайды деп сенеді. Ал адам қайтыс болған кезде аттылы адам сүйекті артына өңгеріп алып шабады. Қай жерге түсіп қалса, сол жер бұйырған жері деп, алыстан бақылап отырады. Ақ түсті ит-құс келіп жесе, жұмаққа, қара түсті аң жесе, тозаққа барады деп есептейді. Ештеңе жемесе, жаназалайды» екен.
Мәшһүр Жүсіп атамыз «Қалмақтар өлген адамның мойнына қойдың бір санын байлайды, екі нанды екі қолтығына тығып жә-не су қояды» дейді. Итті сонан кейін күтеді. Сонан соң жерде жатқан адамның сүйегінің үстіне әлгі сыйынып жүрген тастарын тастайды. Кісі жерлеген сайын талисмандарын ауыстырып тұрады. Жәй қатардағы адам болса, сүйектің беті жабылардай ғана төбе болады. Орташа адам болса, орташа, аса биік емес төбе болады.
Ал атышулы адам болса, үлкен оба болады (Мәшһүр Жүсіп шығармалары, 9-том).
Біздің кісі жерленген кезде «Қабір басында көп адам болды ма?» дейтін әдетіміз Шыңғыс әулетінің хан ордасына жақын өмір сүргендіктен болса керек. Қай жерде болса да, күйген кірпіштен жасалып, жермен-жер болып кеткен қызыл кірпіштер – ноғайлардың моласы. Тастан үйілген обалар қалмақтікі. Осы обаларды қойма, қазына болар деп, оңай олжаға батқысы келіп қазғандар болған. Бірақ өлген қалмақтың сүйегі, марқұммен бірге қойған құмыраша, аяқ, білезік, сырға, ат тұрманы шыққан. Қазған еңбегіне тұрмайтын.
Қазіргі тарихшылар бұл обаларды сақ, сармат, савроматтар заманынан бері келе жатқан ескерткіш дейді.
Құлпытас сыры
Қалмақ обасының басында мұсылман құлпытасы қалай тұр деп түсінбей жүрсем, ол құлпытасты оба басына 1968 жылы мұ-ратсайлықтар апарып көмген екен. Сол обаның құбыла жағында мұсылмандар жерленген қауым болған екен де, ол жер соңынан егістік алаңына айналған.
Төменгі жағы көміліп, тікесінен тұрған құлпытаста мынадай жазу жазылған:
1-қатарда: Һәзәл қабр әл-мархум әл-мәғфур.
2-қатарда: Ноғай-қазақ руғының Қойас тайфе3-қатарда: сінің Құлман баласы Мұрат офат
4-қатарда: болды 53 иәшінде 1226-інчі илде
5-қатарда: бұ ташыны досы Абылай қылдырып қойды.
Құлпытас формасы Бөкей ордасындағы Хан зиратындағы құлпытастармен өте ұқсас екен. Тік тұрғаны жай адамның құлпытасы емес, ауқатты адамдікі екені анық.
Қайтқан жылы хижримен 1226-шы жыл екен. Бұл миләдимен 1810 жылға сәйкес келіп тұр. Жазуы өше бастаған, әкем екеуміз бетіндегі мүгін қырып, жуып, әрең дегенде оқыдық. Мәтіннің толық мағына-сы: «Бұл қабірде кешірімділік, мейірімділік етер жердегі Ноғай-қазақ руының Қойас тайфасының Құлман баласы Мұрат офат болды 53 жасында 1226 жылы бұл тасты досы Абылай қойды».
Мұрат бай туралы
Қазіргі Мұратсай ауылының тұрған жерінде ертеде Мұрат деген бай өмір сүріпті. Сайлы да жайлы, сулы да нулы жерде мал өсірген Мұрат байдың, әсіресе, түйесі көп болыпты. Бөкей хан арғы беттен көшіп келгенде Мұрат бай жақсы қарсы алып, бір меңі жоқ аппақ тоқсан тоғыз бота сыйлаған екен. «Біз далада қалармыз» деп ойлаған билері Бөкей ханға: «Сізді Мұрат бай келемеж жасап отыр ғой, хан ием, тоқсан тоғыз бергенде жүзге біреу жеткізе алмады дейсіз бе?» деп шағыстырмақ болады. Хан Мұрат байды шақыртып алып, тоқсан тоғыз бота беруінің мәнісін сұрағанда, бай: «Хан ием, қазақта «тоғыз киіт, тоғыз сиыт», «жетім бастаған тоғыз», «атан бастаған тоғыз» деп жақсылықтың бәрі тоғыздан аяқталмай ма? Мен сізге бір тоғыз емес, қос тоғызды қатар сыйладым ғой. Көңілімнің ақтығын ботаның түсімен білдіргенім еді» деген екен (бұл әңгіме кітаптарға да басылды).
Мұрат байдың ұрпақтары кеңес өкіметі орнағанда кәмпескіге ұшыраған екен. Әжен деген жерде №88 түйе зауыты құрылғаны белгілі. Полигонға байланысты 1952-53 жылдары ел көшкенде Жаңақала ауданы “Пятимар” кеңшарына да бір-екі мың түйе Әженнен әкелінгенін ақсақалдарымыз айтып жүр. Менің өз есімім де осы Мұратсай ауылында туғандықтан, Мұратбек қойылған. Мұратсай, Әжен маңындағы көне құл-пытастарды оқып көрсем, көбіне ноғай-қазақ руынан болып шығады. Сондықтан Бөкей келместен бұрын-ақ осы өңірді қоныстаған Мұрат бай да ноғай-қазақ деп ойлайтын едім. Міне, бүгін құлпытасының да сыры ашылып, төбем көкке жетіп отыр. Өйткені Мұрат бай мен Мұратсайдың байланысын дәлелдеп тұрған тасты оқып отырған Мұратбек те бір мұратқа жеткендей. Кеңес заманында М. Мәметова атындағы кеңшардың (қазіргі Сайқын) директоры болып тұрған кезінде Мұратсай бөлімшесін кеңшар деңгейіне көтеруге еңбектенген, былтыр тоқсан жылдығы аталып өтілген атамыздың да аты – Мұрат Насимуллин. Недеген сәйкестік?!.
Осы жерде жатқан екінші құлпытаста мынадай жазу бар:
1-қатарда: Ноғай руғы
2-қатарда: Қойас тайфесінің
3-қатарда: Санғырық заужесі (әйелі – арабша заужаты деп айтылады) Азан
4-қатарда: бәйбіше Төтеқызы офат
5-қатарда: болды 84 йашінде 1800 інші
6-қатарда: румие жылы бо ташыны қойды баласы Ислам, Таубай.
7-қатарда: таңба ретінде «х» белгісі жазылған.
Түсіндірмесі: Ноғай руы Қойас тайпасының Саңғырық әйелі Азан бәйбіше Төтеқызы офат болды 84 жасында 1800 рим жыл санауымен. Бұл тасты қойды баласы Ислам мен Таубай.
Орда ауылдық округіндегі Қарасу ауылының маңында «Саңғырық зираты» деген қорым бар. Ақболат Саңғырықов деген қазанқұлақ ноғай-қазақ та баспасөз беттерінде қылаң беріп жүр. Міне, бұл құлпытас сол Саңғырықтың бәйбішесінің құлпытасы болды.
Мұратбек қажы ЖАХАТОВ,
Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы