Бейсенбі күні Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда 12 аудандық, қос облыстық газеттің басын біріктіретін «Жайық Пресс» медиамекеменің БАҚ қызметкер-лерінің күніне арналған салтанатты шарасы өтті.
Журналистердің төл мерекесіне облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, ардагер журналистер, барлық аудандық газет редакцияларының қызметкерлері және Астанадан ат арытып келген мәртебелі қонақтар қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен ардагерлер мен журналистерге мерекелік лебізін былайша жеткізді:
– Ардақты ардагерлер, журналистер қауымы кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздер кәсіби міндеттеріңізді абыроймен атқарып келесіздер. Бүгінгі журналистика саласында жаңа форматтағы өзгерістер енсе де, «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің тарихы елімізге мәлім. Өскелең ұрпақты, жас тілшілерді тәрбиелеуде журналистика ардагерлерінің үлесі зор. Қазақстандық қоғамды өркендетуге өзіндік үлес қосып жүрген барша батысқазақстандық журналистерді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың атынан кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – дей келе, Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің бас редакторы Махмет Қажиахметовке және Бөкей ордасы ауданының «Орда жұлдызы» газетінің бас редакторы Бауыржан Бисеновке су жаңа аутокөліктің кілттерін табыстады.
Келесі сөз тізгінін алған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин ұжымға тілегін жеткізді.
– Рамазан айы құтты, ниетіміз қабыл болсын, ағайын. Кәсіби мейрамдарыңызбен, әріптестер. Жалпы, шараның бұл ғимаратта өтуінде де терең мән бар. 1964-1984 жылдар аралығында осы ғимараттың үшінші қабатында облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің редакциясы орналасқан екен. Бұл ғимарат алдыңғы аға буынға құтты мекен болған. Сондықтан ата-әжелеріміз қызмет еткен қара шаңырақта отырмыз. Сондай-ақ биыл облыс әкімінің қаулысымен Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы» газеті «Жайық Пресс» ЖШС-ға біріктіріліп, филиал болып құрылды. Сондықтан бүгінгі шараға алғаш рет Бөрлі ауданынан да әріптестеріміз қатысып отыр. Қазақстанның ішінде Батыс Қазақстан облысының орны ерекше. Өйткені көп ұлтты Ресейдің бес губерниясымен шектеседі. Мұндай облыс үшін баспасөздің орны әрдайым айрықша. Бүгінгі таңда екі облыстық және 12 аудандық газеттер, «Жайық Пресс» сайты ақпараттық кеңістікте нәтижелі қызмет етіп келеді. Егер де қоғамымыз да, еліміз де ынтымақ, татулық болса, оған қосқан сүбелі еңбекте әріптестеріміздің қолтаңбалары бары анық. Тағы бір қуантарлығы, Ресейдегі, Қытайдағы қандастары-мыз сайттарымыз арқылы газетімізбен танысып отырғанын айтып, бізді бір марқайтып тастайды. Жаңа технология біздің газетімізге жаңа леп әкелді. Оқырмандарымыздың саны да арта түсті. Жаңа заман мен өткенді ұштастыра білген әріптестеріме алғысым зор. Біз ақпарат кеңістігінде ғана жетістіктерге жетіп жатқан жоқпыз, сондай-ақ баспасөз тарихына қатысты жұмыстар атқарудамыз. Осыдан үш жыл бұрын баспасөз тарихына терең мән беруді бастадық. Нәтижесінде алғаш рет 1911-1913 жылдары қазақтың ұлт зиялыларының ұйымдастыруымен, өңірімізде тұрақты шығып тұрған «Қазақстан» газетін елге әкеліп, арнайы жинақ етіп шығардық. Бұл кітапты облыс басшысы Нұрлан Ноғаев Елбасына табыстады. Көп ұзатпай «Қос газеттің тарихы» кітабын шығардық. Бұл жинаққа облыстық екі газеттің тарихына қатысты тұлғалар жөнінде деректер мен фотосуреттер енгіздік. 1917-1918 жылдары аралығында шыққан «Ұран» газетінің тігіндісін кітап етіп шығардық. «Қазақстан», «Ұран» газеттерінің Алматыда, Астанада таныстырылымдарын ұйымдастырдық. Газеттерді зерттеумен қатар «Қазақстан», «Ұран» газеттерінің бас редакторлары болған Ғабдолғазиз Мұсағалиев пен Елеусін Бұйринге көше атауын беріп, сол көшелердің басына билборд орнатып, көшет отырғыздық. Осындай баспасөз бастауында тұрған тұлғаларды насихаттап келеміз. Сондай-ақ 1918 жылы шыққан «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы» газеттері Ресейден елге әкелініп, араб әліпбиінен кириллицаға аударылды. Бүгінгі таңда кітап болып шығаруға дайын тұр. Облыстың қос газетінің 100 жылдық мерейтойын газетіміздің толық тігінділерін жасақтаумен қарсыламақ ойымыз бар. Қазір «Орал өңірі» газетінің 1917 жылдан бастап 1970 жылға дейінгі толық электрондық нұсқасын түзіп үлгердік. Жыл соңына дейін барлығын аяқтап, «Приуралье» және аудандық газеттердің электронды нұсқасын түсіреміз деген ойдамыз.
