Құлпытастар – әлем өркениетінің бір бөлігі

Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының «Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіш­тері» жобасы бойынша облысымызға экспедициямен келген ғалымдар – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Мүмінов және Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, арабтанушы Бағдат Дүйсенов “Жайық Пресс” ЖШС мәжілісінің залында тілшілерге сұхбат берді.

– 2015-2017 жылдарға арналған бағ­дар­лама шеңберінде осы өлкеге келіп отыр­мыз. Биыл басталған бұл жоба ҚР Білім жә­не ғылым министрлігі тапсырысымен қол­ға алынды. Жоба жетекшісі – тарих ғы­лым­дарының кандидаты, арабтанушы Айтжан Нұрманова. Жоба бойынша жұмыстанатын топтағы алты адам Алматыдағы ғалымдар болса, төрт адам жергілікті мамандар. Олар – «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, осы саланы көп жылдардан зерттеп келе жатқан жур­налист, «DANAkaz» журналының бас ре­дакторы Қазбек Құттымұратұлы, тарих магистрі, өлкетанушы Айболат Құрымбаев.

Осы сапарымызда екі нысанда болдық. Біріншісі – Ақжайық ауданы Базартөбе ауы­лының маңындағы Мәулімберді қорымы. Бұл жерді кешен десек те болады. Онда үш қорым бар. Бес күн жұмысымызда өте құн­ды деректерге кезіктік. Суретке түсіріп, тех­­никалық сипаттамасын жазып, мәтінін тердік. Үлкен кітап болатын материал жинал­ды. Нысанның маңыздылығы – осы өлке­де­гі үлкен ғылым-білім орталығы Мәулім­бер­ді кешені – медресе мен мешіт болған­ды­ғы. Бұл бұрын-соңды әлемге белгісіз бол­ған орын есептеледі. Ол жерге жерленген ғалымдардың дәрежесі өте биік екенін көрдік: шейх, хазірет, дамолла, ахун, атақ­ты ғалымдар. Үш некропольдан болған жазуларды жинадық. Олар бір-біріне байланысты, үлкен династия.

Екінші зерттелген нысан – Теректі ау­данының Шағатай ауылдық округіне қа­расты Қы­зылжар елді мекенінің жанын­дағы «Хан зираты» қорымы. Мұнда 1805-1809 жылдары Кіші жүзге хан болған Жан­төре Айшуақұлы жерленген. Сондай-ақ хан­дық билікпен байланысты болған қазақ элитасының осы жерде жерленгеніне көз жеткіздік. Жай адамдар емес, қоғамда үлкен орны болған азаматтар, қайраткерлер. Олардың көпші­лігінің есімі тарихымызда айтылмай келді. Көбінесе хандар мен әс­кер­басыларға назар аударылады да, қоғам­ның орта қата­ры – билер, батырлар, қайрат­керлерге көп мән берілмей қалады. Биыл­ғы Қазақ хан­дығының 550 жылдығы той­лануда. Осыған дейін қазақ хандарының эпитафиялары жа­рияланбаған екен, — дей­ді тарих ғылым­да­рының докторы, про­фессор Әшірбек Мүмі­нов. – Осыған дейін біз ешбір жердегі де­рек­көзімен кешенді таныспай, тарихи тұл­ғаның төңірегінде болған әңгімелермен сөйлеп келгенбіз. Сондықтан жаңа концепция жасаудамыз. Кеңес кезеңінде жазыл­ған тарих басқаша да, ел ішіндегі деректер басқаша сурет сызып береді. Бұл жайтты біз ғылым үшін үлкен оқиға деп есептеп, жаңа жобалар бастап жатырмыз. 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде шет елдердің кітапхана, музей, архивтерінен көптеген деректер әкелінді. Олар бойынша көптеген еңбектер жазыл­ды. Біз ел ішінде де зерттелмеген құнды деректер көптігін біле бермейміз. Осы жоба былтыр еліміз бойынша 4 мың жобадан І орынды иеленді. Бізге артылған үл­кен сенімді ақтауға тырысып бағудамыз.

