Үш тілде ғылыми жинақ жарық көрмек

Жуырда өңірімізге Батыс Қазақстан облысы­ның эпиграфикалық ескерткіштерін зерттеу мақсатын­да 2015-2017 жылдар аралығын қамтитын «Қазақ халқының мә­дени ескерткіштері рухани мұ­раны сақтау мен жеткізудің жолы» атты ғылыми жобамен Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары келді.

Олар өз жұмыстарын Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының ма­ңындағы Мәулімберді қорымы, сондай-ақ оған жақын орналас­қан өзге де көне қорымдардағы ескерткіштермен танысудан бастады. Далалық экспедицияның ал­ғашқы күнінде бірқатар тарихи беделді тұлғалардың құлпытаста­рындағы араб қарпімен жазылған мәтіндер оқылды. Мәселен, арда­гер Әленғали Керейтегінің жол бастауымен барған, Қызылжар ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 3 шақырымдай қашықтықта орна­ласқан Қарақоға қорымынан Сәң­­кібай Түменбайұлының, оның бәй­бішесінің, сондай-ақ ел басқарған ұлы Өтебай Сәңкібай баласының, сол әулеттің өзге де жақын туыс­тарының құлпытастары табылды. Ким Ахметов құрастырған шежі­релік деректе Сәңкібай Түмен­бай­ұлы — Бөкей сұлтанның қолбасы, Қалқаман Тананың батыры деп көрсетіледі. Өңірге белгілі тарихшы-ғалым Жәнібек Исмурзиннің айтуынша, Өтебай Сәңкібайұлы ресми ел басқарушылық қызметке аты аңызға айналған атақты бай Есенгелді Жанмырзаұлының ор­ны­на тағайындалған. Ол туралы мұ­рағаттық құжаттар мол. Өтебай Сәңкібайұлының көрнекті құлпы­тасындағы араб қарпімен жазыл­ған мәтінде «Тана руының Қал­қаман тайфасы старшыны Өтебай Сәңкібайұғлы офат 71 жасында 1861 жылда бұны қойды ұлы Жал­мұханбет мырза» делінген. Құл­пытас бетінің жоғары жағында, яғни мәтін басында қазақ тіліндегі мағынасы «Өлім – кесе, әркім одан ішеді, қабір – қақпа, әркім одан кі­реді» дегенге саятын арабша жазу бар. Құлпытастың қабір бетіне де бірнеше жол бәйіт жазылған.

Ғалымдар өңірімізде 11 күн бо­йына зерттеу жұмыстарын жүргіз­бек. Зерттеуші топ мүшелері қата­рында Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мамандары — бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүмінов және ғылыми қызметкер, арабтанушы Бағдат Дүйсеновпен бірге өз өңірімізден аталмыш жоба бойынша ғылыми қызметкер, да­лалық экспедициялардың ұйым­дастырушысы Жантас Сафуллин, аға ғылыми қызметкер, тарих ғы­лымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, ғылыми қызметкер, «Dana.kaz» тарихи-танымдық жур­налының бас редакторы, белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы, кіші ғылыми қызметкер, өлкетану­шы Айболат Құрымбаев бар.

Зерттеу нәтижелері жаңа мә­де­­­ни ескерткіштерді ашуға, ха­лық­тың рухани мәдениетіндегі олар­дың маңызын негіздеуге, жаңа туристік маршруттар желісін же­тілдіруге өз көмегін береді деп күтілуде. Қазақ халқының дәс­түрлі мәдениетінің базалық формаларының бірі ретінде Қазақстанның мәдени ескерт­кіштерін картаға түсіру ісі жү­зеге асырылмақ. Жобаның негізгі нәтижесі – Батыс Қазақстан облысының эпиграфиялық ес­керткіштері бойынша үш тілде ғылыми жинақ басылымға дайындалмақ.

Қазіргі уақытта Әшірбек Мүмі­нов, Бағдат Дүйсенов және Қазбек Құттымұратұлы, Айболат Құрым­баев, Жәнібек Құттымұратұлы Мәу­лімберді, Қарақоға қорымдарындағы құлпытастарды сурет­ке түсіріп, өлшемдерін алып, карта­сын жасап, араб әліпбиінен ки­риллицаға аудару жұмыстарымен айналысуда.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

Scroll to Top