Біз ауқымды жұмыстарды мемлекеттің қолдауынсыз атқара алмайтынымыз анық. Өздеріңізге мәлім, кезінде облыс әкімінің қолдауымен «Жайық Преске» арнайы ғимарат, баспахана беріліп, материалдық-техникалық әлеуеті мүмкіндігінше нығайтылды. Ішкі саясат басқармасы арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге қомақты қаржы бөлініп, біздің тұрақты жұмыс жасауымыз үшін жағдай жасалды. Аудандық редакциялардың материалдық- техникалық мүмкіндігін арттыруға барынша жұмыстанудамыз. Мұндай шараны ұйымдастыру ынтымақ, бірлік болған жағдайда ғана жүзеге асады. «Жайық Пресс» ұжымы барлығы бірдей бір үйдің адамындай болып қызмет етуде. Ауызбіршілікті, татулықта қызмет етіп жүрген барша әріптестеріме алғысым зор, – деді штаттағы және штаттан тыс тілшілерді құттықтаған бас директор Жантас Набиоллаұлы.
Сондай-ақ кәсіби мереке қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, марқұм Бақтығұл Ойшыбаевтың туғанына 75 жыл толуына орай жазушының ұрпақтары қаламгерлерді, әсіресе, жастарды қолдау мақсатында проза жанрынан үздік шығармаларға республикалық жабық бәйге ұйымдастырған еді. Шығармаларды қорытындылауға Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, филология ғылымдарының кандидаты, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев және Бақтығұл Ойшыбаевтың ұлы Кемелбек Бақтығұлұлы, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин шығып, байқау туралы өз ойларын білдіріп, жүлдегерлерді марапаттады. Шарада Бақтығұл Ойшыбаевтың көзін көрген замандасы, ақын Ақұштап Бақтыгереева аналық алғысын жеткізді.
– Бүгін мен қаламгер қауымды журналистер күнімен құттықтаймын! Бүгінгі ақпарат құралдарында оқып жүрген сан алуан мақалалар, әрине, керек. Болашақта жүректі қуантатын, көзден жас шығаратын жақсылықтарды, мейірімді жазуға тілектеспін. Қасірет пен қайғыны аз жазып, қаламдарыңыз тек қана қуанышты жеткізулеріне тілекшімін. Қаламгер әрқашан халыққа қызмет ете беретіні анық. Осы шараның аясында Бақтығұл Ойшыбаевтың ұл-қызы елге келіп, жазушы-журналистің 75 жылдығын атап өтіп отыр екен. Бақтығұл өзіне бұйырған ғұмырда шындық үшін күрескеніне өзім куә болдым.