Шетелден «Мәдени мұра» арқылы алып келген деректерімізді ғалымдар бі­ле­ді, ал біздегі деректерден хабары жоқ

Бұл жобалардың халықаралық мәні ерек­ше. Ғалымдардың айтуынша, бұған дейін әлем ғылымына Қазақстандағы эпиграфи­калық ескерткіш мәлім етіліп, олар жөнін­де ауқымды еңбектер жазылған емес. Осы уақытқа дейін Араб елдері, Иран, Үндістан, Түркия сияқты үлкен мемлекеттердің осындай ескерткіштері әлемдік ғылымға белгілі. Әлем ғылымы ислам өр­кениетін көптен зерттеп келеді, бірақ ой-пікірі шектелген, толық емес. Ол Қазақ­стан­дағы, соның ішін­де осы жердегі жәдігер­лер есебінен то­лықтырылуы қажет. Шетелден «Мәдени мұра» арқылы алып келген деректерімізді ғалымдар бі­ле­ді, ал біздегі деректерден хабары жоқ. Сон­дықтан осы ескерткіштерді жариялау ар­қылы Қазақстан ғылымы өзін әлемге тағы бір әйгілейді, ғылымдағы бәсекеге алып кіреді деп сенеміз.

– Ендігі жоспарымыз – осы жиналған де­ректермен күз бойы камералық өңдеу жұ­мыстарын атқарамыз. Эпитафиялардың жа­зылуын сурет арқылы алыста отырып оқу қиын. Ойылып жазылған ол жазуларды бар­мақпен сипап отырып оқылады. Сол жерден мұқият қағазға түсірілді. Сондай-ақ сол аймақтағы ел-жұрттан тұлғаларға қатысты деректер де жиналды. Топ құрамындағы он адам­ның әрқайсысы өз міндетін жақсы біледі, өз саласы бойынша тиянақты жұ­мыс­қа талап бар. Жыл соңына дейін кітап қылып, басылымға береміз. Әр жыл сайын қоры­тынды ретінде бір жинақтан шығару жобада бар. Ең алдыңғы кезекте – Мәу­лімберді кешені, Жантөре хан қорымы мен Ордадағы хан зираты, — дейді ғалым Әшір­бек Мүмі­нов. Жинақ әлемдік ғылыми ай­налымға тү­суі үшін орыс, ағылшын тілінде де жарық көрмек.

Жантөре хан қорымындағы тұлғалар тарихқа қосылады

Зерттеу тобының екінші нысаны – Жан­төре хан зираты. Бұған дейін ғылымға бел­гісіз боп келген бұл жерді ғалымдарға өл­кетанушыларымыз көрсеткен. Үш күндік жұ­­мыс жүргізілді. 141 ескерткіш тас саналды. Ғалымдар барлығының қазақ элитасы болып шыққанына таңданыс білдіруде. «Бұ­ған дейін хан-сұлтандарды көп естігенімізбен, мұнда билер, батырлар, байлар, ахун, мударистер, абыздар, мырзалар, сопылар, правитель, старшындардың аттары сақтал­ған. Бір жерде соншама тұлға жатыр. Тари­хи материалдың бәрі осында. Ерекше ай­мақ екен» дейді Әшірбек Құрбанұлы.

Эпитафиялар топонимдердің тарихи атау­ларын қайтаруға да көмектеседі. Тарихи география үшін мұндай эпитафиялардың маңызы өте зор.

– Ескерткіштердің көміліп қалған жерле­рінде о бастағы боялған түстері сақталған. Тұрғындардан сұрағанымызда, «аталарымыз құлпытастардың көк, қызыл, жасыл бояулармен тұрғанын айтатын еді» дейді. Қазір жуылып-шайылып, ағарып қалған. Кейбір құлпытастарды бояуының жұрнағы­на қарап сол түстерге бояп көрдік, — дейді арабтанушы Бағдат Дүйсенов.

Бөкейліктегі Хан зираты  толыққанды зерделенбек

Бөкей хандығы эпитафияларына да аса мән берілмей келген болатын. «Қазақ­стан­ның Еуропалық бөлігіне көп мән беруіміз керек. Онда көп рәміз бар. Бұл хандық тарихы туралы ағылшын, орыс тіліндегі материалдар өте қарапайым жазылған. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында өзіндік орны бар тарихты терең зерттеу керек. Ал материалдар жеткілікті. Көп тарихшылар кирилл жазуындағы деректермен айналысты да, араб жазуындағы ақпарлар көп зерттелмей қалды. Оның үстіне қайта-қайта жазылатын, түрліше басылатын дерек емес, бір рет қана қашалатын эпиграфиялық жазулар – сенімді дерек көзі» дейді Әшірбек Мүмінов.

