Облыстық қазақ драма театрында танымал журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Ердім бір сиқыр қаламға…» атты шығармашылық кеші өтті.
Әнмен өрілген әдеби, рухани кешке оқырмандар көптеп жиналды. Кеш басында қаламгер өмірінен сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Шығармашылық кешке арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев, қала әкімі Алтай Көлгінов қарымды қаламгерді мерейлі жасымен құттықтады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтаухатын табыстаған Нариман Төреғалиев мерейлі тойдың Қазақстан Журналистер одағының құрылғанына 56 жыл толуымен тұспа-тұс келгендігін атап өтіп, қаламгер еңбегіне сәттілік тіледі. Ал алыс-жақын өңірлерден келген қонақтардың басын қосқан әсерлі кеште өз тілегін жолдаған Алтай Көлгінов мерейтой иесін қоғам қайраткері ретінде жақсы білетінін, құрмет тұтатынын атап өтті.
– Қазіргідей жаһандану заманында еліміздің тарихы, ұлтымыздың құндылығы, көпұлтты мемлекетіміздің жеткен жетістіктері, егемендігіміздің нығаю мәселелерін әрқашан көтеріп жүресіз. Ол біз үшін абырой. Бүгін ғана теледидардан Астанада өткен инновациялық форумда «Орал өңірі» газетінің бас жүлдені жеңіп алғанын көрдім. Ендеше, мен сізді бүгінгідей мерейлі шарамен тұспа-тұс келген, өзіңіз тізгінін ұстаған газетіңіздің жеңісімен құттықтаймын, — деген Алтай Сейдірұлы мерейтой иесіне шаһарымыздың көрнекті жерлері бейнеленген естелік сыйлықты табыс етті. Кеште сөз алған ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева қаламдас інісіне: «Өзің бала жастан ерген сиқыр қаламың биіктерге жетелей берсін» деген ақ тілегін арнады.
– Бүгін қалам ұстайтындар, қаламды жақсы көретіндер, газет оқитындар жиналып, әдемі кеш өткізіп жатырмыз. Бауыржан екеуміздің ауылымыздың арасы 50 шақырым. Сонау ауылдағы төрт класс қана бітірген механизатордың баласының ауылда жүре бермей, ой ойлап, арман қуып, Алматыға барып, ғажайып журналистер дайындайтын оқу орнын бітіруінің өзі — бүгінгі ауыл баласына, ертеңгі ауыл баласына үлгі боларлық нәрсе. Биылғы жыл Бауыржан үшін сәтті жыл болды. Бүгін ол басқарған газет те республикалық басылымдардың ішінен оза шауып, бас бәйгені алғаны жөнінде сүйінші хабарды естіп жатырмыз. Бұл жерде редактордың да еңбегі бар. Бауыржан биыл төріне құда отырғызып, өзі құда атанды. Сонымен қатар дәл биылғы жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өтті, — деген ақын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау жеделхаты мен Қазақстан Жазушылар одағының куәлігін Бауыржан Файзоллаұлына табыс етті. Осындай куәлік ақын, тележурналист Мұнайдар Болмадаға да тапсырылды. Сондай-ақ осы кеште оқырмандар балалар тақырыбына қалам тербеп, қоғамдағы болып жатқан іргелі, ірі мәселелерді де қозғап жүрген журналистің ән шығаратын, өлең жазатын жаңа қырымен танысты. Кеште қаламгердің туған ауылына арнаған «Менің Қызылжарым» атты өлеңі халық әнінің мақамымен Дастан Есентеміровтың орындауында жұртшылық жүрегіне жетсе, әні мен сөзін кеш иесінің өзі жазған «Жан самалы», Тұманбай Молдағалиевтің «Күтпеген кездесу» өлеңіне жазылған әдемі ән де көрермен көңілінен шықты.
Балалар жазушысы және публицист ретінде танылған Бауыржан Ғұбайдулиннің күні бүгінге дейін «Күн бала», «Жиһанкез Ақ-кербез», «Жаныма жақын жағалау» атты кітаптары жарық көрді. Сонымен бірге қаламгердің біраз шығармалары «Ақ желкен», «Балбөбекке бәсіре», «Қолтаңба», «Жыл он-екі ай» секілді ұжымдық жинақтарға енген. Әсерге толы кеште қаламгердің кенже қызы, №1 орта мектептің 2-сыныбының үздік оқушысы Ақкербез Файзолла мен оның сыныптастары жатқа оқыған «Ботақан мен Балақан», «Ана әлдиі» және «Сыйлық» шығармалары жұртшылыққа жылы әсер етті. Сахнаға көтеріліп, шәкіртіне жыр жолдарын арнаған ұстазы Сәру Сабырқызының құттықтауы да кештің өн бойын шырайландыра түсті. Алатаудың баурайында абитуриент кезінде танысып, әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық мемлекеттік университетінде білім алып, бірге туған бауырдай болып кеткен достары – Астанадан келген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Ғабит Мүсіреп, Алматы қаласынан жеткен «Өмір-ай» газетінің меншік иесі, ақын, журналист Бақытжан Қосбармақов, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл, Атырау облысы Қызылқоға аудандық газеті бас редакторының орынбасары, ҚР мәдениет қайраткері Аяпберген Салықовтар арнайы келіп, қағытпа қалжың, әдемі әзілдерімен көрермен көңілін көтерді. «Басыңызға бақ қонған азаматсыз» деп сөзін саптаған «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин әріптесіміздің кешін өткізуге үлес қосқан мәдениет саласының қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді.