Ол соғыс басталғанда бес жасар бала болатын. Оның шындықты айтуына себепші болған Сырымның ізі қалған Алаш топырағы еді. Сол мекенде Алаштың бабалары бас кескенше күрессе, сол ауылдың ұлдары әділет үшін неге күреспеске?! Ендеше, соның бірі Бақтығұл Ойшыбаев болатын. Ол жетімдік, жоқтық көрген толқынның өкілі еді. Мен бес жас кіші болсам да, Алматыда қатар оқыдық. Ол кезде кеудесінде оты, қаламгерлік қабілет-қарымы барларды сұрыптап қабылдайтын қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқыды. Ұлтының арман-тілегін жан-жүрегімен ұғынатын, қасиетті сөздерді санасына сіңірген ұрпақтың өкілі еді Бақтығұл. Сонау шындықты айтуға болмайтын, қазақпын деп кеудемізді керуге болмайтын кезеңде Сайқұдықтан шыққан қазақтың қара баласы Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын!» деген дастан жазса, Бақтығұл Ойшыбаев секілді алаштың арлы азаматы ата-бабаларының өсиетін орындаған еді. Бақтығұл елді сағынса, маған келіп, ауылдың әңгімесін айтатын, сәлем бере Жұбан ағаның үйіне баратын. Осыдан отыз жыл бұрын Жұбан аға елге келгенде, Бақтығұл Жұбан аға мен София жеңгейді Жымпитыға шақырып, дастарқанынан дәм ұсынған еді. Сол кезде Жанна да, Кемелбек те кішкентай болатын. Әкелерімен әдеби кештерге бірге барып, бірге жүрдік. Ал енді мен ұл-қызын көріп, Бақтығұлдың арманы орындалғанына куә болдым. Айналайындар, Бақтығұлдың ұрпағы, бақытты болыңдар! Қаламгер ұрпағының саналы болғанынан артық әкеде бақыт болмайды. Сендер бір Бақтығұлдың байлығы емессіңдер, ұлттың, халықтың жоғын жоқтайтын перзентсіңдер. Әкелеріңнің көзін көрген ана, апа ретінде бақыт тілеймін! – деді Ақұштап ақын.
Проза жанрынан өткен байқау қорытындысы бойынша III орынды алматылық Нұрлан Құмар мен астаналық Артур Мағзом иеленсе, II орынды республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп еншіледі. Бас жүлдені Қытайда білім алып жүрген қазақ жігіті Есболат Айдабосынұлы, ал «Үздік блогер» аталымы бойынша бас жүлдені «Орал өңірі» газетінің бөлім меңгерушісі Нұрлыбек Рахманов жеңіп алды. Сондай-ақ «Орал өңірінің» бөлім меңгерушілері Тоқтар Кенжеғалиев пен Сәкен Әбілхалықов ҚР Ұлттық ұланының «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткені үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапатты ҚР Ұлттық ұланы Батыс өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы, майор Ерболат Сұлтанов табыс етті.
– Журналист қауымның мерекесі құтты болсын! Бәйге жарияланғанда, жүлдеге ие боламын деп ойлаған жоқпын. Байқаудың мәртебесін көтеріп, әріптестерімізді қолдайықшы деген ниетпен шағын әңгімемді жіберген едім. Сол дүнием алдыңғы орыннан көрінген екен. Жалпы мен Ойшыбаевтар әулетін қатты сыйлаймын. Он сегіз мың ғаламды Жаратқан Алла ғаламды алты күнде жаратса, ғаламнан бұрын қаламды жаратқан екен. Қазақ – қаламның құдіретін, сөздің құдіретін ұғынған халық. Бақтығұл ағамыз аудандық газетте көз майын тауысып, ұрпақтары жақсы заманды көрсін деп еңбек еткен еді. Перзенттерінің қайсысы болса да, әке жолын ардақтап келе жатқан азаматтар. Бүгін әкенің атын ардақтаудың әдемі шарасын ұйымдастырып отыр. Сөз майданы – жүйкеге, жүрекке зілмауыр салмақ түсіретін мылтықсыз майдан. Мереке құтты болсын, әріптестер! Елді өшіретін емес, өсіретін сөзді айта білейік, Тәуелсіздіктің жанашыры бола білейік! – деді жүлдегерлер атынан сөз алған республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.
Салтанатты шара үстінде қаламгердің ұлы, танымал журналист Кемелбек Ойшыбаев осынау сөз байқауын қолдағаны үшін «Жайық Пресс» ЖШС басшылығына ризашылығын білдірді.
Мереке қарсаңында «Жайық Пресс» ЖШС «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай «Жарқыра, Жайық!» атты фотобәйге ұйымдастырған еді. Бәйге қорытындысында Ерсін Ермұқанов, Арайлым Кесекова, Медет Досымов, Темірболат Тоқмамбетов секілді фототілшілер әр түрлі аталымдар бойынша марапатталды.
Мерекелік шара журналистердің өнерін паш етер концерттік бағдарламаға ұласты.
Гүлсезім БИЯШЕВА