«Жеңіс сарбазын мақтан етеміз!» шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды

Бүгін «Жайық Пресс» ЖШС-нің мәжіліс залында Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойына орай облыстық «Приуралье» газеті редакциясының мектеп оқушылары арасында жариялаған «Жеңіс сарбазын мақтан етеміз!» шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды. 

Байқау қорытындысы бойынша, Ақжайық ауданының Чапаев кентіндегі №1 орта мектеп оқушысы Милана Садулаеваның «Күт мені, мен оралам» атты шығармасы үздік деп танылды. Орал қаласындағы №21 орта мектептің оқушысы Андрей Великановтың және Дариян ауылы орта мектебінің 4 сынып оқушысы Станислав Карпийдің жұмыстары екінші орынды еншілесе, Сырым ауданы, Жымпиты ауылындағы Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептің 4 сынып оқушысы Мөлдір Қабдығалиеваның, Дариян орта мектебінің 7 сынып оқушысы Оксана Ткаченконың және Ақсуат орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әсел Амангелдиеваның шығармалары үшінші орынға лайық деп танылды.

Сондай-ақ Анна Момот (Долин орта мектебі), Ильяс Ғұсманов (№21 ЖББОМ), Кәрім Мұрзашев (№18 ЖББОМ), Нұрсұ лтан Салихов (Кирсанов негізгі мектебі) ынталандыру сыйлығына ие болды. 

Жеңімпаздарды құттықтаған «Жайық Пресс» ЖШС-нің бас директоры Жантас Сафуллин байқауға асқан белсенділікпен қатысқандары үшін оқушыларға алғысын жеткізіп, қаржылай сыйлық табыс етті.

“Расын айтсақ, біз бұл байқауға осынша көп адам қатысады деп күтпеген едік. Дәлірек айтсақ, байқауға облыс мектептерінен 154 оқушының шығармасы түсіп, тәжірибелі журналистерден құралған қазылар алқасы 11 қатысушының жұмысын таңдап алды. Отан қорғау жолындағы сұрапыл соғыста өшпес ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың ерлігін жас ұрпақтың дәріптеп, мақтан етуі қатты қуантады. Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңістің даңқын асыра түсуді, оқушылардың бойында отансүйгіштікті қалыптастыруды мақсат тұтқан байқау өз міндетін орындады деп ойлаймын. 

Жеңімпаз өрендерімізге үлкен табыс, жарқын болашақ тілеймін”,- деп түйіндеді сөзін медиахолдинг басшысы.


www.zhaikpress.kz

Scroll to Top