– Шығармашылықпен айналысатын адамға аптасына үш рет шығатын газетте қызмет жасау өте қиын. Газет конвейер сияқты. Үлкен ізденісті қажет етеді. Сондықтан шығармашылықты ысырып қоюға тура келеді. Ер-азаматтың ел алдында осылай жарқырап жүруіне жағдай жасап, ұл-қыздарының ибалы, парасатты болып өсуіне ықпал етіп, отбасын ұйытып отырған үйдегі жеңгеміздің де еңбегі зор. Сіздің бағындырған биіктеріңіз бен жеткен жетістіктеріңіз біздің көз алдымызда. Сондықтан сізге тек табыс пен сәттілік тілейміз — деген Жантас Набиоллаұлы «Жайық Пресс» ұжымы атынан сый-сияпат табыс етті. Бұл күні қарымды қаламгерді мерейлі жасымен құттықтап келгендер көп болды. Солардың бірі доғарыстағы әділет генерал-майоры, ҚР Парламенті Сенатының 2002-2008 жылдардағы депутаты Қабдығали Ахметов Бауыржан Файзоллаұлымен әріптес болғандығын айтып, мерейтой иесінің елімізде заңдылықтың үстемдік құруына қосқан үлесін атап өтті.
Бауыржан Ғұбайдуллин бұдан бұрын «Ақ желкен», «Зерде», «Халық Кеңесі», «Алтын Орда», «Айқын» сынды республикалық газет-журналдарда қызмет жасаған. Қаламгердің прозалық шығармаларына белгілі сөз зергерлері Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Есенғали Раушанов, Ақұштап Бақтыгереева, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабековтер жоғары баға берген. Журналистика саласындағы жылдар бойғы жемісті еңбегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша үш медальмен, Елбасының Алғысхатымен және «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының Құрмет грамотасымен, сондай-ақ жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені жүйелі жүргізгендігі үшін ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Ішкі әскерлердің және Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің медалімен марапатталған.
Өңірімізге танымал мәдениет саласының үздіктері өнер көрсеткен шуақты кеш көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Әсіресе, әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университеті журналистика факультетінің төртінші курс студенті, бірнеше халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпаз-жүлдегері, дарынды жас ақын Алпамыс Файзолланың әкесіне арнаған өлеңіне көрермен ықыласпен қол соқты. Кеш соңында сахнаға көтерілген Бауыржан Файзоллаұлы өзіне ақ тілегін арнаған жұртшылыққа алғыс білдірді.
– Құдіретті күшті Алла тағала он сегіз мың ғаламды жаратпас бұрын, әуелі қаламды жаратты деген сөз бар. Өз басым осы ұй-ғарым ақиқат деп есептеймін. Өйткені бірде сахабалары келіп Мұхаммед пайғамбардан: «Сізден кейін жердің үсті мен аспан аясында тағы да пайғамбар дүниеге келуі мүмкін бе?» деп сұрағанда, ол: «Жоқ, мен соңғы пайғамбармын. Менен кейін тек шайырлар дүниеге келеді» деп жауап берген екен. Шайырлар дегеніміз – ақын-жазушылар, ұлы әдебиет әлемінің өкілдері. Жалпы, қаламгерліктің, ақын-жазушылықтың жүгі ауыр. Менің түсінігімде, әлемді әдебиет құтқарады. Менің ұғымымда асқақ гуманизмге толы әдебиетсіз ізгі қоғам, нұрлы өмір қалыптастыру мүмкін емес. Олай болса, осы жолдағы қаламгерлердің жанкешті еңбегі жемісті болсын. Осы бағытта халық та, билік те бізбен бірге болсын! – деген қаламгер кешке жиналған ардагер қариялардың құрметіне белгілі ақын Сағи Жиенбаевтың «Ауыл қарттары» өлеңін оқып берді. Осы өлеңдегі:
Ердім бір сиқыр қаламға,
Шығардым белге жыр көшін.
Болғам жоқ алаң, даламда,
Әулие қарттар жүргесін — деген жыр жолдары әдебиет айдынында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қарымды қаламгердің өзіне берген ішкі есебіндей көрінді.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