Бөкей ордасында шамамен 130-дай ес­керткіш бар. Оған ғалымдар алдағы жылы арнайы келмек. Ол жердегі ескерткіштерді бір-бірлеп зерттелмей, кешенді зерттеу жұмыстары өткізіледі. Барлық тас нөмір­леніп, картасы жасалады. «Әр құлпытас құжатталуы тиіс. Ескерткішті сақтау инспекциясына тіркеуден өткіземіз. Сонда зерттеуіміз заңды негізге ие болады. Сондай-ақ тастардың, материалдың геологиялық сипаттамасы, қай жерден әкелінді, олармен шеберлер қалай жұмыс істеді, қандай құралдар мен әдістер арқылы ойылды – бәрі зерттелмек. Құлпытастағы тексттің өзі­не филологиялық сараптама жасалады» дейді ғалымдар.

«Ескерткіштердегі ру таңбалары да ерекше зерттеу нысаны. Құлпытастағы бұл таңбалар рулардың жер шекараларын белгілесе, бүгінде көрші елдердің жерінде қалған ескерткіштер бір кездердегі тарихи шекарамызды көрсетеді. Бұл тек тарихшылар емес, барлығына қызықты тақырып. Хандар эпитафиялары бұған де­йін жарияланбауымен құнды. Олардың мұнда араб әрпімен мұсылманша аттары жазулы тұр. Екіншіден, өңірдегі бұл құлпытастардың оқылуы арқылы батыр, би, байлардың тізімі кеңейеді. Қазақ меценаттары Кеңес кезінде айтылмай, жоқ­қа шығарылды. Дамыған қоғам құрамыз десек, тарихымыздағы олардың орнын да жоққа шығармауымыз қажет. Бұл деректер біздің жұмысымыз арқылы басқа зерттеушілерге қолжетімді болмақ» дей­ді зерттеу тобындағы ғалымдар.

Жергілікті эпиграфика мамандары қалыптасып келеді

Әшірбек Мүмінов БҚО-да ғылымның бұл саласымен айналысатын жергілікті мамандар қалыптасып келе жатырғанын қуанышпен жеткізді. Әсіресе, осы өлке­нің құлпытастарына ғалымдардың назарын аударған, өзі де осы саланы дендеп зерттеп жүрген Қазбек Құттымұратұлы­ның есімін ерекше құрметпен атап, алғысын айтты.

Сондай-ақ ғалымдар зерттелген қо­рым­дар орналасқан ауылдардың тұрғында­рына, ұйымдастыру жұмыстарына кө­мек­тескен сол ауылдардың билігіне көр­сет­кен құрметтері үшін алғыстарын жет­кіз­ді. Өлкетанушы Әленғали Кереев, Базартөбе ауылының әкімі Амантай Сә­лімов, Ақжайық аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының қо­сымша білім педагогы Жәнібек Әбіл­пейісов, Шағатай ауылының әкімі Рүстем Мүтиев, Қызылжар мектебінің директоры Жақсығали Тайшыбаев және Теректі аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының қосымша білім педагогы Берік Каюповың есімін атап, рақмет айтты.

Әр кәсіптің сыры көп, бұл салаға ма­манданған адамдардың жұмысында өзін­дік қиындықтары бар. Бұл салада Франция мектебі үздік. Ғалымның айтуынша, бұл салаға маманданған ТМД елдерінің ғалымдарын Алматыға жинап, бір-екі апталық жазғы-қысқы мектеп өткізу жоспарда бар екен. Жергілікті мамандар­дың бұл сала бойынша білімдерін же­тілдіріп, келешекте олардың дербес жұ­мыстана беруіне жағдай жасау да көз­делуде.

Эпиграфиялық ескерткіштердің жойылу қаупі бар. Себебі оларға атмосфера­ның әсерімен қатар техникалық та нұқ­сан келіп жатады. Қорғауға алынбаған, қоршалмағандары мал жайылыстарында тұр. Сол себепті жыл сайын азайып, сақталғанының өзі оқылмайтын күйге же­туде. Олармен тезірек жұмыстану – біз­дің ғалымдардың әлем мәдениетінің алдын­дағы міндеті. Ал біздің қоғамның міндеті – ата-бабасының мәңгілік меке­ніндегі басына тұрғызылған түпнұсқа дерек – ескерткіштерді барынша сақтау.

Эпитафия (грек. epіtaphіos – қабір үстіндегі) – құлпытасқа жазылған жазу. Эпиграфика – қатты материалдарға (тас, металл, қыш, т.б.) жазылған жазуларды зерттейтін тарихи қосымша пән.

Нұрлыбек РАХМАНОВ

Scroll to Top